Қандай ырым-тыйымдарға сенуге болады? (1-бөлім)

Oinet.kz 24-03-2020 1082

Сенуге, амалға асыруға болатын ырым-тыйымдар деп - Ислам дінінен қолдау тапқан, шариғатта негізі бар ырым-тыйымдарды айтамыз. 

Мысалы, БАЛАҒА ЖАҚСЫ ЕСІМ БЕРУ (жақсы адамның атын қою).

Дініміз балаға мағынасы дұрыс, естір құлаққа жағымды, көркем ат қоюға шақырады. Себебі, балаға есім беру – жауапкершілігі мол іс. Ол оның тағдырына, өміріне белгілі бір дәрежеде әсер етпей қоймайды. Ғұламалар: «Егер адам баласына жақсы ат қойылса, оның жоғары өрлеуіне жартылай себепші, ал қалғаны – өзінен», - деген.

Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сәбилерге пайғамбарлардың есімдерін беріңдер», - деген. (Муслим, Ахмад).

ЫҢҒАЙЫ КЕЛСЕ САПАРҒА (ЖОЛҒА) БЕЙСЕНБІ КҮНІ ШЫҒУҒА ТЫРЫСУ.

Басқа күндері жолға шығу да айып емес. Алланың есімімен басталған әр күн, әр сапар берекелі. Алайда, бейсенбі күні жолға шығу - сүннет болып саналады. Сахабалардың бірі Каъб ибн Мәликтің айтуына қарағанда Пайғамбарымыз (със) сапарға бейсенбі күндері шығатын. (Бұхари 2789)

Ол (със) Тәбук жорығына да бейсенбі күні шыққан. Жолға бейсенбі күні шыққанды жақсы көретін. (Бұхари "Китабул жихад уәс сияр)

ТҮНДЕ ТЫРНАҚ АЛМАУ.

Асылында, бұл ырым емес, қазақтың тазалыққа аса қатты мән беруінен туындаған өте орынды тыйымы деп түсінгеніміз абзал. Қазір адамдар: "Түнде тырнақ алма, жаман болады" деп тырнақ алғанның кесірінен адамның басына, отбасына бір бақытсыздық келіп қалатындай өзгелерді соған сенуге (яғни жалған нанымға) итермелейді. Алайда, бұрын қазақ қазіргідей жеке-жеке бөлмесі жоқ, ыдыс-аяғы мен жатын орны бір жерде орналасқан, жарық шамы жоқ киіз үйде өмір сүргендіктен, қараңғыда тырнақтың бөліктері ыдысқа, тамаққа түсіп кетпесін, жатар орнымыз былғанбасын деп (осы ниетпен ғана) түнде тырнақ алудан тыйған. Оның үстіне ол кезде қазіргідей тырнақты оп-оңай ала салатын құралдар болған жоқ. Ыршып кету, ұшып кету қаупі жоғары болатын. Бірақ бұл ырымды, дұрысы, тыйымды қазір де ұстану аса маңызды. Қанша жерден бөлмеміз бар, жарығымыз бар десек те, тырнақ - лас нәрсе. Оның жатар орында, басқа жерде жатуы жақсы нәрсе емес.

ШАШТЫ ЖАЙЫП ЖҮРМЕУ.

"Жайып" деген етістіктің өзінен-ақ бұл тыйымның қыз балаға қатысты екенін аңғарып тұрған боларсыздар)

Иә, асыл дініміз қыз баланың шашын жайып жүруіне тыйым салады. Ата-бабамыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрпында да қыз баланың далада шаш жайып жүруі деген ұғым мүлде жоқ.

ТҮНДЕ СУДЫҢ, ЫДЫСТАРДЫҢ БЕТІН АШЫҚ ТАСТАП КЕТПЕУ.

Жәбир (р.а) жеткізген хадисте Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген:

«Егер түн болса балаларыңды жатқыз, себебі ол кезде шайтан өріп кетеді. Түннің бір сағаты өткеннен кейін балаларды демалдырып, есіктің ілмегін іліп, Алланың есімін аузыңа ал. Сосын шамды өшіріп, тағы да Алланың есімін аузыңа ал. Қапшықтың аузын кымтап, Алланың есімін аузыңа ал. Ыдыстың бетін жауып, Алланың есімін аузыңа ал. Тіпті, бұл амалды орындауға бір нәрсе бөгет болса да, оны орындау керек»

Бұрын апаларымыз аузы ашық ыдыстардың барлығының бетіне көлегейлеп бірдеңе жауып жүретін. Осыны ескере отырып, түнде «Бисмилләһ» деп ыдыстардың бетін жабу, Алланың есімін айтып, есікті жауып, Алланы еске алып жарықты өшіру жын-шайтан, бәле-жаладан, ауру-сырқау, кесірден сақтайтынын ұмытпағанымыз абзал.

Сонымен бірге, үй, әйел және көлікке қатысты сенуге болатын, анық хадисте келген бір ырым бар. Бұл хадис бұл жазбаға сыймайтын болғандықтан, келесі жазбамызда жеке өзін шығаруды жөн санадық. Ендеше, сенуге болатын, шариғатта негізі бар осындай ырым-тыйымдарды біліп, ескере жүріңіз!

Ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы жайлы 12 хадис 1, 2 – хадистер
Алладан бала сұрайтын дұға
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу