«Жас сақшылар» аллеясы ашылды

Oinet.kz 29-10-2026

image.png

Шымкент қаласындағы №149 жалпы орта білім беретін мектепте  «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Жас сақшылар» аллеясының ашылу салтанаты өтті. Игі бастама оқушылардың бойында отансүйгіштік рухты қалыптастыруға, құқықтық мәдениетін арттыруға және қоғамдық тәртіпті сақтауға деген жауапкершілігін нығайтуға бағытталған.

Салтанатты шараға Абай ауданы полиция басқармасының жеке құраммен жұмыс жөніндегі бөлім басшысы, полиция подполковнигі Мөлдір Сардарбекқызы мен мектеп директоры Бағлан Шереханұлы Умбетбаев қатысты. Қонақтар мектеп аумағына ағаш көшеттерін отырғызып, жасыл желекті көбейтуге өз үлестерін қосты.

Ағаш отырғызу – туған жерге жанашырлықпен қараудың, табиғатты қорғаудың және қоршаған ортаны таза ұстаудың нақты көрінісі. Мұндай бастамалар оқушыларды еңбекке баулып қана қоймай, мектеп ауласының көркеюіне де ықпал етеді. Ал «Жас сақшылар» аллеясының атауы жасөспірімдерге заңды құрметтеу, тәртіп сақтау және қоғам алдындағы міндетін сезіну секілді құндылықтарды насихаттауға үндейді.

Бүгінде мектеп пен құқық қорғау органдарының өзара байланысы жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу ісінде маңызды орын алады. Бұл бағыттағы бірлескен жұмыстар оқушылардың заң талаптарын түсінуіне, өз құқықтары мен міндеттерін білуіне және қоғамдық ортада жауапкершілікпен әрекет етуіне ықпал етеді. Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидаты да жас ұрпаққа құқықтық тәрбие беріп, заңға құрметпен қарауды қалыптастырудан басталады.

«Жас сақшылар» аллеясының ашылуы осы құндылықтарды экологиялық тәрбие арқылы да ұштастырды. Туған жердің табиғатын аялау, қоғамдық тәртіпті сақтау және ел игілігіне үлес қосу – азаматтық жауапкершіліктің өзара сабақтас қырлары.

Ұйымдастырушылар бастаманың жалғасын табуы үшін челленджді Максим Горький атындағы №12 мектепке жолдады. Алдағы уақытта бұл игі іс өзге білім беру ұйымдарында жалғасып, оқушылар арасында патриоттық тәрбие мен экологиялық мәдениетті нығайтуға үлес қосады деген сенім бар.

Цифрлық қауіпсіздікті нығайтуға арналған хакатон өтті
Шымкентте студенттер сотталғандармен телекөпір арқылы тілдесті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу