Шымкент трансплантология орталығына айналды

Oinet.kz 12-09-2021 717

Screenshot_12.png 

Елімізде Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде денсаулық сақтау саласы жетілдіріліп, жаңадан аурухана мен емханалар салынды, заманауи жабдықтармен қамтылу көрсеткіші өсті, дәрігерлер шет елде тәжірибе алмасты. Соның ішінде отандық медицинаның қол жеткізген жетістіктерінің бірі – транспланталогия саласы қарқынды дамыды. Ал Шымкентте ағза алмастыру отасы алғаш рет 2013 жылы қолға алынды. Міне, содан бері, республикадағы маңызды үшінші қалада 172 бүйрек, 24 бауыр алмастыру отасы жасалды.

Шымкентте қалалық №1 клиникалық аурухананың базасында 2013 жылдан күні бүгінге дейін трансплантолог-дәрігерлер 172 бүйрек, 24 бауыр алмастыру отасын сәтті жасап, бүгін не ертең өмірмен қоштасады деген осыншама науқастың жанына араша түсті.

2012 жылы сол кездегі ОҚО денсаулық сақтау басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, 300-ден астам науқас «созылмалы бүйрек ауруларының соңғы стадиясы» диагнозымен бағдарламалық диализге тәуелді болған екен.

– Шымкентте трансплантологиялық орталықтың ашылуына тәуелсіздіктің екінші онжылдығында өңірде бүйрек жетіспеушілігі және бауыр циррозы дертіне шалдыққан науқастардың санының көбеюі себеп болды, - дейді Шымкент қалалық №1 клиникалық аурухананың бас дәрігері, трансплантолог Абылай Донбай.

Бүгінде шымкенттік трансплантолог мамандар республикада кәсібилігі жағынан алда келеді. Солардың бірі – Абылай Донбай. Ол Қазақстанда бауыр алмастыру отасын жасайтын санаулы маманның бірі. Алтын қолды хирург 600-ден аса науқасқа операция жасаған. Хирургия бағытына инновациялық технологияларды ендіріп, трансплантология саласын дамытуда. Өзі басқарып отырған ауруханадағы білікті мамандармен бірге Абылай Әбдіжаппарұлы 2019 жылы бауыр трансплантациясы отасын 5 сағат 48 минутта жасап, қазақстандық рекордты жаңартты.

Тәулік бойы жұмыс істейтін аурухана 520 төсек орынға есептелген. Бұдан басқа, шілде айынан бастап аурухана базасында 170 орынға арналған инфекциялық стационар ашылған. 

Бүгінде мұндағы қабылдау бөліміне күнделікті 350-ден аса науқас медициналық көмекке жүгінеді екен. Ал, күту залындағы науқастың туыстары камера арқылы қабылдау бөліміндегі науқастың жағдайын бақылай алады. 

Жалпы ауруханада хирургиялық, нейрохирургия, урология, отолорингология сынды 22 бөлімше мен  инсульт орталығы, КТ, МРТ және ангиогроф кабинеттері бар.

Бүгінгі таңда аурухана қызметкерлері 2019 жылдың II тоқсанында іске қосылған «DamuMed» ақпараттық жүйесімен жұмыс істеуде. Компьютерлер саны-299, планшеттер-10.



«Шаңырақ» бағдарламасына қатысушылар көп
Балалар қауіпсіздігі назарда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу