Цифрлық шығармашылықпен қатар авторлық құқық мәселесі де өзекті

Oinet.kz 29-10-2026

image.png

Шымкентте цифрлық дағдыларды меңгеруге және жасанды интеллектіні түрлі салада қолдануға қызығушылық артып келеді. Жаңа құралдар шығармашылықпен айналысатын мамандардың жұмысын жеңілдеткенімен, дайын өнімді пайдалану кезінде құқықтық талаптарды ескеру қажет. Әсіресе, адамның шығармашылық үлесі мен нейрожелінің автоматты түрде орындаған әрекеттерінің ара-жігін ажырату маңызды.

Заңгер Сергей Уткиннің айтуынша, туындыны жасау барысында адамның идеясы мен нақты тапсырмасы шешуші рөл атқарады.

«Егер адам не жасағысы келетінін ойластырып, нақты тапсырма берсе, қалай жасау керегін, сюжетін, оқиға желісін айқындаса, мұның бәрі шығармашылық бастама болып саналады. Яғни адам ойлайды, елестетеді, ал ЖИ тек техникалық жұмысты орындайды. Мұндай жағдайда туындының авторы жасанды интеллектке тапсырма берген адам болып есептеледі», – дейді заңгер.

Демек, нейрожеліге қысқа ғана сұраныс енгізіп, дайын нәтижені алу мен шығармашылық үдерісті өзі басқарудың арасында айырмашылық бар. Адам туындының мазмұнын, құрылымын, көркемдік шешімдерін айқындап, нәтижесін өңдеп, өзіндік үлес қосуы мүмкін. Авторлық құқық мәселесін қарастырғанда осы әрекеттердің сипаты ескеріледі.

Қазақстанда ЖИ көмегімен жасалған туындыларды құқықтық қорғау мәселесі де назарда. Дегенмен әрбір материал автоматты түрде авторлық құқықпен қорғалады деп айтуға болмайды. Құқықтық баға туындының сипатына және оны жасауға адамның қаншалықты шығармашылық үлес қосқанына байланысты. Даулы жағдай туындаса, нақты мән-жайлар жеке қарастырылады.

Бұл мәселе жасанды интеллектіні кәсіби қызметінде пайдаланатын дизайнерлерге, бейне жасаушыларға, жарнама мамандарына және цифрлық өнім әзірлеушілерге тікелей қатысты. Нейрожелі арқылы табыс табу мүмкін болғанымен, коммерциялық мақсатта пайдалану кезінде өзге адамдардың бейнесіне, шығармаларына және басқа да қорғалатын құқықтарына қатысты талаптарды сақтау керек.

Шымкентте цифрлық технологияларды меңгеріп жүрген жастар үшін де құқықтық сауаттылық кәсіби білімнің маңызды бөлігіне айналуы тиіс. Өйткені жаңа құралды қолдана білу жеткіліксіз: одан алынған нәтижені заң талаптарына сай пайдалану да қажет. Технология шығармашылыққа жол ашқан сайын, авторлық жауапкершіліктің маңызы да арта береді.

Жасанды интеллект арқылы цифрлық контент жасауға қызығушылық артып келеді
Жасанды интеллект: цифрлық даму мен қауіпсіздік қатар жүруі тиіс
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу