«Қағбадағы қантөгіс немесе «Деструктивті ағымдар неге қауіпті?»

Oinet.kz 25-08-2019 1937

68695602_177407376639554_3010656428206587904_n.jpg

1979 жыл. Мекке. 20 қараша күні 400-450 мұздай қаруланған адам қасиетті Әл-Харам мешітіне басып кіріп, сыйынып жатқан адамдарға оқ жаудыра жөнеледі. Сол сәтте қасиетті Қағба маңында шамамен 9 мың адам болған еді. Жүз шақтысы өліп, 3 мыңы қашып шыққанымен, 6 мыңдай бейбіт тұрғынды содырлар кепілге алады. Бұл оқиға күллі әлемді дүр сілкіндіреді. Өйткені мұсылмандар үшін қасиетті саналатын Меккеге шабуыл жасап, қасиетті Қағбаны қызыл қанға бояғандардың өзі теріс ағымдағы мұсылмандар еді. Шабуылды «Әл-Масджид Әл-Харам» ұйымының басшысы Мұхаммед Әл-кахтани ұйымдастырған болатын. Сол күні тек қана Меккеде емес, Таиф, Табук аудандарында да жарылыстар орын алып, тіпті Халед сұлтанның сарайының алдында бомба орнатылған көлік жарылады. Әл-кахтани өзін Махди деп жариялайды. 6 мың тұтқынды мешіттің жертөлесінде кепілдікте ұстап, билік тарапынан қарсы жауапты күтеді. Әрине, билік сол күні-ақ арнайы жасақты шабуылға тастайды. Дей-тұра одан түк шықпай, арнайы жасақ 40 минутта қырылып қалады. Өйткені содарлардың қолында пулемет, граната, ПТУР-ге дейін бар еді. Келесі күні Саудия 12 БТР мен 5 тікұшақ және 3000 арнайы жасақты мешітті азат етуге жібереді. Екі сағатқа созылған шайқас кезінде 3 БТР мен 1 тікұшақтың көзі жойылып, шабуыл тағы нәтижесіз аяқталады. 

Амалы таусылған Саудия Францияға қоңырау шалып, көмек сұрайды. Франция президенті Жискар Дэстен «ГИГН» антитеррорлық жасақ басшысы Баррильді Меккеге құпия түрде жібереді. Барриль өз адамдарының мешітті бір барлап шығуын сұраған сәтте, мәселенің көкесі басталады: «Мұсылман еместерге мешітке жақындамақ түгелі, Меккеге кіруге болмайды» деген саудиялықтар жауабын естиді. Өздері көмек сұрап, өздері оны тиімді атқаруға кедергі болуы ақылға сиымсыз еді. Бірақ Саудия жасақтарынң қолынан түк келмейтінін көрген сұлтан Халед «француздар не айтса, соны істеңдер» деп қысқа қайырады. Ақыры мешітті бақылап, содырлар мен тұтқындардың санын білгеннен кейін, Барриль Франциядан 3 тонна SB газын, 200 противогаз бен 50 кг жарылғыш алдырады. Бір апта бойы түрлі шабуыл сценарийін жасаған француздар, ақыры 4 желтоқсанда, 200 Пәкістаннан келген спецназ, 500 саудия арнайы жасағы және 60 француз жасағының көмегімен мешітті шабуылдайды. Таңғы сағат 9-да басталған азат ету операциясы 14:00-де аяқталады. Шабуыл барысында 2 тонна газ қолданылады. Шығын сұмдық еді. Арнайы жасақтан 95 адам опат болған. Ал содырлардан тек қана 68 тірідей қолға түседі. Тұтқындардың 150-200 (кей деректе 450-500) қаза тапқан. Қолға түскен фанатиктер өздерінң әрекеттерін дұрыс санап, қылмыстары үшін өкінбейтіндерін тергеу барысында негіздейді. Кейіннен барлығының орталық алаңда бастары шабылады. Француз газеттері бұл оқиғадан кейін «Қағбаның қанын бір апта жуды», «Мұсылман мұсылманды өлтірді», «Исламдағы қасиетті мешітті неге мұсылмандар басып алды?» деген сарындағы мақалаларды қарша боратады. 

ПыСы: Расымен, неге? Жауап біреу. Теріс ағымдағы діни көзқарастағылар үшін тіпті қасиетті Мекке де, қадірлі Қағба да түкке тұрмайды. Олар өздерінің теріс діни көзқарасын арттыру әрі мойындату үшін неге болса да баруға дайын. Меккені атқылағандар, Қазақстанды аясын ба?! Сондықтан деструктивті діни ағымдардан барынша сақ болған абзал және олармен күресті барынша күшейту керек. Қатаңдату керек. Суретте сол оқиғаның көріністері.

Асхат Қасенғали

Хиджабтың шығу тарихы
Әйелдер жайлы сирек мақал-мәтелдер
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу