Өмірзақ Шөкеев 100 мыңнан астам тұрғынды құттықтады
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Сауран ауданының орталығы Шорнақ ауылында өткен жаңа ауданның құрылуына орай салтанатты шара қатысты. Жергілікті тұрғындармен кездесіп, Ұлыстың ұлы күні қарсаңында тарихы бастау алған игі іске атсалысқан барша азаматтарға алғыс айтты.
– Баршаңызды Сауран ауданының құрылуымен құттықтаймын! Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сауран ауданын құру туралы тарихи Жарлыққа қол қойды. Кезінде ірі сауда орталығы негізінде құрылып, Ақ орданың астанасы болған Сауран атауы өзінің тарихи мәртебесін қайта алды. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан, тарихы Түркістан ұғымымен біте қайнасып жатқан ортағасырлық Сауран қаласының атауын жаңа ауданға беру – Ұлыстың ұлы күні қарсаңындағы елді қуантқан ерекше оқиға деп білемін, – деді Өмірзақ Естайұлы.
Облыс әкімінің айтуынша, Шорнақ ауылы аудан орталығы ретінде дамиды. Жаңа ауданды құру арқылы аудан құрамына енетін елді мекендердегі мемлекеттік қызметтерді алу сапасын көтеруге жол ашылады. Әлеуметтік мәселелер оң шешімін тауып, жаңа жұмыс орындарының ашылуы секілді маңызды мәселелерге басымдылық беріледі. Ауыл шаруашылығы саласының қарқынды дамуына күш салынады.
Қолданыстағы заңдарға сәйкес, Мемлекет басшысының ауданды құру туралы Жарлығын орындау мақсатында әкімшілік құрылымын жасақтау үшін алдымен аудандық мәслихат құрылады. Тиісінше, мәслихат келісімімен, аудан әкімі тағайындалып, ауданды басқару жүйесі және бюджеті бекітіледі. Құқық қорғау органдары мен министрліктердің аудандық бөлімшелері өз қызметін бастайды.
Алдағы 1-2 жылдың көлемінде барлық әкімшілік, әлеуметтік нысандардың құрылысы бітіп, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Ал, әзірге бұл мемлекеттік органдар мен аудан әкімдігін қоса алғанда уақытша жекелеген нысандарды жалға алып, жұмысын жүргізеді.
– Құрметті аудан тұрғындары! Жаңа ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін облыс көлемінде барлық тиісті шаралар қабылданып, жұмыстар атқарылады. Осы тарихи кезеңнің басталуымен баршаңызды тағы да құттықтай отырып, жаңа ауданның әлеуетін арттыру жолында аянбай еңбек етуге шақырамын, – деді Ө.Шөкеев.
Жалпы аумағы 650 мың гектарды құрайтын жаңа ауданның орталығы – Шорнақ ауылы Түркістан қаласынан солтүстік-батысқа қарай 20 шақырым жерде орналасқан. Бүгінде мұнда 12 мың адам тіршілік етеді. Ал, Сауран ауданы тұрғындарының саны қазірдің өзінде 100 мыңнан асады.