Жасөспірім және заң: жауапкершілік мәселесі түсіндірілді

Oinet.kz 16-10-2026

image.png

Шымкентте «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру және түрлі құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары жалғасуда. Осы бағытта Еңбекші ауданының прокуратурасы «Bala Protect» жобасы аясында Алпамыс батыр атындағы №40 мектеп-гимназиясының оқушыларымен профилактикалық кездесу өткізді.

Кездесуде жасөспірімдердің сыни ойлау қабілетін дамытуға және ақпаратты дұрыс бағалай білуіне ерекше назар аударылды. Прокурордың айтуынша, сыни ойлау алаяқтық әрекеттерді, алдау мен манипуляцияны дер кезінде аңғаруға, күмәнді ұсыныстардың салдарын бағалауға және өз бетінше дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі. Бұл дағдылар балалардың құқық бұзушылық құрбаны болу қаупін азайтуда маңызды рөл атқарады.

Оқушыларға сыни ойлау қабілетін қалыптастыру үшін көркем әдебиет оқудың, алынған ақпаратты талдаудың және оның шынайылығын тексерудің маңызы түсіндірілді. Әсіресе әлеуметтік желілер мен интернет кеңістігінде таралатын мәліметтерге бірден сенбей, ақпарат көзін анықтау және күмәнді ұсыныстарға сақтықпен қарау қажеттігі айтылды.

Іс-шара барысында жасөспірімдер арасында кездесетін өзекті мәселелер де қамтылды. Атап айтқанда, буллинг, сталкинг, дропперлік және бұзақылық әрекеттері үшін көзделген құқықтық жауапкершілік туралы түсінік берілді. Сонымен қатар есірткінің адам денсаулығына зияны және оны заңсыз таратудың құқықтық салдары сөз болды.

Прокуратура өкілі оқушыларға «оңай ақша» табуды ұсынатын хабарландырулар мен күмәнді тапсырмаларға келіспеудің маңызын түсіндірді. Бейтаныс адамдардың өтінішімен банк картасын, шотты немесе өзге де жеке деректерді пайдалануға беру заңсыз әрекеттерге қатысуға әкелуі мүмкін. Сондықтан кез келген ұсыныстың мәнін түсініп, оның заңдылығына көз жеткізу қажет.

Мұндай кездесулердің мақсаты – оқушыларға заң талаптарын түсіндіріп қана қоймай, күнделікті өмірде қауіпсіз шешім қабылдау дағдыларын қалыптастыру. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясындағы профилактикалық жұмыстар жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін көтеріп, өз әрекетіне жауапкершілікпен қарауына бағытталған.

Текесуде ішімдіксіз өмір салты қолдау тапты
Интернет-алаяқтық: азаматтарға сақтық шаралары ескертілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу