2013 жылдың ең табыскер өнер жұлдызы болған Қайрат Нұртас феноменінің құпиясы неде?
Қазақ эстрадасының даму жолы – қазақ тілінің қоғамдағы өз орнына ие болуға ұмтылысы секілді, ауыр жол. Тыңдарманның ес-түсін көрші елдің өнерпаздары алып, қазақ сахнасында төрт-бес әнші ғана төбе көрсеткен кездер де бастан өтті. Тәуелсіздік алған 90-жылдары да ұлт өнерін ұлықтау өте сылбыр жүргізілді. ХХІ ғасырдан бастап қана қазақ эстрадасы еңсе тіктеді. Өйткені, тұрғылықты ұлттың үлес салмағы артты, саны көбейді, «КСРО» деген империяны еміс-еміс естігені болмаса, «жыға танымайтын» жаңа ұрпақ қалыптасты. Оларға ресейлік эстрада қажет болған жоқ, олар тек қазақ әнін талап етті. Міне, осы кезеңде өнер сахнасына «МузАрт» шықты. Жас буынның ұлттық эстрадаға деген ұлан-асыр қызығушылығы басталды.
Осы кейінгі он шақты жылдан бері қазақ жастарының төл эстрадаға махаббаты одан бетер берік бола түспесе, бәсеңсіген жоқ. Олардың сүйікті әншілерінің қатары да бірте-бірте арта бастады: «Жігіттер» квартеті, Еркін Нұржанов, Жұбаныш Жексенұлы... Міне, осылардың ізін ала эстрада көгінде Қайрат Нұртастың жұлдызы жанды.
Қайрат Нұртас – жоғарыда аталған әріптестері секілді, өзін-өзі жасаған адам. Ол күні бүгінге дейін өнерде біраз биіктерді бағындырған болса, соның бәріне өз еңбегімен қол жеткізіп отыр. Әнді, өлеңді, мақаланы, әңгімені, пьесаны, кескіндемені, басқа да өнер туындысын әркімнің әрқалай қабылдауы – заңды. Елдің бәріне бірдей ұнау мүмкін емес және ол міндетті де емес. Алайда Қайраттың концерттеріндегі қарақұрым халықты, сыртта билет таппай жүрген қаншама жасты, ғаламтор арқылы клипін тамашалаушылардың санын, ол туралы мақала шыққан журналдардың тез арада өтіп кетуін ойласаңыз, мұның бәрінің жайдан-жай еместігін аңғарар едіңіз. Қазір «Меломан» дүкендер желісінде дискілері ең көп сатылатын қазақстандық орындаушы да – Қайрат Нұртас. Демек, ол – жүз адамның немесе мың адамның сүйіктісі емес, жүз мыңдаған тыңдарманға, бәлкім, миллиондарға ұнайтын өнерпаз.
Рас, Қайрат орындап жүрген әндердің бәрін даусыз шедевр дей алмайтынымыз анық. Оның ішінде төрт аяғы тең түскен жорға-әндер де, әрлеуі келіскенімен, әуені әрі-сәрі дүниелер де, сазы көкірекке құйылғанымен, сөзі көкейге қоныңқырай бермейтін ортаңқол шығармалар да кездеседі. Сондықтан өнер туындысының барлық қыры да жоғары талғамға сай болуын талап ететін тыңдармандарға Қ.Нұртас әндері аса әсер етпеуі де мүмкін. «Талғамға талас жоқ» деген осы.
Бірақ Қайраттың негізгі тыңдармандары – жастар екенін еске алсақ, оның қазіргі табысының сырын дұрыс ұғынар едік. Өйткені, біріншіден, жастардың бәрі бірдей өнер туындысына жоғары талап қоя бермейді; екіншіден, Қайраттың орындауындағы әндер осы жас буынның кеудесіндегі сүйіспеншілікке тән сан қырлы сезімнің (шаттық, бақыт, мұң, өкініш, сағыныш, т.б.) пернесін дөп басады; үшіншіден, әнші бауырымыздың бойында көрерменді өзіне тарта білетін харизмалық қасиет бар. Осындай себептер біріге, біте қайнаса келе дәл қазір Қ.Нұртастың жұлдызы неге жарқырап тұрғанын түсіндіре алады.
Бүкілхалықтық сүйіспеншілікке бөленген танымал тұлғалар туралы түсірілген фильмдер аз емес. Бұл тұрғыда атақты швед картетінің Австралияға гастрольдік сапары таспаланған «АББА», Алла Пугачеваның өмірі мен өнерін арқау еткен «Ән салатын әйел», Фрэнк Синатра жайындағы «Маэстро» тәрізді туындыларды ерекшелеп атай аламыз. Бұлар – әбден мойындалған, музыка тарихында өзіндік орны бар майталмандар ғой. Ал Қ.Нұртастың өзі туралы «Өкініш» атты фильм шығаруы – біздің елде біркелкі қабылдана қойған жоқ. Себеп екеу: біріншісі – «Қайрат әлі ән өнеріне ешқандай да еңбек сіңірген жоқ» деген көзқарас; екіншісі – «Өкініш» көркем туынды емес, жалпы деңгейі төмен» деген пікір.
Жасыратыны жоқ, мен осы уәждердің екеуіне де қосыламын. Әсіресе екіншісіне. Сценарий, режиссура, актерлер ойыны – бәрі ақсап жатыр. Ақыры кіріскен соң, сапалы кино жасау керек еді. Сірә, Қайрат қазір өз танымалдығының шырқау шыңында екенін ұғынып, соны сәтті пайдалануды көздесе керек. Егер осылай болса, онда жоба өз мақсатына жетті дегеніміз жөн шығар. Өйткені, «Өкініштің» өз шығынын жауып қана қоймай, оған қоса елеулі табыс та әкелгенін БАҚ жамырай жазып, жаппай көрсетті ғой. Мұның өзі – Қ.Нұртастың дәл қазір бағы жанып тұрғанын байқатар мысал.
Фильмнен соң, «Бүгінгі қазақ өнерінің бар келбеті Қайрат Нұртас болса, жетіскен екенбіз, демек, тәуелсіздік жылдары біз рухани жағынан түк те ілгерілемеппіз» деп қарадай күйінгендер де болмай қалмады. Қызық көзқарас! Мәселен, Ресей жастары бірнеше жылдан бері Дима Билан десе, жүрегін жұлып беруге дайын. Осыдан «Билан – орыс өнерінің шыңы, бүгінгі бет-бейнесі» деген ұғым туа ма? Жоқ. Ендеше Қайрат та – қазақ жастарының кумирі. Кез келген елдің поп-музыкасында коммерциялық жобалар бола береді. Бұлардың екеуі де – сондай жобалар. Және өте табысты жобалар!
Сонымен қызылсөзге әуес әлдебір журналистер айтып-жазып жүрген «Қайрат Нұртас феноменінің құпиясы» неде болды?
Шын мәнінде, ешқандай «феномен» де, «құпия» да жоқ. Есесіне, Құдайдың берген таланты, тынбай төгілген тер, сондай-ақ жүйелі жүргізілген жұмыс бар. Қайрат Нұртас – дер шағында, өз уақытында, қажет нүктеде табыла білген қабілетті өнерпаз.
Рейтинг
Ең табыскер жұлдыз кім?
Forbes Kazakhstan журналы мен MuzZone телеарнасы 2013 жылы Қазақстан шоу-бизнесінде ең сұранысқа ие һәм табысы жұлдыздардың тізімін жасапты.
1.Қайрат НҰРТАС, әнші
Жылдық табысы: 2,04 млн. $
2.Геннадий ГОЛОВКИН, боксшы
2013 жылы 4 жекпе-жек өткізді, сондағы табысы: 1,4 млн. $
3. Баян ЕСЕНТАЕВА, продюсер, актриса, тележүргізуші
Бір ғана жобасының өзі («КешЮ» тобы) жылына 480 мың $ табады
4. Айқын ТӨЛЕПБЕРГЕН, әнші
Жылдық табысы: 495 мың $
5. «ЖІГІТТЕР» квартеті
Жылдық табысы: 400 мың $
6. Ерлан КӨКЕЕВ, әнші, тележүргізуші, бизнесмен
Жылдық табысы: 300 мың $
7. Әли ОҚАПОВ, әнші
Жылдық табысы: 288 мың $
8. «ОРДА» тобы
Жылдық табысы: 240 мың $
9. Әсел САҒАТОВА, актриса
Жылдық табысы: 193 мың $
10. Алмас КІШКЕНБАЕВ, әнші, продюсер
Жылдық табысы: 118 мың $