Шардара ауданының инфрақұрылымы жақсарып келеді
Шежірелі Шардара – қойнауы қазына, жері құтты мекен, облыстың оңтүстік бөлігіндегі қарқынды дамып келе жатқан аудан. Тарихы тереңде жатқан өңірде балығы тайдай тулаған, шағаласы шаңқылдап көк аспанда ойнаған Шардара су қоймасы бар.
Бұл – өңіріміздің көз қуанышы, еліміз үшін стратегиялық нысан. Су қойманың мүмкіндігін тиімді пайдалануымыз керек.
Шардараның әлеуеті өте жоғары. Мұнда жағажай туризмін, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік мол. Ауданды, ауылдарды дамыту жұмыстары жаңа қарқынмен жалғасатын болады.
Бұл орайда, Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасы аясында «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы әзірленуде. Салынатын мектептер жана форматта болады. Заманауи мектеп түлектердің 90-95%-ы жоғары оқу орындарына грантқа, немесе шетелдегі ең мықты, танымал оқу орындарына түскен. Осы тәжірибені пайдалана отырып, жобаны барлық өңірде іске асыру көзделді.
Жоба аясында Шардара қаласында 1 200 орындық жаңа мектептердің кұрылысы жоспарлануда. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 2022 жылы 2 елдімекенде 2 жоба іске асырылуда. Атап айтқанда, Жаушықұм елдімекенінде мәдениет үйін салуға 200 млн.теңге қаралды, құрылысы 2023 жылы аяқталады. Шардара елдімекенін табиғи газбен қамтуға 220,8 млн. теңге бағытталды. Нысанның құрылысы биыл аяқтау жоспарлануда.
Ауданның инженерлік инфрақұрылым жүйесін дамыту мақсатында 13 бюджеттік инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Аудан халқының 99,6%-ы немесе 105,6 мың адам таза ауыз сумен қамтылған. Табиғи газбен 74,4% немесе 59 мың қамтылған.
Шардара қаласындағы жедел жәрдем станциясы бар ауысымында 150 келушіге арналған аудандық емханаға жапсарлас ғимарат құрылысы жүргізілуде. Жылдың қорытындысымен пайдалануға беру жоспарлануда. Сонымен қатар, Шардара қаласындағы Майқала, Ақбала, Абай және Қызылжар ықшамауданындағы кәріз жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Аталған нысан 2023 жылға өтпелі. Бұдан бөлек, Шардара ауданын орталықтандырылған газбен қамту бойынша 6 жоба іске асырылуда. Нысанды келесі жылы пайдалануға беру жоспарлануда.
Сондай-ақ халықтың табысын арттыру үшін «Түркістан облысы бойынша жұмыспен қамту картасы» бекітілген. Биылдың өзінде Шардарада 897 жұмыс орнын ашу жоспарланса, қазіргі таңға 832 орын ашылды. «Еңбек» бағыты бойынша ауданда 9 айдың қорытындысымен 2 893 адам жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» жөніндегі тапсырмасы бар. Оған сәйкес, ауданнын экономикалық белсенді халық санына қарай 423 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып,
607-і ашылды (143%).
Жаңа бастамалар Шардара ауданының экономикалық дамуына тың серпін беретіні анық. Бұл ретте, ауыл шаруашылығы, туризм және өнеркәсіп саласының даму қарқынын арттыру – басты міндетіміз.