Түркістан облысында көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары қарқынды жүргізілуде
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ұйымдастыруымен биыл 6-7 ақпан аралығында Республика көлемінде «Көктем-2025» республикалық командалық штабтық оқу-жаттығуы өтеді. Бұл туралы брифингте Түркістан облысының ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Оразгелді Дүйсен мәлімдеді.
«Жалпы бұл жиынның негізгі мақсаты - ел аумағындағы көктемгі тасқын судың алдын алу. Оқу-жаттығу жиындары екі кезең бойынша өтеді. 1-кезеңі 6-7 ақпан аралығында Алматы, Шымкент қалаларында және Алматы, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Жетісу облыстарында өткізілсе, ал 2-кезең осы жылдың 6-7 наурыз аралығында Астана қаласында, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Абай және Ұлытау облыстарында өткізіледі» - деді спикер.
Сондай-ақ, баспасөз мәслихатында "Қазгидромет" РМК Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Маханбет Жазықбаев өңірімізде алдағы айларда болатын ауа-райының болжамына қатысты баяндама жасады.
«Қазгидромет» РМК Түркістан облысы бойынша филиалына қарасты облыс аумағында 21 өзенде 30 гидрологиялық бекет орналасқан. Жалпы ақпан айында ауаның орташа айлық температурасы -5,0 және +3,1°С болады деп күтілуде. Ақпан айында жиі циклондардың әсерінен жауын-шашын мен қар жаууы мүмкін. Ал, бірінші онкүндіктің басында және екінші онкүндіктің соңында қар, бұрқасын болады деп болжанып отыр. Ал соңғы үшінші онкүндікте облыс аумағында ауа-райының жылыну күтілуде» - деді спикер.
Сонымен қатар, «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы Су пайдалану бөлімінің басшысы Мақсат Дарханұлы аймақтағы су жүйелерінің ахуалы туралы мәлімдеме жасады.
«Өңірде 18 суқойма, 11 су тоспалары бар. Сонымен қатар, ұзындығы 1 299,184 шақырымды құрайтын 104 магистральды канал бар. Ал, шаруашылықаралық каналдар саны - 111, олардың жалпы ұзындығы - 837,601 шақырым. Облыстағы жалпы каналдар саны - 1 894, олардың ұзындығы - 5 781,2 шақырым. Одан бөлек, ұзындығы 3 086 шақырым 408 дана қашыртқылар мен 1 208 тік дренажды ұңғымалар бар. Су тасқынына қарсы барлық темір қақпалары, көтеру-түсіру құрылғылары тексеріліп, ақаулары жөнделді. Өзендерден бастау алатын каналдардың бас су құрылымдарын бекітіп, сағаларын нығайту жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, төтенше жағдайдың алдын алу және қауіпсіздікті сақтау іс-шаралары бойынша инертті матералдар мен жанар-жағармай қоры жеткілікті» - деді сала маманы.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі