Экологтар Түркістанда бас қосты
Түркістанда «Экологиялық жағдайды жасыл желектерді дамыту жолымен жақсарту және ауыл шаруашылығы дамуындағы мәселелер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өз жұмысын бастады. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Шараға облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы, Өзбекстан, Қырғызстан, Үндістан мен Пәкістан елдерінен келген академик-профессорлар мен еліміздің эколог және орман шаруашылығы мамандары, ғалымдар-профессорлар, табиғат жанашырлары, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты. Конференцияны ҚР Ауыл шаруашылығы академиясының Ясауи білім тарату орталығының директоры Битөре Жұмақанов жүргізіп, бүгінгі басқосудың мақсатына тоқталды.
Халықаралық жиынды облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы ашып беріп, келген қонақтарға алғысын білдірді. Алдағы уақытта бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Сондай-ақ 5 жыл ішінде облыс көлемінде көптеген нәтижелі жұмыстар атқарылғанын атап өтіп, Түркістан қаласы ерекше келбетке еніп, дамудың даңғыл жолында екендігін жеткізді.
–Бүгінгі өткізіліп отырған Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның біздің өңірде өткізілуі және ҚР Ауыл шаруашылығы ғылымдар академиясы орталығының Түркістан облысында ашылуы кездейсоқтық емес деп білемін. Түркістан облысы климаттық орналасу, жұмыс күші тұрғысында ауыл шаруашылығын дамытуда ең қолайлы өңір болып саналады. Облыста 74 мың агроқұрылымдар тіркелген. Бұл Республикалық көрсеткіштің 31 % және елімізде өндірілетін ауыл шаруашылығы жалпы өнім көлемінің 12 % өңірдің үлесінде немесе 1 трлн. теңгеден асады. Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени әрі рухани Астанасы етіп қалыптастыру кезеңінде оның үстіне, Түркістанды туристік мекен ету үшін, табиғаты құрғақ, жазы ыстық, аңызақ желді өлкені көгалдандыру басты күн тәртібіне қойылып бірқатар ауқымды жұмыстар жасалды. Сонымен қатар, біз ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған жобаларды оның ішінде «Қарқынды бау», «Бір алқаптан 2-3 өнім алу», «Нольдік технологиялар», «Су үнемдеу технологияларын ендіру» бағыттарына басымдылық беріп келеміз, – деді ол.
Одан соң Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы ғылымдары Академиясының президенті Тілектес Есполов сөз сөйлеп, соңғы бес жылда Түркістан облысы көптеген игі жобаларды, бастамаларды іске асырып келетінін айтты. Қазіргі таңда Түркістан қаласы, көпшіліктің назарын өзіне қарататын, айналасы жасыл желектермен дамып, өзінің көне тарихи келбетін сақтап отырған киелі мекен екеніне тоқталып, қаланың аумағы күн өткен сайын көркейіп, инфрақұрылымы мен экономикасы арту үстінде екенін жеткізді.
–Орман қорын үлғайту мақсатында 2,0 млрд, елді мекендерде 15,0 млн. ағаш отырғызу – әлем деңгейіндегі жаңа бастама, бұл жобаның әлемдік экономиканы Декорбонизациялау мақсаттарымен үйлеседі. Осы орайда, жақсы мысал ретінде Эфиопияның Сахарасын, Қытай еліндегі 12 шөлді құм кеңістіктерді (Такла-Макан, Гоби, Алашань т.б.) жасылдандыруды оңтайлы шешім деп қарауға болады. Ғалымдарымыздың зерттеулері бойынша, Қазақстанның оңтүстік пен оңтүстік-шығысындағы Іле-Балқаш-Қапшағай Дельтасында бір млрд ағаш егу арқылы осы аймақтың экологиялық проблемалары мен су жинақтау үрдісін 40-80 пайызға дейін арттыруға болады. Түркістан облысының агроөнеркәсіп кешені азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде орасан зор үлес қосуда. Осы бағыттағы жұмыстарды инновациялық жолмен жедел дамыту үшін, Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Ғылыми-зерттеу институттары мен тәжірибе шаруашылықтарының көпжылдық ізденістері мен тәжірибелері нәтижесінде: жаңа технологиялар, орман алқаптарын дамыту, ауылшаруашылық дақылдары мен бау-бақша өсімдіктерінің бәсекеге қабілетті жаңа сорттары, мал тұқымдары, оларды ауру мен зиянкестерден қорғау әдістері, шикізаттарды сақтау, өндірілген өнімді қайта өңдеу жолдары әзірленген. Осы бағыттағы ғылыми жаңалықтарды жедел өндіріске еңгізу мақсатында, бүгін еліміздің жетекші ҒЗИ басшылары мен ғалымдары осы конференцияға қатысып отыр, олар өздерінің баяндамаларында өз ұсыныстарын айтып пікірлерін білдіреді, – деді ол.
Айта кетейік, халықаралық конференция кешке дейін жалғасады. Мұнда ғалымдар түрлі тақырыпта баяндама жасап, жиын соңында арнайы қарар қабылдайды деп жоспарлануда. Күні кеше өзге мемлекеттен келген қонақтар Түркістан қаласы маңындағы жасыл алқапты аралап, атақырылып жатқан жұмыстармен танысты. Мұнда табиғат жанашырлары 5 жыл ішінде атқарылған жұмыстарды талдап, өздерінің ұсыныс-пікірлерін білдірген болатын.
Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ұйымдастыруымен өтіп жатқан халықаралық жиын Түркістан облысының 5 жылдығына және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы ғылымдары Академиясы орталығының ашылуына арналған.