60-қа толған Нұрлан Өнербаев Түркістанда концерт берді

Oinet.kz 09-11-2022 430

pogudx7929pdess98.jpeg

Түркістан қаласы облыс орталығына айналғалы мұндағы зәулім сарайларда тек облыстық емес, республикалық, тіпті халықаралық шаралар өтіп жатыр. Бір кездері көгілдір экраннан ғана тамашалайтын танымал жұлдыздар концерті да осында. Яғни түркістандық көрермен қауымның бағына елімізге белгілі, атағы айға жеткен белгілі өнер иелері бірінен соң бірі киелі қалаға келіп, жеке шығармашылық кеш беруде.

Өткен аптада ғана ерекше дауыс иесі қазақтың әндеріне қайталанбас үн беріп елімізді өміршең рухани дүниелермен тербеп халық арасында «Қазақтың қоңыры» атанған Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі, әнші Нұрлан Өнербаев Түркістан қаласына ат басын бұрды. Нұрлан Өнербаевтың мерейлі 60 жасқа толуына орай «Конгресс Холл» кешенінде «Айтылмаған бір әнім бар» шығармашылық кеші өтті. Тамаша ән кешіне келген адам қарасы көп болды. Қанша дегенмен өзін әлеуметтік желі жоқ кезде әлдеқашан танытып үлгерген тұлға ғой. Келген көрермен қатарында жастардан гөрі үлкен кісілерді көптеп көруге болады.

Концертке келе алмаған көрермендер «Turkistan» арнасы арқылы тікелей эфирден тамашалады. Шығармашылыққа толы жиынның бір ерекше тұсы, кеш иесі Нұрлан Өнербаевтің ұлы Мақсат Өнербаевтің да ән салуы болды. Әке жолын қуған Мақсат қоңыр даусымен қатарынан бірнеше ән шырқап, тыңдарманның жүрегінен орын ала білді.

– Кең байтақ қазақ еліне танытып тыңдарманның көңіл төріне көтерген, маған көп әндерін сыйға тартқан, кешегі Шәмші ағамыздан бастап, Нұрғиса ағамыздың, Әсет ағамыздың, Кеңес ағамыз. Сонымен қатар, тамаша жырларымен тыңдарманның жүрегіне мөр басқан ақын ағаларым Тұманбай аға, Қайрат ағам, Нұрсұлтан Әлімқұлов ағам, Шөмішбай ағам «Қарағым-ай» әніне қанат бітірген ағаларымның алдында басымды иіп тағзым еткім келеді.

Қазақтың әндері тыңдарман жүрегінен  ешқашан өшпес үшін біз әндерді қайталап айтып отыруымыз керек. Мен осы ән айтып келе жатқан 37-38 жылымда өзім ғана сахнада көрерменіммен қауышатынмын. Осы жолы жаңағы аты аталған композитор, ақын аға-апаларымыздың атын жаңғыртып, бүгінгі жастардың орындауында әрі қарай өміршең болуын қаладым. Менің орындаған кейбір тамаша қанатты әндерім бүгін жас орындаушылардың менің сахнадағы іні бауырларымның үзеңгілес әріптестерімнің ән қоржынына түсе бастағанын байқадым. Түбі бір түркінің атамекені, Мағжан ақын жырлаған ер түріктің бесігі – Түркістандағы бүгінгі кешке өзімнің шығармашылық кешіме арнайылап шақырдым, – деді, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Дарын мемлекеттік сыйлығының иегері Нұрлан Өнербаев.

Шара барысында бейнеархивтер көрсетіліп, Музыкалық жас көрермендер театрының әртистері  театрландырылған көрініс арқылы әншілігімен қоса актерлік өнер саласына да қосқан үлесі, сонымен қатар ерекше қоңыр үнімен көптеген халық туындылары өшпестей болып қазақ радиосы, телеарналардың алтын қорларынан орын алғандары айтылды.

Кешке келген көрермен қауымы әншінің өмірі мен шығармашылығымен  танысып, халық жүрегінен терең орын алған әндерін тыңдап рухани сусындап қайтты.

Жақында асқаралы алпыс жасқа толған Нұрлан Өнербаевты жұрт актер, әнші ретінде жақсы біледі. Жанға жағымды қоңыр дауысымен талай жүректі жаулаған өнер иесінің қазақ руханиятында алар өзіндік үлкен орны бар. Биыл ғасырлық мерейтойын атап өткен Қазақ радиосында айқын қолтаңбасы қалды. Кезінде ІV шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде мәдениет саласына қатысты өзекті мәселелерді көтерді. Нұрлан Әлтайұлы – өрелі өнерпаз ғана емес, өнердің шын жанашыры.

Нұрлан Өнербаев 1961 жылы 4 қарашада Түркістан облысы (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы), Төле би ауданы, Қазақстан ауылында дүниеге келген. Оның өнер жолын театр әртісі ретінде бастағанын көпшілік біле бермейді. Мұхтар Әуезов атындағы драма театры жанындағы актерлар студиясын бітірген жас актер әкемтеатрда 10 жылға жуық уақыт қызмет етіп, 15 шақты қойылымда ірілі-ұсақты рөлдерде ойнады. Театрда жүрген кезінде ән айтуға ден қояды.

1984 жылы сахнаға алғаш ән айтып шыққан әншінің бүгінде 300-ге жуық әні бар. Олардың арасында тыңдарманның жүрегінен орын алған «Сағыныш», «Анашым», «Әке арманы», «Қазақ қызы», «Сұлулық», «Ауылым», «Туған күн», «Сағындым ауылды», «Жан аға», «Махаббат көктемі», «Қарағым-ай», «Аққуым», «Таңғы тілек», «Ақ тілек», «Ай да, күн де жақсы ғой» әндері, сондай-ақ халық әндері «Дудар-ай», «Сандуғаш», «Бір бидай арпа», «Үкілі кәмшат», «Ой көк», «Беу, айдай», «Бипыл» әндері бар. Осы әндер арқылы халық арасында жақсы танылды деуге болады. 


Ұлы Абай мұралары мәңгі халық жадында
Елім деген ер Асанбай!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу