Мархабат мақамдары...
Кітап оқу адамды адамды біл әлеміне жетелеп қана қоймай, өзін дамытуға және тұлға ретінде қалыптасуына зор септігін тигізеді дейді мамандар. Осы тұрғыда алып қарасақ, оңтүстік өңірде біршама кітап жарық көрді. Жақында ғана Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында Қазақстанның педагогикалық академиясының профессоры, Ыбырай Алытнсарин атындағы облыстық балалар кітапханасының директоры Ақмарал Асанқызының «Мархабат мақамдары» атты кітабымен аттас кеші өтті.
«Мархабат мақамдары» кітабы бұған дейін Шымкент қаласында тұсауы кесіліп, қаладағы кітапханаларға таратылған еді. Енді міне Түркістан облысының 395 кітапханасына 420 данасы таратылады. Аталмыш кешке «Түркістан медиа холдинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басқарушы директоры, республикалық «Айқын» газетінің өкілі, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Тельман Бейсен, «Amanat» партиясының фракция мүшесі, аудандық мәслихат депутаты, «Қазақстанның Құрметті кітапханашысы» төсбелгісінің иегері, Келес ауданының әкімдігі орталықтандырылған кітапханасының директоры Ғалия Маханова, республикалық «Аналар» қоғамдық журналының бас редакторы Ажар Момбек қонақ болып, Қазақстан Аналарының Энциклопедиясы мен «Домалақ ана» медалін кітап авторына табыстады.
«Мархабат мақамдары» таныстырылымының желісінде Мархабат Байғұттың шығармашылығынан бейне баян көрсетілді. Қазақстан Халықаралық Жазушылар Ассосациясының мүшесі Аида Утеп арнау арнады. Шара басында «Мархабат мақамдары» кітабына енген шығармаларды Түркістан балалар мен жасөспірімдер орталығының «Көркем сөз» үйірмесінің оқушылары «Мархабат мақамдарын» нақышына келтіріп оқыды. Шымкент қалалық мәдениет басқармасының қызметкері, Мархабаттанушы – Жамал Анарбай Шымкент қаласы мәдениет басқарма басшысының атынан алғыс хатын тапсырды.
Шара барысында филология ғылымдарының кандидаты, профессор Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Композиторлар Одағының құрметті мүшесі, сазгер, ғалым Бекжігіт Сердәлі, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, Түркістан облыстық аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Төлебекқызы ізгі ниеттерін білдіріп, шығармашылық табыс тіледі. Түркістан қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытжан Бөкебаев алғыс хаты табысталды. Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, Түркістан қаласы әжелер алқасының төрайымы Айғаным Сері бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербетіп отырған жазушы Ақмарал Асанқызына Өзбекәлі Жәнібековтың кітабын ізгі ниетін білдіре отырып табыстады.
«Қазақстанның Құрметті кітапханашысы» төсбелгісінің иегері, Түлкібас ауданының орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Қамбар Мекенбайқызы және Кентау қаласының төсбелгісінің иегері орталықтандырылған кітапхана директоры, «Қазақстанның Құрметті кітапханашысы» төсбелгісінің иегері Гүлнара Исабекқызы да кітап авторына шығармашылық табыстар тілеп, бұл кітаптың өскелең ұрпақ үшін берері мол деді. Шара соңында Түркістан облыстық «Фараб» ғылыми кітапхана директорының орынбасары Жанат Жақсылыққызы қорытындылады. «Мархабат мақамдары» шығармаларынан оқыған оқушыларға аталмыш кітапхана директоры атынан автор Ақмарал Асанқызы алғыс хат пен кітабын табыстады.
Қазақ әдебиетінің төрінен орын алған Мархабат Байғұттың есімі көпшілік ортаға жақсы таныс. Қоғам шындығын айғақтайтын әңгімелері мен байыпты көзқарасы – қаламгердің ең бір ерекше тұсы. Мархабат Байғұт шығармашылығы өзгелерге ұқсамайды, кейіпкерлерінің бейнесі де өз кезеңінің тағдырын еш бүкпесіз баяндайды. Қаламгердің алғашқы әңгімелері жетпісінші жылдардың басында дүниеге келген. «Шілде» деген атауға ие болған бұл әңгімелер жинағы Мархабат ағамызды жазушы ретінде дүйім жұртқа таныта түсті. Бұл жайында белгілі жазушы Тәкен Әлімқұлов: «Мархабат тұңғыш әңгімелер жинағымен-ақ танылып үлгерген жазушы. «Оңтүстік Қазақстанда» істей жүріп, неғұрлым нақтылыққа, қысқалыққа машықтанған. Көркем туындылары өз табиғатынан бастау алады. Тәржімашылдығы да тәнті етеді», – деп Мархабат ағамыздың жазушылық әлеміне бағасын берген. Шығармашылығы хақында ары қарай ой қозғар болсақ, қаламгер туындыларының замана келбетін танытатын, шынайы өмірді әрқалай жанрмен сипаттайтын артықшылығы бар. Бертін келе жарық көре бастаған «Сырбұлақ», «Интернаттың баласы», «Нәурізек», «Қорғансыз жүрек» сынды шығармалары әдебиетімізде ойып тұрып орын ала білді. «Интернаттың баласы» повесін мысал етіп алып көрейік. Жасөспірім балалардың өмірде қалыптасып дамуы, жолдағы қиындықтарға төтеп бере білуі шығарманың басты өзектілігі деп баға беруге болады. Бүгінгі қоғаммен салыстырып қарасақ, баланың өзін-өзі тануында, дамуында үлкен кедергілерге жол бергенімізді байқаймыз. Кейінірек баланың құрдымға кетуі, өміріндегі сәтсіздіктері мен қақтығыстарға бой ұрындыруы осының салдары екені анық. Қоғамның да ақсап тұрған шағы осы емес пе?!
Жазушы шығармашылығының тағы бір ерекше тұсы – туған өлкеге деген сүйіспеншілігі, бауырмалдығы. Осы жайында сыр шерткен мақалаларын оқып отырып, ерекше әсерге бөленесің. Еліне деген перзенттік махаббаты мен кеңпейілдігі айқын сезілетін шығармалары жазушының қаламгерлігін танытқан ерекше бір қасиеттер десек, әсте қателеспеспіз.
Мархабат Байғұт шығармашылығының тағы бір ерекшелігі – әскер қатарында жүріп әдебиетке араласа бастауы. Бір-бірімен әдемі үйлесім тапқан әңгімелері мен хикаяттары, публицистикалық жанрда жазылған еңбектері – қазақ әдебиетінің үлкен жетістігі. Алғашқы туындыларының бірі «Күн астындағы күнекей қызды» небәрі жиырма бір жасында жазған екен.
Ұлттық танымы мықты орныққан жазушы шығармашылығына Шерхан Мұртазадан бастап, бүгінгі күнгі жазушылардың біразы жылы көзқарас танытқан. Қаламгердің шығармалары түрік, өзбек, саха, украин, қарақалпақ тілдеріне аударылған.
М.Байғұт – жазушылығымен қатар, аударма саласында да жемісті еңбек еткен тұлға. Қырғыздың белгілі жазушысы Шыңғыс Айтматов пен орыстың бірқатар жазушысының шығармаларын қазақ тіліне аударған. Мархабат ағамыздың еселі еңбегін әр шаңыраққа танытсақ да артық болмайды. Жазушының шығармаларын ағылшын және орыс тілдеріне аударып, таралымын көбейтсек, нұр үстіне нұр болары анық. Мархабат ағамыздың шығармаларында көп көрініс табатын дүние – ауыл өмірі.
Шығармаларын бір оқығанның өзінде-ақ ауылдағы қызған тұрмыс-тіршілік пен қазақылық-тың иісі аңқып тұрғанын сезесің. Халқымызға ғана тән ұлттық кодымызды да жазушы шығармаларынан анық кездестіре аламыз. Шынайылық деген де осы болар. Ауыл тақырыбын шығармасына арқау еткен қаламгердің жазу өнері де, стилі мен прозалық қабілеті де өзгеден ерек һәм ешкімге ұқсамайды да. Кез келген оқиғаны ерекше етіп жеткізуге тырысады. Меңзеу, юмор, ишара, теңеу, риторикалық сұрақтар... Бәрі де бір шығарма аясында ұштасып, ғажап үйлесім тауып тұрады.
«Мархабат Байғұт – стилі де, мәнері мен мақамы да ешкімге ұқсамайтын жазушы. Тілдік аясы да, оны қолдана білуі де бөлек. Бізде қасаң түсінік бар ғой: жергілікті жерлерге ғана тән жаргон мен диалектілерді тек кейіпкерлер диалогында ғана қолдану керек дейтін. Мархабат мұндай жөнсіз санитарлық түсініктің быт-шытын шығарады. Ол кейіпкерлерін бір мақаммен сөйлетіп, өзі бір мақаммен сөйлеп жатпайды. Кейіпкер қалай сөйлесе, өзі де солай сөйлейді. Тұтас! Тағы да олар оңтүстіктік мақамдар! Мархабат мақамдары!» – деген екен ақын Темірхан Медетбек. Оқи отырып сүйсінесің, Мархабат әлеміне қызыға түсесің. Осыдан-ақ Мархабат Байғұт тек жазушы, аудармашы ғана емес, ауыл өмірін қоғаммен етене жақындастыра баяндаған көрнекті суреткер деп атасақ, артық болмағаны.
Публицистикалық дүниелерінің қазіргі таңда жас ұрпақты тәрбиелеуде маңызы зор. Жазушы туындыларының бүгінгі ортадағы маңызы жайлы баяндасақ, қоғамдық резонанс тудырарлық мақалалары бірден ел назарын аудартады. Ал шығармаларынан еш жалықпайсың, әр туындысы-ақ қиядан қияға, ұшқыр ойдың шарықтау шегіне дейін жеткізіп жатады. Кейіпкерлердің бір-бірімен қақтығысы, шыншыл диалогтары мен жазушының қайталанбас қаламгерлік қасиетін бағамдай аламыз. Қоғамның шынайы ақиқаты мен ұлт болмысы Мархабат шығармашылығының үзілмеген арқауы екенін аңғарамыз. Ұлттың ұлы рухы да біздің ізгі қасиеттерімізге байланысты екенін ескерсек, Мархабат Байғұттың өзіндік мақамы да ел тарихын қастерлеуде маңызды рөлге ие екенін еріксіз мойындаймыз.
Мархабат Байғұттың болмысы – бүкіл қазақ халқының ұлттық болмысы. Мархабат мақамдары – қазақ прозасының жетістігі.