Қарттарды кибералаяқтардан қорғамаса зардабы ауыр

Цифрлық технологиялар күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналғанымен, интернеттегі қауіп-қатерлер де қатар көбейіп келеді. Әсіресе алаяқтар азаматтардың сеніміне кіріп, жеке мәліметтерін иемдену арқылы түрлі қылмыс жасауға тырысады. Сондықтан халықтың, оның ішінде аға буын өкілдерінің киберқауіпсіздік жөніндегі сауатын арттыру – маңызды міндет.
«Кибернадзор» жобасын іске асыру аясында Қаратау ауданының прокуратурасы қарттарды алаяқтық әрекеттерден қорғау және олардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында кезекті түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Бұл жолы прокуратура қызметкерлері «Белсенді ұзақ өмір орталығына» барып, қарттармен арнайы кездесу өткізді. Жиында қазіргі таңда жиі кездесетін телефон және интернет-алаяқтықтың кең тараған тәсілдері туралы жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар алаяқтардың арбауына түсіп қалмаудың қарапайым әрі тиімді жолдары айтылды.
Мамандар азаматтарға бейтаныс адамдардың қоңырауы мен хабарламаларына сақтықпен қарау қажеттігін ескертті. Алаяқтар көбіне банк қызметкері, құқық қорғау органының өкілі немесе басқа да ұйым қызметкері ретінде танысып, азаматтарды асықтыруға және қорқытуға тырысады. Мұндай жағдайда әңгімені жалғастырмай, ақпараттың шынайылығын ресми арналар арқылы тексеру маңызды.
Кездесу барысында жеке деректерді, банк картасының нөмірі мен өзге де құпия мәліметтерді бөгде адамдарға бермеу қажеттігі ерекше атап өтілді. Сондай-ақ SMS арқылы келетін растау кодтарын ешкімге хабарламау керектігі ескертілді. Өйткені мұндай ақпараттың қолға түсуі азаматтың қаржылық қауіпсіздігіне елеулі зиян келтіруі мүмкін.
Киберқауіпсіздік – тек техникалық мәселе емес, ең алдымен адамның қырағылығы мен құқықтық сауатына байланысты. Әсіресе қарт адамдарға алаяқтықтың жаңа тәсілдерін тұрақты түсіндіріп отыру олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімді жолдарының бірі. Басты мақсат – аға буын өкілдерінің сақтығын арттырып, оларды интернеттегі қауіп-қатерден қорғау және құқықтық тұрғыдан қолдау. Халықтың цифрлық және құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған профилактикалық кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табады.


