Төлебиде туризм қанат жайып келеді

Oinet.kz 18-09-2022 446

Screenshot_3.png

Төле би ауданы – Түркістан өңірінің әлеуеттік дамуы жоғары аудандардың бірі.  Тұмса табиғатымен ерекшеленетін,  тау етегіне жайғасқан аймақ ауыл шаруашылығы және туризмге өте қолайлы. 

Төлеби ауданының экономикасы мен тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бірден бір себеп бизнес болса,  оның  тұрақты көзі болатын саланың бірі – балық шаруашылығы. Ауданның климаттық жағдайы мен су қоры жеткілікті болуына байланысты шаруашылықтың бұл түріне ден қойғандар саны артып келеді.  

Соның бірі, Көксәйек ауылдық округіндегі «Сақ» демалыс аймағы 3 га аумақты алып жатыр. Аймақ балық шаруашылығын қолға алып, бұл мақсатта карп, форель тұқымдасты балық өсіруде. Шаруашылықта 4 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, 100 мың көлемінде орта жалақы табыс табуда. Бүгінгі күні аудан аумағында балық өсіру мен оны  аулауды қарқынды дамытуға қолайлы жағдайлар бар. Тауарлы балықты өсіру және өсімін молайтушылар үшін мемлекет тарапынан субсидия бөлініп, жеңілетілген несиелер берілуде. 

«Сақ» демалыс аймағы 3 бассейнде 10 мыңнан астам балық өсіруде.  Аймаққа келіп дем алушылар өздері  балық аулап, одан ас дайындауына мүмкіндіктер қарастырылған. Сондықтан болар, тұтынушылар өздері аулаған балықтарын қуырып жеп, табиғат аясында тынығу үшін арнайы келеді. Демалыс орталығында киіз үй, сақ моншасы да  қызмет көрсетеді. 

Жалпы Тянь-Шань тауының сілемдерінде созылып жатқан Төлеби ауданы – Түркістан облысының туризм саласындағы мақтанышы десек қателеспеген болар едік. Тау бөктерінде орналасқан аудан аумағынан Ақсу, Сайрамсу, Бадам өзендері ағып өтеді.  Өгем шатқалының сұлу табиғаты да талайларды таңқалдырып келеді. Оның қойнауында алты табиғи ескерткіш барын да атап өту керек. Табиғаттың берген осынау ырзығын пайдаланып, аудан  имиджін туризм саласы арқылы қалыптастырылуда. Туризм саласында бүгінгі таңда 76 нысан жұмыс жасауда. Оның ішінде 1 шаңғы база, 4 емдік сауықтыру орындары, 71 демалыс аймақтары жұмыс атқаруда оның ішінде 64 саяжайлар келушілерге қызмет көрсетуде.   2022 жылдың 8 айында 29  174 демалушылар келіп 586 млн теңгеге қызмет көрсетілді. 

Ауданда туризм саласына тартылған инвестиция көлемі де артып келеді. Атап айтар болсақ, Қасқасу ауылдық округіндегі құны 187 миллион теңгені құрайтын «Top resort» демалыс орны былтыр мамыр айында іске қосылды. Кешен тәулігіне 50 адамды қабылдайды.  Сонымен қатар, «Alma-Tau» тау курортында салынып жатқан қонақ үй және спорт кешенін атап өткеніміз жөн. Жобаның жалпы құны 2 миллиард 650 миллион теңгеге бағаланып отыр.  Бірінші Мамыр елді мекенінде «Ауыл-Ел бесігі» жобасының аясында спорттық – сауықтыру кешені және футбол алаңшасының құрылысына 608 миллион теңге  қарастырылған. Кешен биыл ел игілігіне беріледі деп күтілуде. Сонымен қатар Бірінші Мамыр ауыл округінде орналасқан «Шипабұлақ» демалыс орнын кеңейтуге -100 миллион тенге қаржы қарастырылған.  

Өңірдегі туризмді дамытудағы негізгі жобалардың бірі - Қасқасу ауылының Сарыбұлақ шатқалындағы Ақмойнақ тауының бөктерінде «Қасқасу» туристік рекреациялық кешенінің инженерлік-коммуникациялық жүйелерінің құрылысын жүргізуге 1,7 миллиард теңге жұмсау көзделген.  Кешен іске қосылған уақытта қоңыр күзден көктемнің ортасына дейін шаңғы тебуге мүмкіндік тумақ. Жазда тау баурайындағы демалыс аймақтары туристерге қызмет көрсетеді. Демек, Қасқасуда жылдың барлық мезгілінде демалуға мүмкіндік ашылады.

Төле би ауданы жоғарыда атап өткеніміздей ауыл шаруашылығы, соның ішінде мал шаруашылығы үшін өте қолайлы аймақ. Сондықтан өлкемізде төрт түліктің төресі  - жылқы баптаумен айналысатын шаруалар көп. Ал бұл өз кезегінде ауданда тағам туризмінің дамуына жол ашып отыр. Әсіресе таулы өлкенің бал татыған қымызы көпшіліктің сұранысына ие. Бұл бағытта да ауқымды істер атқарылды. Мәселен  Диханкөл елді мекенінде жеке кәсіпкер Э.Еспенбетова «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы мен «Кәсіпкерлік қырандары» жобасы арқылы қаржыландыру нәтижесінде саумалмен сауықтыру кешенін іске қосты. "Дихан Тау" саумалы сауықтыру орталығының  жоба құны 57 миллион теңгені құрады. Кешен бір мезгілде 25  отбасын қабылдай алады. Сондай-ақ Қоғалы ауылдық округіндегі құны 50 млн. теңгені құрайтын жеке кәсіпкер Н.Әбілдабековтің 23 төсек-орынды саумалмен емдеу орталығы 2021 жылдың шілде айында ашылып, бүгінде халыққа қызмет көрсетіп келеді.

Жалпы алғанда туризм саласына жылдың соңына дейін 3 миллиард 757 миллион теңге инвестиция тартылып, 25 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Алдағы жылдарда Төлеби ауданындағы туристік сала үлкен қарқынмен дамуы тиіс. Төлеби ауданына келуші туристердің санын алдағы 5 жыл көлемінде 36,7 мың адамнан 80,5 мың адамға жеткізу көзделген. Ол үшін жаңа туристік бағыттар әзірленіп, тиісті инфрақұрылымды дамыту қолға алынатын болады. Тауға баратын жолдарды абаттандыру, туристік бағыттар бойында қымыз өндіру нүктелерін көбейту секілді шаралар атқарылмақ. 2025 жылға қарай тарихи орындарға келушілер санын жылына 2 миллионға жеткізу жоспарланып отыр. Экологиялық туризм, жағажай, емдеу-сауықтыру және тау шаңғысы туризмін мейлінше дамытуға мән берілмек. Бұл саланы дамыту үшін мемлекеттен алғаш рет туристік нысан иелеріне субсидиялар бөлу жоспарлануда. Сондай-ақ, "Туристік қызмет туралы» Заңына сәйкес, аудан аумағына келіп тынығатын шетел азаматтарына жарна төлеу мөлшерлемесі бекітілді. Демек, қазынаға түсетін қаржы молая түспек.

Діни сауаттылық сананы сауықтырады
Төлебиде бірқатар инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу