Түлкібас: Қайырымды азамат 40 отбасыға ет таратып берді
Түлкібас ауданының тұрғыны, қайырымды азамат орталық мешітте ірі қара мал сойып, етін мұқтаж 40 отбасыға таратып берді.
Түркістан облысы Түлкібас ауданында қайырымдылар бас қосып, жаһан дертіне айналған індетке қарсы мал құрбандыққа шалды. Сол игі іс-шараның бірі тағы да орындалып, Түлкібас аудандық орталық мешітінде бұқа сойылды. Ал нәзір малдың еті жоқ-жітіктерге, қаріп-қасерлерге, жетім-жесірлерге, жалпы мұқтаж 40 отбасыға таратылды.
Сондай-ақ, ауданның бас имамы Мағаз Серік ел-жұрттың амандығы үшін дұға етті. Сондай-ақ, аталған ауданда үйінде жатып ем қабылдап жатқан науқастарға бақылау күшейтілген. «Бүгінде сырқаттанып жатқан науқастардың біршамасы үйлерінде ем қабылдап жатқаны белгілі. Осы ретте Түлкібас ауданында барлық ауылдық округ, кенттердің әкімдіктерінен жеңіл көлік пен жүргізуші бөлініп, сол аймаққа жауапты дәрігермен бірге науқастардың үйін жеке-жеке аралап ем домдарын жасауда», - делінген аудан әкімдігінің хабарламасында. Сонымен қатар, қазіргі таңда әр елді мекен бойынша сырқаттанып жатқан тұрғындардың тізімі жасақталып, аймақтық дәрігердің қатаң бақылауына алынған.