Түркістан облысында 48 науқас асқазанын кішірейтіп емделді

Oinet.kz 11-03-2021 390

Screenshot_2.jpg

Түркістан облысының дәрігерлері семіздікке шалдыққан науқастарды асқазанын кішірейту арқылы дертінен арылту отасын жасады. Қоғамдық денсаулық басқармаының мәліметінше, Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында осындай 48 пациентке жасалған хирургиялық ем сәтті жүзеге асқан. Бүгінде өңірде семіздік диагнозымен екі мыңға жуық азамат тіршілік етеді.

Асқазанын кішірейткен науқас 15-80 кг-ға дейін салмақ жоғалтады. Алайда дәрігерлер бұл ота соңғы шара, деп түсіндірді. Басқа амалдар таусылған кезде ғана пышақтың астына жатудың мағынасы бар. Түркістан облыстық клиникалық аурухананың жоғары санатты хирург-дәрігері Жеңіс Серғазиннің айтуынша, салмақ жоғалту операцияларының бірнеше түрлері бар. Асқазанды кішірейту операциясы, яғни лапароскопиялық бариатрия пациент жасына, ағзасына байланысты жасалады.

– Семіздікке шалдыққан науқас бірден операцияға жіберілмейді. Бұл емдеудің қатаң көрсеткіштері болуы керек. Әдетте, алдымен  диета және дене шынықтырумен айналысу керек. Кейде психокоррекция қолданылады. Егер мұның бәрі көмектеспесе, онда хирургияға жүгінуге болады. Әдетте операция дене салмағының индексі 35-тен асатын науқастарға жасалады. Бұл көрсеткішті формула бойынша есептеуге болады, – дейді хирург.

Түркістандық дәрігерлер салмағы 135 кг келетін науқасқа ота жасады. 47 жастағы азамат семіздіктен басқа, артериялық гипертензияға шалдыққан. Қосымша шағымдары да көп. Дәрігерлердің айтуынша, отадан кейінгі он күн ішінде науқас 10 келі салтақ жоғалтып, өзін әлдеқайда жақсы сезінеді.

Отадан кейін оңалту шаралары кемінде үш күнге созылады. Сосын пациент дәрігер тағайындаған дәрумендер мен микроэлементтерді қабылдап, тағам сапасы туралы маман кеңесін ескеріп, тамақтану тәртібін сақтау тиіс.


Түркістан облысында 51 мектеп салынып жатыр
Түркістан облысының ауылдары сапалы ауызсумен толық қамтылады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу