Заң алдындағы жауапкершілік пен интернет қауіпсіздігі назарда

Oinet.kz 29-10-2026

image.png

Шымкент қаласындағы Индустриалды-техникалық колледжінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Заңды білу – заман талабы» тақырыбында кездесу өтті. Шымкент қаласы жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырған іс-шараның мақсаты – жастардың құқықтық сауатын арттыру, құқық бұзушылықтың алдын алу және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру.

Кездесуге Қаратау ауданы прокуратурасының аға прокуроры Асқар Тасқынұлы Бұхарбаев, Шымкент қаласы Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Мақсат Ержанұлы Жанысбаев және Жастар ресурстық орталығының мамандары қатысты.

Жиын барысында мамандар жастарға заң талаптарын сақтау, қоғамдық тәртіпті бұзбау, құқық бұзушылыққа жол бермеу және азаматтардың құқықтары мен міндеттері туралы түсіндірді. Сонымен қатар заң алдындағы жауапкершілік мәселесіне тоқталып, кез келген әрекеттің құқықтық салдарын түсіну қажеттігін атап өтті.

Кездесудің маңызды тақырыптарының бірі – интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік. Полиция өкілі киберқылмыстың кең таралған түрлері, интернет арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттер және жеке деректерді қорғау мәселелері жөнінде ақпарат берді. Жастарға бейтаныс адамдардан келген күмәнді сілтемелерге өтпеу, банк картасының деректері мен құпия мәліметтерді бөгде адамдарға бермеу керектігі түсіндірілді. Сондай-ақ интернеттегі ұсыныстарға сын көзбен қарап, күмәнді қаржылық операцияларға қатыспау қажеттігі айтылды.

Бұдан бөлек, қаржылық пирамидалардың белгілері мен олардың азаматтарға келтіретін зияны сөз болды. Жеңіл жолмен табыс табуға уәде беретін жобалардың артында алаяқтық әрекеттер тұруы мүмкін екені ескертілді. Онлайн ойындарға тәуелділіктің де адамның күнделікті өміріне, оқуына және қаржылық жағдайына кері әсер етуі мүмкін екені түсіндірілді.

Кездесу соңында колледж жастары өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, прокуратура және полиция өкілдерінен жауап алды. Ашық форматта өткен әңгіме қатысушыларға құқықтық мәселелерді талқылап, өзекті қауіп-қатерлер туралы мамандардан тікелей ақпарат алуға мүмкіндік берді.

Заң мен тәртіп: зияткерлік еңбек те қорғалуы тиіс
Цифрлық қауіпсіздікті нығайтуға арналған хакатон өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу