Хайыз, нифас және истихаза дегеніміз не?
С: Хайыз деген не?
Ж: Алла Тағала Адам Атаның қыздарының жатырынан қан ағуын жазған. Барлық әйелдер ай сайын келіп отыратын қанды көреді. Осы қан хайыз не етеккір деп аталады. Хайыз көрмеген күндер тазалық болып саналады.
С: Шариғатта осы хайызға байланысты үкімдер бар ма?
Ж: Иә. Бұл мәселе туралы фиқһ ілімінде арнайы үкімдер бар.
С: Хайызы келген әйелге байланысты қандай үкімдер бар?
Ж: Хайызы келген әйел туралы бес үкім бар: Хайыз күндері парыз да, нәпіл де намаз оқуына, ия ораза тұтуына болмайды. Мешітке кіруіне, Қағбада тауап жасауына болмайды. Құран оқуына болмайды. Құранды жалаң ұстауына болмайды. Күйеуімен жақындасуына болмайды.
С: Хайыз тоқтағанда өтіп кеткен намаздарының қазасын өтеуі керек пе?
Ж: Жоқ. Өтіп кеткен намаздарын оқымайды. Өйткені хайыз уақытындағы намаздары Алланың кеңшілігімен мойнынан түсірілген. Бірақ Рамазан айындағы оразаның қазасын өтейді.
С: Хайыздың белгілі бір мезгілі бар ма?
Ж: Иә, хайыздың ең азы үш күн, үш түн, ең көбі он күн.
С: Хайыз қанының түсі қандай?
Ж: Хайызы келген әйелдің хайыз күндері көретін қызыл, сары, лай түстес қаны қашан ағарғанша хайыз деп есептеледі..
С: Хайызы тоқтаған әйел күйеуімен қашан жақындаса алады?
Ж: Егер хайыз он күнге жетпей тоқтаса, ғұсыл алмайынша не бір намаз уақыты өтпейінше жақындасуына болмайды. Ал, қан он күнге толып тоқтаса, ғұсыл алмастан жақындасуға болады.
С: Егер хайыз күндері қан тыйылса, бұл хайызға жата ма, әлде тазалыққа жата ма?
Ж: Мұндай уақытша қан тоқтауы тазалыққа жатпайды. Бұл хайыз уақытына жатады.
С: Тазалық мерзімінің белгіленген уақыты бар ма?
Ж: Тазалық уақытының ең аз күні он бес күн ( мұның мағынасы: егер хайыз қаны он күннен соң тоқтап, сонан тазалық уақыты он бес күнге толмай жатып бір қан көрсе бұл қан хайыз болып есептелмейді ), ең көбінің белгілі шебі жоқ ( мағынасы: егер тазалық уақыты жылдарға созылса, яғни хайыз көрмесе, хайыз көргенше таза болып есептеледі).
С: Нифас деген не?
Ж: Әйелдің босанғаннан кейін жатырынан шығатын қан.
С: Мерзімі қанша?
Ж: Ең көбі қырық күн. Ең азының шегі жоқ .
С: Нифасқа байланысты қандай үкімдер бар?
Ж: Үкімі хайыздың үкіміндей. Намаз оқып, ораза тұтуына, мешітке кіруіне, Қағбаны тауап жасауына, Құранды оқып, ұстауына, күйеуімен жақындасуына болмайды. Рамазан айының оразасының қазасын өтейді.
С: Егер егіз туса нифас қанының есебі қайсысынан басталады?
Ж: Әбу Ханифа мен Әбу Юсуфтің пікірінше біріншісі туылғаннан, ал, Мұхаммед пен Зуфардың пікірінше екіншісін туғаннан басталады.
С: Нәрестесі ішін жару жолымен алынған әйелге нифас үкімі жүре ме?
Ж: Егер жатырынан бала туғаннан соң келетін әдеттегідей нифас қаны ақса нифас үкімі жүреді. Егер ақпаса жарақатты адам үкімінде болады.
С: Әдеттегідей босанса да жатырынан қан ақпаған әйелге нифас үкімі жүре ме?
Ж: Иә. Оған нифас үкімі ғұсыл алуында жүреді. Ғұсыл алып намазын оқып, оразасын тұта береді.
С: Түсік тастаған әйелге нифас үкімі жүре ме?
Ж: Егер туылған балада аяқ, қол, саусақ, тырнақ сияқты адам мүшелері толық қалыптасқан болса, анасына нифас үкімі жүреді. Ал, егер байқалмаса анасына келген қан үш күн, үш түнге созылып, оның алдында тазалық күні болған болса хайыз, ал толмаса истихаза қаны болып табылады.
С: Нифас күндерінің арасыында тазалық орын алса үкімі қандай?
Ж: Қырық күннен аз уақытта байқалған тазалық та нифасқа жатады.
С: Ал, истихаза деген не?
Ж: Истихаза төтенше келетін қан, оның бірнеше түрі болады: Жатырынан аққан қан үш күнге жетпей тоқтаса, бұл истихаза деп аталады. Әдеттегі хайыз күндерінен кейін он күн тағы қан көрсе, бұл истихаза деп есептеледі. Хайызды алғаш рет көріп, ол он күннен асып кетсе, он күннен асқаны истихаза қаны болып есептеледі. Осы қан екі жылға созылса да осылай есептеледі. Жүкті әйел көретін қан истихаза. Жүкті әйелдің баланы туардан бұрын көретін қаны истихаза қаны. Бірнеше рет бала туған әйелдің өзіне тән белгілі нифас уақыты болып, кейінгі босанғанда ол қырық күннен асып кетсе, қырық күндегі нифас, қалғаны истихаза қаны. Сол сияқты алғаш рет босанған әйелдің қаны қырық күннен асып кетсе, қырық күні нифас, одан асқаны истихаза болып есептеледі. Түсік тастап, туылған нәрседе адамның дене мүшелері білінбесе, әйелдің бұл күндері көретін қаны хайыз емес, истихаза болып есептеледі.
С: Истихаза көруші әйелдің үкімі қандай?
Ж: Истихаза көруші әйелдің үкімі Құран оқу, мешітке кіру, парыз, нәпіл оразалар тұту, төсек қатынасы мәселелерінде таза әйелдің үкімімен бірдей. Егер де қаны тоқтамай үздіксіз ағатын болса үзірлік кісінің үкімін алады. Әрбір намазға дәрет алып, сол дәретімен қалаған намазын оқиды. Мұндай дәрет намаздың уақытының шығуымен бұзылады.
Дереккөз: fatua.kz