Редакторлардың редакторы
Жазушы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойына арналған «Көркемсөздің көшбасшысы, көсемсөздің қолбасшысы» атты халықаралық симпозиумда еліміздің және шетелдік қаламгерлер Ш.Мұртазаның өнегелі өмірінен сыр шертетін туындыларын көптеп ұсынды. Ал журналист Қали Сәрсенбай жазушының редакторлық қасиетін аша түсті.
«Намыс найзағайына» жазған алғысөзiнде «Егемен Қазақстан» PГ» АҚ басқарма төрағасы, танымал түрколог ғалым Дархан Қыдырәлi бауырымыз: «Бүгiнде Шерхан Мұртазаның редакторлардың редакторы деп аталуы өте әдiл баға деп ойлаймын», — дептi. Аса көрнектi жазушы Мархабат Байғұт көкемiз: «Ол – ұлт ұстазы. Ұлт ұстыны. Ондай жазушы сирек. Ондай журналист аз. Ондай газет редакторы, журнал басшысы жоқ. Ондай парламент депутаты болды ма? Әй, қайдам... Шерағаң өмiр бойы өрге жүзiп, ұлт мүддесi үшiн, қазақ қамы үшiн, Алаш абыройы жолында жан күйдiре жұмыс iстедi. Мұртазаның ұл-қызын тәрбиелеуге титтей де уақыты болмады. Шерағаң – ұлт тәрбиешiсi. Шығармалары да» («Қазақ әдебиетi, 15.09.2017.) деп жазды.
Айтылғанның бәрi айдай ақиқат. Ел аман болса талай тұлғалар өмiрге келер. Бiрақ олар Шерхан бола алмайды, Шерхан қайталанбайды. «Екi Кенен тумайды, Алатауға ексең де» деп Кенен атамыз айтпақшы, екi Шерхан тумайды. Өмiрдiң заңы солай. Тұлғаны уақыт туғызады. Бiрақ сол тұлғаның бәрi Шерағаңдардай елге тұтқа бола бермейдi. Егер Шерағаңның кiтаптарын барлық университет, барша жұрт жабылып оқитын болса, бiздiң Парламент том-том заңдар қабылдамас едi, тiптi болмаған күнде оның көлемi азаяр едi. Әлемдi руханият билегенде осылай болады. Егер Шерағаңның кiтаптарын, ой-толғаныстарын, көзқарастарын күй тiлiмен бедерлейтiн болсақ, алпыс екi тамырлы «Ақжелеңдi» де, тоғыз, тоқсан тараулы «Қосбасарларды» да содан табар едiңiз. Шындық туралы шертпелердi тыңдар едiңiз.
2002 жылы Таразда, Жуалыда Шерағаңның 80 жылдығы дүркiреп өттi. Сол тойдың алдында «Алматы ақшамына» мынадай бiр түйiр ой жазып едiк.
Той дүркiреп өтетiнiне еш күмәнiм жоқ. Алайда, сол тойдан түйер тағылымды айтсайшы. Менiң ойымша, бұдан былай Шерхан Мұртазаның туған күнiнде Бас редакторлардың республикалық кеңесi өтсе деймiн. Кезiнде «Шерхандарсыз шерiмiз тарқамайды» деп жазып едiк. Бұл Бас редакторлардың бiр шер тарқататын, ақылдасатын, кеңесетiн жиыны болып, дәстүрге айналса, қанеки? Өтетiн жерi Тараз қаласы болса.
«Редакторлардың редакторы» туралы айтылған осы идеяны Тараздағы Баласағұн Мәдениет сарайында өткен салтанатты жиында «Шерағаңның шекпенiнен шыққан» шәкiртiнiң бiрi, көрнектi жазушы, Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi Кәдiрбек Сегiзбайұлы өз сөзiнде жұртшылық есiне салды. Құлақ салатын пенде болса, сол ойымыз әлi де күшiнде деп ойлаймын.
Таяуда Алматыдағы «Самал» ықшамауданындағы Шерағаңның шаңырағына танымал журналистер Т.Сүйiнбай, Г.Сәдiрқызы, Т.Алдабергенқызымен көңiл сұрай бардық. Немерем Шерханға батасын берiп, маңдайынан иiскедi. Құлыным да атасын құшақтап сүйiп, арқасына шығып кеттi. Балажан батырдың жүзiнен мейiрiмге толы шуақ көрдiк.
Өмiрiңде естен кетпес, айрықша әсер қалдыратын сәттер болады ғой. Оның бiрi — Қадыр Мырза-Әлидiң Сырымның ескерткiшiнiң iргетасын сүйiп еңiреп жылағаны, ендi бiрi — Әбiш Кекiлбайдың ақбоз атты сүйiп тұрған суретi. Шерағаң болса, «Егемен Қазақстанның» кiтапханасы» сериясымен шыққан «Намыс найзағайы» атты кiтабын маңдайына басып, мұқабасын құшырлана сүйдi. Осы бiр қас-қағым сәтке абыздың бар ғұмыры сыйып кеткендей едi.
Дүние нұрланып бара жатты. Осы сәттiң куәсi болған бiз шексiз бақытты едiк,- дейді Қ.Сәрсенбай.