Түлкібас ауданында жаңа емхана пайдалануға берілді
Түлкібас ауданындағы Састөбе кентінде «Ауыл – Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында тәулігіне 75 адамға қызмет көрсетуге қауқарлы жаңа медициналық нысан ел игілігіне пайдалануға берілді. Әрине, бұл Састөбе кентінің тұрғындары үшін қуанышты күн.Көп жылдан бері кент тұрғындарының көкейінде жүрген өзекті мәселенің бірі емхана мәселесі шешімін тапты. Ауыл ақсақалдары мен аудан әкімі жаңа ғимараттың лентасын қиып болған соң, нысанды аралады.
Салтанатты шараға Түлкібас ауданының әкімі Нұрлан Байғұт және аудандық аурухананың бас дәрігері Жанат Тоғайбекова қатысып, жергілікті тұрғындардың қуанышымен бөлісті. «Елімізде мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың тікелей бастамасымен медицина саласына ерекше көңіл бөлініп келеді. Соның бір дәлелі бүгін міне ауданымызға қарасты Састөбе кентінде орын алып отыр. «Ауыл Ел-Бесігі» мемлкеттік бағдарламасы аясында тәулігіне 75 адамға медициналық қызмет көрсетуге қауқарлы жаңа медициналық нысан пайдалануға беріліп отыр»-деп, аудан басшысы кент тұрғындарын жаңа ғимараттарымен құттықтады.
Жалпы аумағы 1 гектар жерде орналасқан нысанның айналасы толығымен қоршалып, көгалдандырылған. Ғимаратының аумағы 940 шаршы метрді құрайды. Ішінде 20-дан астам заманауи жабдықтармен жабдықталған ем-дом көрсететін және емделушілер қаралатын бөлмесі бар. Бұл жерде отыздан астам ақ халатты абзал жан халыққа қызмет көрсетеді. Оның ішінде 5 учаскелік дәрігер бар, қалғаны – медбикелер.
Айта кетейік, «Ауыл – Ел бесігі» жобасының басты мақсаты – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, ауылдарды тұрақты дамыту. Жоба шеңберінде ауылдық елді мекендерде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту, ауыл халқының әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету және жалпы жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бойынша бірқатар міндеттерді шешу көзделген. 2025 жылға дейін елімізде 5,5 млн-нан астам адам тұратын 1,8 мың ауылдық елді мекен жаңғыртылатын болады. Бұл ретте, «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыру тетіктері келесі шараларды қамтиды. Бірінші кезекте тірек ауылдық елді мекендер іріктелді, бұл ретте олардың даму әлеуетіне және қазіргі экономикалық жағдайына талдау жасау негізінде, осы ауылдарда іске асырылатын жобалар қоса қамтылатын болады. Екіншіден, әрбір жоба және елді мекен бойынша көзделген мақсатқа жету жөніндегі, өңірлік стандарттарға сай келетін Жол картасын жасау қолға алынды. Үшінші кезекте, Жобаларды іске асыру және бақылау мүдделі мемлекеттік органдарды тарта отырып жүзеге асырылатын болады.