Жыртық аяқ киімнен шыққан ақша
15-11-2022
«Отыз жасында орда бұза алмаған қырық жасында қамал ала алмайды» дейді қазақ. Ал бұл жігіт отыз жасында орданы да бұзып, қамалды да алған жан. Білектің емес білімнің күшімен. Асхат Жұмабеков - 2018 жылдың "Үздік педагогы», әлемнің топ-50 мұғалімі қатарына кірген тұңғыш әрі жалғыз қазақ. Монография, 3 кітап пен 6 авторлық құқықтың иесі. «Болашақ» стипендиясының ғылыми тағылымдама бағдарламасы бойынша 2016 жылғы түлегі (Финляндия). 2012 және 2013 жылдарда «Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті – Ұлт көшбасшысы қорының» республикалық студенттік шәкіртақыларға іздену байқауының екі дүркін лауреаты болған. 2017 жылдан бері Асхат Советханұлы Назарбаев университетінің ғалымдарымен бірге ғылыми жұмыс және Қазақстан Республикасының жас ғалымдарын қолдау жөніндегі “Scinet” менторларының бірі болып табылады. Ұстаз деген есімді ұлықтап жүрген 32 жастағы білікті маманды әңгімеге тартқан едік.
Асхат Жұмабеков, «Семей қалалық физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің» физика сарапшы мұғалімі
- Асхат Советханұлы, аға буын өкілдерінен «Біз мұғалімнен қорқатынбыз, олардың айтқаны біз үшін заң еді» деген сөздерді жиі естиміз. Ал қазіргі оқушы мен мұғалімнің қарым-қатынасы қандай?
- Заманға өкпелеуге болмайды. Сол кезеңнің білім жүйесінің талабы мұғалім мен оқушының арақатынасын қатайтып жіберген болар. Ал қазіргі заманда шәкірттерге өзіңді қорқытып сыйлатқыза алмайсың. Керісінше, екеуінің арасында сенімге құралған қатынас болуы керек. Егер баланың бойында үрей болса, ол мұғалімнен қашқақтап, көкейіндегі сұрақтарын саған қоя алмай іштей тына береді. Бұл кедергіні оқушы мектеп бітіргенше жеңе алмай кетуі мүмкін. Сол себепті қазіргі ұстаз оқушының жанашыр досы, сырласы, мотиваторы болуы керек. Мұғалім балаға тек білім беретін адам емес бағдар беруші, жол сілтеуші, бойындағы қабілетін аша білетін адам. Әр бала шырақ секілді, тек оны жаға білу керек. Бұл бүгінгі ұстаздың міндетінің бірі.
- Global Teacher Prize («Әлемнің үздік ұстазы») халықаралық байқауы туралы сұрамай кетпеске болмас. Байқауға қатысу қиын болды ма? Халықаралық сыйлықтың амбассадоры атандыңыз. Бұл қазақ елі үшін үлкен жетістік, жеңіс деп санаймын. Ал бұған өзіңіздің көңіліңіз толды ма?
- Байқауда бас жүлдені жеңіп алмасам да сайыс менің өміріме елеулі өзгерістер алып келді. Әлемнің үздік ұстаздарының қатарына ендім, халықаралық сыйлықтың амбассадоры атандым. Қазақстанда осында жетістікке жеткен алғашқы педагог екенімін. Сондықтан әрине көңілім толады. Конкурста қазақ елінің намысын қорғап шыққасын үлкен жауапкершілікті сезіндім. Ұжымдастарым, оқушыларым үлкен қолдау білдірді. Жарыста көптеген шетелдік әріптестеріммен танысып, қазіргі таңда бірігіп жұмыс атқарып жатқан жайым бар. Ендігі мақсатым ауыл мұғалімдерін сол шетелдік мамандармен таныстырып, бірлесе жұмыс жасауына, тәжірибе алмасуларына жол ашсам деймін.
- Финляндияның Білім және мәдениет министрлігі докторантурада оқу жөнінде ұсыныс білдіріпті, грант та беріпті. Бірақ сіз бас тартыпсыз. Неге?
- Елге оралу менің азаматтық парызым. Біріншіден мұнда мені шәкірттерім күтіп отырды. Алған білімімді, жинаған тәжірибемді әріптестеріммен, оқушыларыммен бөлісу керек деп шештім. Ең бастысы ол жақта жүріп туған елімді, Отанымды қатты сағындым. Сондықтан мұндай мүмкіндіктен бас тарттым және бұл шешіміме өкінген емеспін.
- Елімізде білім саласы жиі сынға ұшырайтыны жасырын емес. Мектеп пен мұғалімдердің жетіспеуі, оқулықтардың сапасының нашарлығы, онда қателіктердің көптігі т.б... Сіз шетелде білім алып келген қазақ жастарының бірісіз. Өзіңіз білім алған Финляндия еліңің білім саласын салыстырып та көрген боларсыз. Біздегі кемшіліктер мен жетістіктер қандай?
- Маған жиі қойылатын сұрақтардың бірі осы. Менің айтарым екі елді салыстыру дұрыс болмас. Себебі олардың тарихы, мәдениеті, білім саласы мүлдем бөлек. Финляндия 2017 жылы тәуелсіздігінің 100 жылдығын тойлады. Ал біздің азат ел болғанымызға енді 30 жылдан асты. Сондықтан олардың жеткен жетістіктеріне біз енді қадам басып келе жатырмыз. Фин білім ордаларында жүріп көкейге түйген ойларымды айтатын болсам ол жақта оқушылардың білім алуына теңдей жағдай жасалған. Мәселен бір оқушыда планшет болып, екіншісінде болмауы мүмкін емес. Мектеп пен оқушылардың материалдық жағдайын мемлекет түгел жасап қойған. Біздің елде әсіресе, пандемия кезінде оқушылардың білім алу жағдайы тең еместігін көрсетті. Бір ауылда интернет жоқ болса, енді бір оқушыда ноутбук болмады, кейінгісінің планшеті жоқ дегендей... Қашықтықтан білім алу кәдімгідей қиындық туғызды. Мұғалім мен оқушының білім беруге , алуға барлық мүмкіндігі жасалған жағдайда сапалы білімді талап етуге болады. Оқулығы жоқ немесе оқуға қажетті құрал-сайманы түгел емес баладан «неге сабақ оқымадың?» деп қалай сұрайсың. Сондықтан мектеп ошақтарында материалдық-техникалық база мықты болса білім сапасы да жоғары болады. Екінші байқағаным Финляндияда теориядан кейін міндетті түрде практикалық сабақтар болады. Мен осы тәсілді қазір сабақтарымда қолданамын. Тағы бір айта кететін жәйт фин елінде педагогтардың статусы жоғары тұрады. Мәселен біздер өнерпаздарға, спортшыларға қалай құрмет көрсетсек ол жақта мұғалімдерге сондай жоғары құрметке ие. Олар ұстазға оқушы ғана емес бүтін ұлт тәрбиелеушісі ретінде қарайды. Сонымен қатар ұстазардың бос уақыттары бар. Сабақтан кейін өзін-өзі дамытуға, жоспаларын іске асыруға уақыттары жетеді. Ал бізде мұғалімге артылған жауапкершілік өте көп. Уақыты тығыз. Ғылыммен шұғылдануға мұршалары болмай жатады. Қазақстанда педагогтардың мәртебесі енді ғана көтеріліп, лайықты сый-құрмет көрсетіліп, еңбектері бағаланып жатқанына қуаныштымын.
- Мүмкіндігі шектеулі балаларға инклюзивті білім беруге, «ерекше балалардың» қоғамға енуіне көмектесуге ат салысып жүргеніңізді білеміз. Осы жұмыстарыңыз туралы толығырақ айта кетсеңіз?
- Финляндияда тағылымдадан өтіп жүрген кезде жалпы және Қазақстан Республикасындағы инклюзивті білім беруді зерттеу бойынша жұмыс істеп бастаған болатынмын. Мен үшін бұл жай мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту ғана емес, «ерекше балалардың» қоғамға енуіне көмектесу болып табылады. .Ресей және Финляндия сарапшыларымен тығыз байланыса отырып осы тақырыпта ортақ монография жазып шығардық. Бірнеше жыл осы мәселемен айналысып, бұл жұмысқа шәкірттерімді де жұмылдырдым. 2017 жылы шәкірттерім ерекше балаларға білім беретін мектептің бірегей моделін жасап шығарып, республикалық конкурста жүлдеге ие болды. Тағы бір оқушым инклюзивті білім берудің ттімді бағдарламасын ойлап тапты. Қазір бұл еңбегін патенттеп алуды жоспарлап отырмыз.
- Семейдің тумасы екенсіз. Полигонның зардабын, өңір тұрғындарына тигізген залалын бала күніңізден көріп өскен боларсыз. «Невада-Семей» ядроға қарсы қозғалысына белсене араласып, түрлі зерттеулер жүргізуіңізге басқа не түркі болды?
- Ядродан зардап шеккен жерлестерімді, полигонның кесірінен қаңыраған қаламды көрген сайын туған өлкемді бұл қасіреттен қалай құтқарсам деген сұрақ жиі мазалайтын. Студент кезімде полигонның «жемтігіне» айналған Семейдің өркендеуіне қалайда үлес қосамын деп мақсат қойып, 2011 жылы Халықаралық «Невада-Семей» ядроға қарсы қозғалысының мүшелігіне кірдім. Радиацияның зияны туралы зерттеу жұмыстарына қатысып, 5 жылдық еңбектің нәтижесінде 2015 жылы «Невада-Семей» халықаралық ядроға қарсы қозғалыстың вице- президенті Сұлтан Қартоевпен «Ядросыз әлемдегі Қазақстан жолы» атты кітап шығардық. Ол Германияның кітап палатасында басылып шықты. Семей ядролық полигоны жабылуының 20 жылдығы қарсаңында төс белгіге ие болдым. Бірақ мен үшін маңыздысы марапат емес. Менің бұл бағыттағы жемісім деп мектеп оқушыларын жұмылдыра отырып, оларға полигон, энергетиканың қазіргі даму тенденциялары жайлы мәселенің маңыздылығын көрсетіп, сол арқылы олардың белсенділігін, аймаққа қатысты мәселелерге қызығушылығын және патриоттық рухын оята білуім деп санаймын. Қазір шәкірттерім де осы ұйымның белсенді мүшесі және түрлі зерттеулермен айналысып келеді.
- Жақында Президент Қ.Тоқаев жаңа Абай облысын құруды тапсырды. Оның орталығы – Семей қаласы болмақ. Бұл тарихи шешім қалаға нендей өзгерістер алып келеді деп ойлайсыз?
- Ең алдымен барша семейліктердің атынан мемлекет басшысына алғыс айтамын. Семейдің қазақ халқы үшін қымбат, маңызы зор, мәдениет пен тарихтың талбесігі екенін билік түсінгеніне қуаныштымын. Абайдың туған жері барша қазақтың құндылығы деп білемін. Қаламыздың жаңа облыс орталығына айналуы - шаһардың экономикалық, әлеуметтік потенциалын көтереді деген сенімдемін. Қазір өңірде екі қолға бір күрек таппай жүрген жандар көп. Ендігі кезекте жаңа жұмыс орындары ашылып, мәдени ошақтар көбейіп, жол, су мәсеелері оң шешімін табады деген ойдамын. Әсіресе медицина саласы жолға қойылып, тұрғындардың денсаулық сапасы артса деген арманым бар. Семей кезінде облыс орталығы статусынан айырылғаннан кейін қараусыз қалаға айналды. Алдағы уақытта жаңа мәртебеге ие болған аймақ қайта жаңғырып, гүлдер. Семей халқы патриот келеді, Абай есімін үлкен жауапкершілікпен арқалап жүреді деген сенімдемін.
- Мұғалімнің бойында болуы тиіс басты үш қасиетті атап беріңізші?
- Жауапкершілік, мақсат қоя білу, өзін-өзі дамыту.
- Әсерлі сұхбатыңызға көп рахмет!