«Заң мен тәртіп – қауіпсіз қоғам кепілі»: жастармен кездесу өтті

Oinet.kz 16-10-2026

image.png

Шымкентте «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және қоғамдық қауіпсіздік мәселелеріне арналған кездесу өтті. Іс-шараны қалалық Жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырды.

«Заң мен тәртіп – қауіпсіз қоғам кепілі» тақырыбындағы кездесуге Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы Дәурен Бөрібайұлы Тұрғынбай, Әл-Фараби ауданы прокурорының орынбасары Ерлан Шораұлы Сәдібеков, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Шымкент қаласы бойынша өкілі Нұржан Әлібекұлы Абдезов және Жастар ресурстық орталығының басшысы Жансерік Бауыржанұлы Жұман қатысты.

Жиында заңдылықты сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау және қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Мамандар жастарға заң талаптарын орындаудың маңызын түсіндіріп, құқықтық сауаттылықтың күнделікті өмірдегі рөліне тоқталды.

Құқықтық мәдениет адамның өз құқығын білуімен ғана шектелмейді. Ол – өзгенің құқығын құрметтеу, қоғамдық тәртіпті сақтау және әрбір әрекетіне жауапкершілікпен қарау. Заң талаптарын білу жас азаматтарға түрлі жағдайларда дұрыс шешім қабылдауға, құқық бұзушылықтың салдарын түсінуге көмектеседі.

Мұндай кездесулер жастар мен құқық қорғау саласының өкілдері арасында ашық пікір алмасуға жол ашып, көкейдегі сұрақтарға жауап алуға жағдай жасайды. Сонымен бірге азаматтардың құқықтары мен міндеттері туралы түсінігін кеңейтіп, заң талаптарын сақтауға деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясындағы жұмыстардың негізгі мақсаты – заң үстемдігін құрметтейтін, өз құқығы мен міндетін білетін азаматтарды қалыптастыру. Қоғамдық қауіпсіздік те әр адамның заңға бағынуы мен өзгелердің құқықтарына құрметпен қарауынан басталады.

Кездесу барысында жастардың қоғамдағы қауіпсіздікке қосатын үлесі де сөз болды. Құқық бұзушылықтың алдын алу мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті саналады. Сондықтан жас буынның заңға құрметпен қарап, қоғамдық өмірге жауапкершілікпен қатысуы маңызды.

Жастарға сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің маңызы түсіндірілді
Шымкентте жастарға құқықтық қолдау көрсету жөнінде меморандумға қол қойылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу