«Өмір – баға жетпес құндылық»

Шымкентте «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтық сауаттылығын арттыру және психологиялық саулығын қолдау бағытында кездесу өтті. Қалалық Жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырған «Өмір – баға жетпес құндылық!» атты ақпараттық-түсіндіру шарасы Орталық Азия Инновациялық университетінде өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында суицидтің алдын алу, өмірдің қадірін түсіндіру, интернет-алаяқтықтан сақтандыру және психологиялық қиындықтарға тап болғандарға дер кезінде қолдау көрсету. Кездесуде адамның өмірі мен денсаулығын қорғау, қауіпсіз орта қалыптастыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері қамтылды.
Жиынға Жастар ресурстық орталығының психологиялық көмек көрсету бөлімінің психолог маманы Сайдахан Жібек, Әл-Фараби ауданы прокуратурасының аға прокуроры Сабек Абылай Толқынұлы мен бөлім прокуроры Алжанова Мерей Уалиханқызы, Шымкент қаласы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Бекбаев Бахытжан Турсунбаевич және Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің инспекторы, полиция капитаны Анарбаева Әсемай Есенқызы қатысты.
Кездесу барысында мамандар психологиялық саулықты сақтаудың маңызына тоқталып, қиындыққа тап болған жағдайда жақын адамдардан немесе кәсіби мамандардан көмек сұраудың қажеттігін түсіндірді. Сондай-ақ адамның күйзелісін елемей қалмай, айналасындағы жандарға түсіністікпен қарау мен дер кезінде қолдау көрсетудің маңызы айтылды.
Бұдан бөлек, интернет-алаяқтықтың кең таралған тәсілдері, жеке деректерді қорғау жолдары және күмәнді ұсыныстардан сақтану мәселелері талқыланды. Қатысушыларға зорлық-зомбылықтың алдын алу, құқық бұзушылық туралы тиісті органдарға хабарлау және өз құқықтарын білу жөнінде ақпарат берілді.
Іс-шарада психологиялық қолдау, киберқауіпсіздік және зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелерінің қатар қарастырылуы жастар кездесетін түрлі тәуекелдерге кешенді назар аударуға мүмкіндік берді. Тақырыптар бойынша берілген түсіндірмелер студенттердің өз қауіпсіздігін қорғау жолдарын білуіне бағытталды.


