Нұрлыбек ҚУАҢБАЕВ, желтоқсаншы: «Сайлауда әділетсіздікке ұшырасақ та, халық бізді қолдады»
Азаттыққа жол ашқан Желтоқсан көтерілісінің қатысушысы, бүгінде «Желтоқсан қоғамы» бірлестігінің төрағасы Нұрлыбек Қуаңбаев қашанда халық сөзін сөйлеп, ақиқатты жақтайтын азамат. Ел мен жер тағдыры, тіл мен ұлт мәселесіне келгенде шығар жаны бөлек. Биыл Нұрлыбек Шамшатұлы Парламент Мәжілісі депутаттығына үміткер ретінде сайлауға қатысқан болатын. Қоғам белсендісінен сайлаудың «қызығы» мен «шыжығын» сұраған едік.
– Нұрлыбек Шамшатұлы, осы сайлауда бақ сынап көрдіңіз. Депутаттық мандаттың бұйырмағаны әрине, өкінішті. Қалай ойлайсыз, бұған себеп халықтың қолдауының аздығы ма әлде басқа да себептері болды ма?
– Мәжіліс депутаттығына өтпей қалғанымның бірнеше себебін атай аламын. Біріншісі: бізде тәжірибе жоқ. Желтоқсандықтар тәуелсіздіктен бері алғаш рет сайлауға түсті. Бұған дейін бізді сайлауға мүлдем жолатқан емес. Тіпті, партиямызды да құра алмадық. Бірнеше рет партия құрамыз деп талпынғанымызбен мұнымыздан түк шықпады. Елге белгілі ақын Мұхтар Шахановтың өзі «Желтоқсан рухы» партиясын құрамын деп, мыңдаған қол жинағанымен Әділет министрлігі тіркемей қойған. Партияның жоқтығынан осылайша сайлауға қатысуға мүмкіндігіміз болмады. Ал биылғы сайлауға өзін-өзі ұсыну тәртібі бойынша қатыстым. «Желтоқсан қоғамы» бірлестігінің көптеген мүшелері үгіт-насихат жұмыстарына атсалысты. Тәжірибеміз болмағандықтан бірінші не халықпен жүздесерімізді, не плакат шығарарымызды, болмаса БАҚ өкілдерімен байланысарымызды білмедік. Бір ай уақыт біз үшін аз болды. Оның үстіне сайлау науқаны кезінде әділетсіздіктер орын алды. Мысалы, мен өзім сайлауға түскен Алматы қаласындағы 3-ші бірмандаттық аумақтық сайлау округінің төрайымы Салтанат Есдәулетова таяп келгенде сөзінен тайқып шықты. Тиісті барлық құжаттарымды өткіздім. Декларациядан да өттім. Содан соң Салтанат ханым «енді ақшаңызды төлесеңіз болды, кандидат куәлігін беремін» деді. Ертесіне банкке барып қажетті соманы төлеп, чекті әкеліп бердім. Сөйтсем «сіздің декларацияңыз әлі қаралып жатыр» деп кандидат куәлігін бермей қойды. Тек екі күннен соң декларацияны қайта тексеріп, созбалақтап жүріп әйтеуір куәлікті беріп, кандидаттар тізіміне қосты. Мұндай әділетсіздік басқа да сайлау округтерінде болды. Біреулерге тіпті, миллионнан аса ақшасын төлетіп, куәлігін берген соң да декларацияң дұрыс емес деген сылтаумен кандидаттар тізіміне қоспай қойған. Бұл енді әділетсіздік емей, немене?! Сондықтан сайлауды 100 пайыз таза өтті деп айта алмаймын. Әйтсе де, сайлау әділ өткен округтар болды. Айталық, біздің жігіттер бірнеше аймақты қадағалады. Әкім, басшылардың бұйрығы секілді бармақ басты, көз қыстыға жол бермеді. Егер сайлау округтарын тышқан өтпестей осылай қадағалап, халық өзі таңдаған кандидатқа келіп дауыстарын берер болса сайлау әділ өтетініне көзіміз жетті. Бұл сайлауда тағы бір көзім жеткен нәрсе – халықтың желтоқсандықтарды қолдайтындығы. Тұрғындармен кездесу барысында «Желтоқсандықтар өтсін, олар азулы, қайсар болады. Біз сіздерді қолдаймыз» деген пікірлерді жиі естідік. Бұл сайлаудан өтпесем де халықтың ықыласына, көрсеткен құрметтеріне қуанып, риза болдым.
– Фейсбук парақшаңызда жаңадан сайланған Мәжіліс депутаттарына үш ұсынысыңызды жазыпсыз. Осы ұсыныстарыңыз туралы кеңірек айтып өтсеңіз...
– Бірінші ұсынысым: Ресей мен Қазақстан арасындағы 7500 ша¶ырым шекараны екі айға жабу. Мұндай ұсынысты айтуға Ресей мен Украина арасындағы соғыс себеп болып тұр. Орыстар ертеңгі күні елімізге де шабуыл жасай салатындығына көзім жетіп тұр. Өйткені оларда баяғы Кеңес Одағынан қалған Орта Азия біздің қол астымызда болуы керек деген империялық көзқарас әлі де бар. Ресейдің Украинаға соғыс ашуының себебі жер мәселесі емес. Айтыңызшы, әлем бойынша жер көлемі жөнінен бірінші орында тұрған Ресейге жермен жексен болған Луганск, Донецк секілді кіп-кішкентай облыстар керек пе? Игергіш болса өздерінің Солтүстік мұзды мұхит жағалауынан бастап батыс сібір, қиыр шығысын-ақ гүлдендіріп, экономикасын көтеріп алмай ма? Сондықтан Кремльде басқыншылық пиғылды басшылар отырғанда бізге шұғыл түрде шекараны уақытша жабу керек. Мұндай қадамға бару бізге де оңай болмасы анық. Алайда осындай батыл қадам жасамасақ қауіптің бетін қайтаруға күшіміз жетпесі анық. Құдай бере салған көршімізден қашып құтыла алмаймыз. Тек сақтануымыз керек. Ол үшін біз олармен тең дәрежеде саяси экономикалық қарым-қатынасқа көшуіміз керек. Әсіресе, Қазақстанға шұғыл түрде Кедендік одақ, ЕуроАзиялықОдақ, ТМД секілді ұйымдардан шығу керек. Олардың ешқайсысында еліміздің мүддесі қорғалмаған. Айталық Кедендік одақтан түсетін пайданың 80 пайызын Ресей алса, қалған 20 пайызын ғана бізге береді. Ал тәуелсіздіктен кейін құрылған ТМД-ның құрамында Балтық бойы республикаларын қоспағанда сол баяғы КСРО-ның құрсауында болған 12 мемлекет бар. 2008 жылы Грузия ұйымнан шығамын деп Абхазия және Оңтүстік Осетия секілді екі бірдей аймағынан айырылды. Енді міне, Украина да бұл ұйымнан шығып, батысқа бет бұрамын деген ниетінен соғыс өрті тұтанып кетті. Бұл дегеніңіз ТМД да Ресейдің қас-қабағына қарап отырған, соның мүддесіне жұмыс істейтін ұйым. Сол себепті Кремльдің уысында тұрған осындай ұйымдардан тез арада шыққанымыз абзал.
Екінші ұсынысым: шекараны жапқаннан кейін шұғыл түрде Түркия, Қырғыз, Әзербайжан, Өзбек, Түркімен басшыларын Қазақстанға шақырып, қауіпсіздік кеңесін өткізу қажет. Түркиядан байрақтар, қару-жарақ алып, қажет болған жағдайда Түркия, Қырғыз, Әзербайжан, Өзбек әскерлерін уақытша Қазақстанға кіргізу. Түптеп келгенде осы Түркі мемлекеттерінің Одағын, әскери блогын құрған жөн. Осылай жұдырық болып жұмылғанда ғана Ресей аяқ тарта бастайды.
Үшінші ұсынысым: Жапония, Германия сияқты елдерден кеңесші-реформаторларды шақырту. Мықты саясаткерлердің көмегімен 30 жылда сағызша созылып, реттеле алмай келе жатқан ішкі реформамызды түзететін болсақ жемқорлық, дін, тіл мәселелері, әкімдерді сайлау тағы басқа проблемалар жүйеге келер еді.
– Бір сөзіңізде Қазақстан Халқы ассамблеясының бізге керегі жоқ депсіз. Егер ассамблея таратылса, Қазақстанда қандай өзгерістер орын алуы мүмкін?
– Қазақстан Халқы ассамблеясының расымен де бізге керегі жоқ. Н.Назарбаев билікке келгеннен кейін елдегі зауыт, мекеме, өндіріс ошақтарын туған-туыстарына жекешелендіріп берген кезде қазақтар бас көтеріп, қарсы шықты. Ассамблея сол кезде өзге ұлт өкілдерін «сендер қазақтармен теңсіңдер» деген ұранмен өз ығына жығу үшін пайда болған ұйым. Ассамблея керек десеңіз этнос өкілдерінің дәрежесін қазақтардан жоғары етті. Осы күнге дейін Мәжіліске Ассамблеяға мүше өзге ұлт өкілдерінен 9 бірдей депутат сайланып емес, тағайындалып келді. Ал біз мұнда қазақтар терлеп-тепшіп дауыс жинап жүрдік. Ел басына күн туып, қиындықтар туындағанда ұйым құмға басын тыққан түйеқұстай бұғып отыра қалады. Әр жылдары орын алған ұлтаралық қақтығыстар кезінде олар қайда болды, неге үнсіз отырды?! Ел мүддесі үшін жұмыс істемейтін мұндай ұйымды біріншіден, үй ішінен үй тігу деп есептеймін. Екіншіден, қаржы жағынан шығын келтіруде. Сол себепті мұндай ұйымды тарату керек!
– Биыл Желтоқсан көтерілісіне 37 жыл. Осы уақыт аралығында сол бір зұлмат жылдың шындығын аша білдік пе?
– Жоқ. Шынын айтқанда Қонаев, Колбин, Назарбаевтың таққа таласынан туындаған сол көтерілісте нақты қанша адамның қайтыс болғанын да білмейміз. Сол кезде Алматы қаласындағы алаңға 70 мыңға жуық адам жиналдық. Өз талаптарын жеткізген жастардың рухын жергілікті полиция, әскерилер баса алмады. Үш күнге созылған көтерілісті тоқтатуға Кеңес Одағының 8 қаласынан әскер шақыртылды. 1986 жылдың желтоқсанында әлі талай ашылмаған сыр жатыр. Мен үшін бұл маңызды тақырып болғасын әлі зерттеп жүрмін және зерттелуі керек. Желтоқсан көтерілісі кеңестік кезеңдегі Қазақ Республикасының саяси қоғамдық өмірінде, ұлт тарихында аса үлкен орын алды. Басымыздан өткен жайды ұмыту мүмкін емес. Қаншама өрімдей жастар, ұл-қыздар жазықсыздан жазықсыз жапа шекті, қуғындалды, азапталды, сотталды... Кеңес өкіметінің аяусыз билігі тағдырларын талқан қылды. Оқуларын аяқтай алмай, өмірдегі мұрат-мақсаттарына жете алмай қалған жастарымыз қаншама. Осы жайттардың барлығын ойласаң кеудеңді, шыбын жаныңды қайғы-мұң кернейді... Желтоқсаншылар – өз замандарының, өз дәуірінің нағыз қаһармандары! Мұны бүгінгі ұрпақ та, келесі буын да білуі керек. Зердеге құятын, санаға сіңіретін ерлік жолының бірі де, бірегейі – осы Желтоқсан! Сондықтан, тәуелсіз қазақ елінің билігі желтоқсанды оқиға емес, көтеріліс деп танып, оның саяси-құқықтық мәртебесін беруі керек.
– Елімізде көзі тірі Желтоқсаншыларға лайықты сый-құрмет көрсетіліп келе ме?
– Сый-құрметтен құр қалып жатырмыз десек өтірік болар. Әйтеуір жергілікті әкімдіктер мереке қарсаңында іс-шараларға шақырып алғыс хат, медаль табыстап, біздің көңілімізді аулауға тырысады. Мейрамханаларға апарып құрбан болғандарға құран оқытып тұрады. Одан бөлек жоғары оқу орындарында, мектепте жастармен кездесулер ұйымдастырып, конференцияларға қонақ ретінде шақырып тұрады. Алайда заң жүзінде желтоқсандықтарға ешқандай мүмкіндіктер, жеңілдіктер қарастырылмаған. Біздер Алматы қаласынан өзге өңірлерде автобуста тегін жүрмейміз, медицина мекемелерінде тегін ем алуға мүмкіндік қаралмаған, санаторияға жолдамалар мүлдем берілмейді, әуе, темір жол билеттеріне де ешқандай жеңілдіктер жоқ. Ал мұндай жеңілдіктер Ауған соғысының, Чернобыль апатының қатысушыларына, тіпті Тәжік-Ауған соғысына қатысушыларына қарастырылған. Сондықтан желтоқсандықтарға бірінші кезекте дастархан, концерттің айналасында емес заң жүзінде көңіл бөлінсе екен дейміз. Екіншіден, былтыр 17 желтоқсан – демократия күнін Президент Тоқаев қызыл датадан алып тастады. 17 желтоқстан қызыл күн болып қалғаны дұрыс деп есептеймін. Үшіншіден, Желтоқсан көтерілісіне қатысқандарың саяи әлеуметтік жағдайын көтеру үшін арнайы заң қабылданса дейміз.
Сұхбаттасқан Айнұр Оңғарбай