МИБ-ті онлайн тіркеу енді оңай
23-04-2023
«ДәмДәсTour» жәрмеңкесінде былайғы жұрт біле бермейтін қазақтың дәстүрлі ұлттық тағамдары ас мәзірінің сәнін келтірді. Олардың арасынан өрметөс, белқабырға, тайқуырдақ, жылқықабырға, хантабақ, жаужүрек, балбауыр, мишұжық, бұжы, ұлтабар, қарынқоржын, жамбас көбе секілді тағамдарды атап өтуге болады.
Мәселен, жаужүрек ыстық тіскебасары ертеде ер азаматтарға аңға шығар кезде берілген. Жылқықабырға құрт қосылған дәмді тағам. Белқабырға дегеніміз кәдімгі қазақша стейк. Қарынқоржын үлкен астаумен көп кісіге тартылатын ас.
Шымкенттің асханасын ерекшелейтін тағамдарының ішінде самсасы мен кәуәбі және палауынан бөлек, тәттілері де осы күні брендтер қатарына қосылды. Сондықтан тәттілер әзірлейтін «Мадлен» фирмасының өнімдерін осы тізімнің ішінде бөле-жара атауға болады. 1997 жылы кофеге арналған десерттер дайындайтын шағын дәмханадан басталған бизнес бүгінде кондитерлік өнімдердің алып индустриясына айналды. Мыңға жуық адам қызмет ететін, қаладағы нөмірі бірінші кондитерлік дүкендер желісі саналатын «Мадлен» компаниясы шаһардың гастрономиялық туризмін өрге сүйреген қара нары деуге болады. Біз жәрмеңкеде өз өнімдерін жарнамалаған елуге тарта дәмханалардың екеуін ғана таныстырдық. Бұдан бөлек қала тұрғындары мен қонақтарына күн сайын тәтті тағамдарын әзірлеп, сапалы қызметін аямай көрсетіп отырған қаншама өз атын шығарып үлгерген кафе, ресторандар бар.
Фестиваль барысында қатысушылар тек өнімдерін ұсынып қана қоймай, байқауда да бақтарын сынап көрді. «Наурыз көже», «Кәуап», «Палау» және «Самса» номинациялары бойынша үздіктер анықталды. Ал қазылық жасап, әділ төресін айтқан сарапшылар тарапында республикалық қонақүйлер мен ресторандар қауымдастығының басшылығы болды.
Айтқандай жәрмеңкеде келушілерге «Шымкент шәйі» таратылды. Бұл енді фестивальдің жыл сайынғы дәстүрі. Бұған дейін «Ташкент шәйі» деген атаумен белгілі болған бұл сусын осы күні мегаполистің есімін иеленді. Өйткені шәйдің шыққан жері Шымкент. Бір қызығы Ташкент жұрты бұл шәйден тіпті бейхабар. Басында Ташкент болып аталғандықтан жұрт арасында солай тарап кеткені рас. Енді осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында туризм , сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасы әділдік жолында жұмыс істеп шәйдің атауын өз иесіне қайтарып жатыр.