Ордабасы биыл газбен 47 пайыз қамтылады
2021 жылы қабылданған «Қуатты өңірлер ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасы бойынша елді мекендердің тұрғын үй-коммуналдық жағдайды жақсарту көзделіп отыр.
Аталған жобаға сәйкес Ордабасы ауданында өткен жылы 4 елдімекенге табиғи газ берілді. Биыл 18 елдімекен газбен қамтылып, көгілдір отынмен қамту көрсеткіші 47,8% жетеді. Бұл туралы брифингте аудан әкімі Нұрбек Бадырақов мәлім етті.
Аудан әкімінің айтуынша, қазіргі уақытта ауданда газбен қамту жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Осы ретте, биыл бірқатар елдімекендер көгілдір отынмен қамтылмақ. Олар - Бірлік, Жамбыл, Ақжол, Мақташы, Бейсен, Қараспан, Төреарық, Көлтоған, Берген, Батыр ата, Ынталы, Аманкелді, Көктөбе, Елшібек батыр, Спатаев, Төрткөл, Қызылжар, Қарақұм елдімекендері.
«Бүгінгі таңда халықты сапалы ауызсумен қамту көрсеткіші 94,6% құраса, биыл жыл соңына қарай көрсеткіш 99% жетпек. Ауданның елдімекендері толық орталықтандырылған электр желісімен қамтамасыз етілген. Ал автомобиль жолдары бойынша елдімекендердегі ішкі көшелердің қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 45%-дан 48%-ға жетті. Топырақ жолдардың үлесі 41,2%-дан 35,6%-ға төмендеді. Сонымен қатар, өңірде елдімекен көшелерінің 20,6%-ы жарықтандырылған», - деді Нұрбек Бақтыбайұлы.
Сондай-ақ ауданда былтыр 6 мектептің құрылысы жүргізіліп, 3 нысан пайдалануға берілді, 3-і 2023 жылға өтпелі. «Жайлы мектеп» жобасы аясында 5 мектеп құрылысы үшін жер телімі бөлініп, мемлекеттік актісі алынды. Биыл 300 орындық 1 мектеп құрылысы басталмақ.
Халықты жұмыспен қамту бойынша 2022 жылы «Ұлттық жоба» аясында 4 685 адам жұмыспен қамтылып, жұмыссыздық деңгейі 5,2% құраған. Биыл 6137 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланып отыр.
Ордабасы ауданында жалпы өңірлік өнім былтыр 130,4 млрд. теңгеге жетіп, 2021 жылға қарағанда 14,2%-ға артты. 2023 жылы бұл көрсеткіш 140,9 млрд. теңгеге жетеді деп көзделіп отыр.
Аудан әкімінің мәлімдеуінше, ауданда өткен жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 32,5 млрд. теңгеге жеткен. Ал биыл 36,4 млрд теңгеге жеткізу жоспарланған.
«2022 жылы ауданға 34 млрд. теңгеге инвестиция тартылса, 2023 жылы 37,2 млрд. теңгеге жеткізу межеленді. Жеке инвестициялар есебінен аудан экономикасының дамуына үлес қосатын негізгі 5 жоба іске асып, 140 жұмыс орны ашылды. Олар: «Bokei» ЖШС-ң автоматтандырылған қыш зауыты, «Green Technology Industries» ЖШС ІІ кезені синтепон талшығын өндіру цехы, «Aysyltan Group» ЖШС-ң қыш зауыты, ЖК «Бибитжан» қыш зауыты, ЖК Нұржановтың жол бойы сервистік қызмет көрсету орталығы», - деді аудан басшысы.
Бұдан бөлек, биыл жалпы құны 8,5 млрд. теңгенің 6 инвестициялық жобасын іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде 257 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Атап айтсақ, олар: «Оңтүстік кірпіш» ЖШС темір-бетон бұйымдарын өндіру зауыты, «Батсу Водоканал» ЖШС темір-бетон бұйымдарын өндіру зауыты, «ArlanStroy» ЖШС қыш зауыты, «Gold Aluminium» ЖШС алюминді профиль өнімдерін шығару цехы, «RZN» ЖШС газоблок бұйымдарын өндіру цехы және «Ордабасы Сапар» орталығы.
Айта кетсек, жалпы өңірлік өнімнің 59%-ы ауыл шаруашылығының үлесінде. Былтыр салада 68,2 млрд. теңгеге өнім өндірілген. Ал биыл 75 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланған.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі