Зылиха Жантасова: «Қара жолдың үстінде шашы желбіреп, жүгіріп бара жатқан өзімді көрдім»

Oinet.kz 09-01-2024 3490

Зылиха Жантасова - жазушы, педагог, филолог, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 1973 жылғы 28 қарашада Оңтүстік Қазақстан облысы, Кентау қаласының Ащысай кенішінде өмірге келген.

Screenshot_3.jpg

– Зылиха Тұрарқызы, «Ең ұлы жаңалық – жазу. Одан асқан жаңалық болған емес. Жазудың ойлап табылуы мәңгіліктің біржола мойындалуы» дейді Әбіш Кекілбаев. Сіз қаламға қай кезден бастап жаңалық ашушы дүние ретінде қарай бастадыңыз?

– Мен кен орталығы болып табылатын Кентаудың арғы жағындағы Ащысай деген елді мекенде, қарапайым отбасында өстім. Әкем өзі кенші еді. Техникалық салада жұмыс істесе де, кітапты көп оқитын. Үйде кітап көп болатын. Уильям Теккерейдің, Джек Лондонның, Эмиль Золяның көп томдықтары тұратын. Үйде тұрған соң ертегілерді, повестерді, әсіресе әлем әдебиетін қызығып оқитынмын. Әкем: «Балам, сен әлі әлем әдебиетін оқитын деңгейге жеткен жоқсың. Алдымен қазақ әдебиетін, ауыз әдебиетін оқы», деп ескертетін. Бірақ мені бәрібір әлем әдебиетінің тақырыптары тартып тұратын. 

Сосын менің көңілімде үнемі бір сағыныш жүретін. «Марқұм анамды сағынамын» деп ешкімге мұң шаға алмаймын. Іште сондай бір ауыр дүние жатқан соң, тауға қарап, қырға қарап, биіктігіне, сұлулығына тамсанып, әрнені қиялдайтынмын. Өз ішімдегі ешкімге айтыла бермейтін қиял мен сағынышты қағаз бен қаламға ақтарған шығармын бәлкім. Алғашқы кездері өлең жазатынмын. Әр адамның өз мінезі болады ғой. Мен бала кезімнен өте ұялшақ, аурушаң болдым. Үйге қонақ келе қалса, кеткенше түкпір бөлмеден шықпай отыратынмын. Сонда әкем «осы қызды мақтаға салып өсіреміз-ау» деп күлетін. Әкем мені тәрбиелеуде қаттырақ қиналды ғой деп ойлаймын. Анам да көз жұмарының алдында: «Басқалары өсіп қалды, әрі олар ширақ, пысық қой, Зылихадан қорқамын. Ойланып жүріп тау-тастың арасына, өзенге түсіп кетпесін. Сол қызға абай болшы»,- деп әкеме мені қаттырақ тапсырған екен. Тоғызыншы сыныпты бітірген соң Ордабасы ауданы, Қызылжар ауылына ауыстым. Сол мектепте маған Тамара Махалқызы деген жақсы әдебиетші сабақ берді. Менің әдебиетке деген қызығушылығымды одан әрі дамытып, бір жолға түсірген сол кісі деп айтсам болады. 

Жалпы мен қанша жерден жазып жүргеніммен «жазушы боламын», «қаламгер боламын» деп мақсат қоймаған екем. «Жақсы мұғалім болсам» деп армандадым. Менің оқу бітіруім 1991 жылы Алаш ардақтыларының ақталып, еңбектері енді-енді баспадан шығып жатқан кезбен тұспа-тұс келді. Мағжанды, Ахмет Байтұрсынұлын, Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілегін», «Қартқожасын» оқып отырып, жақсы әдебиетші болсам екен дедім. Сол Қызылжарда оқып жүргенде ең алғашқы «Жүрек күнделігі» деген әңгімемді «Жас Алаш» газетінің почтасына жібердім. Бірақ ол біраз уақыт бойы басылмаған соң, ол туралы мүлде ұмытып кетіппін. 1991 жылы 12 сәуірде «Жас Алашқа» жарты бет боп сол алғашқы әңгімем шығыпты. Оны сабақ үстінде мектеп директорымыз мені тұрғызып қойып: «Біздің Жантасованың әңгімесі «Жас Алашқа» шығыпты»,- деп жария етті. Ол кезде «Жас Алашқа» екінің бірі шыға бермейтін. Мен аң-таңмын. Әңгіме жазатынымды ешкім білмейтін сол күнге дейін. Құдды бір ұрлығым ашылып қалғандай, ыңғайсыз бір хал кешіп, «Қандай әңгіме ол? Қандай әңгімем ол?»,- деп қайталай беріппін. 

Студент кезімде жазған өлеңдерім мен әңгімелерімді Нармахан Бегалыұлына көрсеттім. Сонда ол кісі «Сенің өлеңдеріңнен гөрі, прозаң дұрыс екен. Өлең жазатын болсаң әрі кетсе ортаңқол ақындардың санын көбейтесің. Одан да прозаңа көбірек көңіл бөлсейші»,- деді. Нармахан ағаның сөзі қатты әсер етіп, содан кейін өлең жазбай кеттім. Бұл бір жағынан біздің буынның үлкенді сыйлап, сөзін екі етпей өскеніміздің нәтижесі шығар. Одан бөлек, менің де ішкі түйсігім осы пікірді қолдап тұрды. Студент кезде де жанымда жүрген қыздар менің жазатынымды біле бермейтін. Әңгімелерім түрлі басылымдарда жарық көре бастағанда, қыздар аң-таң болысып жататын. Өзім  көптің көзіне түсуге талпынбайтын, ұяң болдым.

– Алғашқы кітабыңыз қашан жарыққа шықты?

– Шымкент қаласындағы «Қайнар» университетінде жұмыс істедім. Сол кезде марқұм Мархабат ағаны кездесу, жиындарда көріп тұратынбыз. Сол уақыттарда менің біраз әңгімелерім «Жас Алашқа» шықты. Сондай кездесулердің бірінде Мархабат аға: «Әңгімелерің біраз болып қалды. Кітап шығару керек»,- деді. Оған дейін кітап шығару керек екен деген дүние ойыма кіріп шықпаған екен. 

Солай Мархабат ағаның ұсынысымен ең алғашқы «Сағыныш» атты кітабым жарық көрді. Көлемі аз ғана, 80 бет болып шықты. Алғысөзін Мархабат ағаның өзі жазды. Ал кітаптың шығуына Нармахан аға демеушілік жасады. Жалпы айтқанда, «Сағыныш» деген алғашқы кітабымның тарихы осындай.

Одан кейін 2011 жылы «Жанымның жаз ғұмыры», 2019 жылы «Тағдыр биі», биыл 2023 жылы «Мейірім мұнарасы» деген кітаптарым жарық көрді. 

–  «Мейірім мұнарасының» тұсаукесерінің өткеніне де көп бола қойған жоқ. Жаңа кітабыңыздың жарық көруімен құттықтаймын! Жалпы осы кітапқа кеңінен тоқталып өтсеңіз.

– Биыл мен 50-ге толып отырмын. Күйеуім екеуміз осы 50 жасқа кітап шығарамыз деп жоспарлап жүргенбіз. Бірақ, өзің де білесің, биыл қапыда отағасынан көз жазып қалдым... Сол үшін туған күнді кең көлемде тойламасам да, өзіме есеп бергенім болсын, жолдасым екеуміздің жоспарымыздың орындалғаны болсын деп «Мейірім мұнарасы» кітабын өзім шығарып, дүниеден өткен жарым Әшіров Талғат Сайлаубайұлының рухына арнадым. 

Кітапта о баста 15 әңгіме болған. Бірақ 50-ге толғандағы елге тартқан тоғызым болсын деп, 9 әңгіме қалдырдым. Оларды қысқартудың тағы бір себебі, алып тастаған әңгімелер мейірім тақырыбына келіңкіремейді. Одан бөлек бұл кітаптың ішінде, эссе, әдеби мақала, сұхбаттар да бар. Жалпы менің әңгімелерімдегі кейіпкерлердің бәрі өмірде бар, жанымда жүрген немесе тосын кездескен адамдар. Себебі, мен көзбен көріп, бастан кешпеген тақырыптарды жазуға жүрексінемін. Өте аз жазатын себебім де сол. Сосын ішкі автоцензурам күшті. Жазған шығармаларымды кейде жойып жіберемін. 

Кітапта алғашқы әңгіме «Мінәжат» деп аталады. Биыл басымнан өте қиын жағдай өткен соң, туған жерім Ащысайға барып, ата-анамның басына барып зиярат еттім. Одан кейін қырға шықтым. Өте баяу көтерілдім. Бұрын осы қырға көтерілген кезде ішімдегіні ақтарып салатынмын. Ал бұл жолы барған кезде ештеңе айтқан жоқпын. Бір беті биік беткей, бір жағы өте төмен сайда созылып жатқан бір қара жол бар. Жалпы сол ауылдағы басқа қалаға шығып кететін жалғыз қара жол. Биікте отырып сол қара жолдың үстінде шашы желбіреп, жүгіріп бара жатқан өзімді көрдім. 18 жасымда сол қара жолмен шығып кетіп, арада қаншама жыл өткеннен кейін елуді еңсеріп, осы жерге қайтып келдім. Сол екіаралықта өмірім түгел көз алдыма келді. Бұл қара жолдан қалай кеткенім, қандай халде оралып отырғаным, бәрі-бәрін ойландым. Міне осы сезімдерім аталған «Мінәжат» деген әңгімемнің өзегі болды. Ешқандай диалог, оқиға жоқ. Әңгіме «Мұзарт шың мұң шақпайды. Жантайып жатқан қарт тау да байыппен басқан болмысына басын көтеріп қарағандай көрінді. Жұбатпады да, егілтпеді де, қарауытып қарап тұрды. Үнсіздік. Жаны жараланса, үнсіздікке тығылады. Үнсіздікті паналайды. Үнсіздікпен тазарады. Дала мен таудың мінәжатын естіді», - деп аяқталады. Яғни, бұл менің туған жерге барып, мінәжат етіп, тазарып қайтқандағы халім.

Одан кейін «Түркістандық апа» деген әңгіме бар. Мен оқу бітірген соң, сол университетте жұмыс істеп қалдым. Оқуды жаңа бітірген соң үйдің ыңғайы болмай, оның үстіне ағам қатты науқастанып, аяққа тұра алмай қалды. Сол кезде біз ағамды емдейтін емшінің үйіне жақын түркістандық апаның пәтерінде тұрдық. Өте мейірбан апа болатын. Қызы екеуі бізге үлкен үйін босатып беріп, өздері жаздық үйіне көшіп алды. Үйде ағам емделіп жатқан кезде, соны өзі тәй-тәйлап жүргізетін. Өзі перзент сүйе алмаған соң, жас кезінде күйеуіне тоқал әперген. Ол тоқал бір ұл, бір қыз туып беріпті. Түркістандық апа ұл қарашаңырақта қала берсін деп қызын асырап алады. Бірақ қызы өсіп келе жатып, қызыл шығып, дертке ұшырап, дұрыс күтіне алмай, аузынан ақ көбік атып, қайта-қайта құлап қала беретін болыпты. Сонда да «қызың ауру» деп анасына қайтарып бермей, бауырына басып, еркелетіп бар тәтті-дәмдісін аузына тосып өсірген. Ол қыз менен біраз үлкен болса да, маған «әпке» дейтін. Ағам толыққанды жазылмаса да аяққа тұрып, таяғын тастап ол үйден кеткен соң өз тіршілігімізді жасай бердік. Бір күні кездейсоқ түркістандық апаның қайтыс болғанын естідім. Сонда жақындарыма қосып, оның да артына құран бағыштайын десем, аты есіме түспей қойды. Сосын «Түркістандық апаға» деп бағыштадым. Әңгіме жалпы сол түркістандық апаның түсіме кіруімен басталады. Жалпы адамзаттың бойына соншалықты мейірім сыятынын мен сол кісіден көрдім.

«Көңіл айнасы» деген әңгімем аңыздың негізінде жазылған. Қалған әңгімелерді оқырман көңілі тартса, өзі оқи жатар. 

– Жалпы әдеби орта талқысында «проза кенжелеп қалды», «прозаиктер азайып кетті» деген әңгіме жиі айтылады. Прозаның бүгінгі қадам алысы қандай?

– «Проза кенже қалып қойды» дегенге мен келіспеймін. Жақсы прозаиктер, жақсы прозалар баршылық. Енді проза поэзия сияқты сахнада оқыла бермейді, әдеби кездесулерде де қатты насихатталмайды. Сол себепті де прозаиктер жоқ деп ойлайтын шығар. Мен үнемі замандастарымыздың, жастардың прозаларын үзбей оқып отырамын. Алдыңғы буыннан Мархабат Байғұтты, Тынымбай Нұрмағамбетовті, Ақселеу Сейдімбекті жиі оқимын. Табиғаттың тұмсалығын, саятшылықты, қазақтың этнографиялық тұрмысын Ақселеу өте керемет суреттейді. Одан кейінгі әдеби процесстен біз Роза Мұқанованың, Нұрғали Ораздың шығармаларын оқыдық. Кейінгі буыннан Аягүл Мантай қоғамның шынайы бейнесін бере алатын шығармалар жазып кетті. Одан кейін Бейбіт Сарыбай, Лира Қоныс, Бақытгүл Сәрмекова, Жәудір Нартай сынды жазушылардың да прозаларын қарап отырамын. Жақсы жазып жүр. Тек бізде жоғарыда айтқанымдай проза көп насихаттала бермейді. 

Біздің Кентаудағы Есқара Тоқтасын деген жазушы бар. Оның прозасы өте мықты. Ги де Мопассанның қолтаңбасына ұқсас келеді. Барлығын нақты-нақты жеткізеді. Бірақ біз соны насихаттай алмаймыз. 

Әңгімелескен Сезім Мергенбай

«Ата-анамен бірге өмір сүру – үлкен нығмет»: Абай Қалшабек
Фатима Жүнісова: «Кітабы жоқ үйден кетуге асығамын»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу