Адамды шынайы мұсылман ететін қандай қасиет?
«Шынында, тақуаларға табыс, Жұмақ бақтары мен жүзімдіктер бар» («Наба» сүресі, 31-32 аят).
Өмір біз тұрып жатқан баянсыз дүниеден ғана тұрмайды. Жаратушы ие жердегі өмірді бізге өлшеп берген. Сол өлшеп берген өмірдің өзінің сұрауы бар. Қиямет күнінде.
Қияметте тақуаларға сый мен сауап, шексіз мейірім бар. Уәде етілген сол сыйларға, Жұмақ бағына жету үшін тақуалықтың не екенін білу керек. Тақуалық сөзінің түрлі мағынасы бар. Тоқтала кетейік:
Тақуалық – бұл тыйым салынған істен аулақ болу;
Тақуалық – бұл қажетсіз бен пайдасы жоқтың бәрінен қашық жүру;
Тақуалық – ешкімді Алладан биік қоймау;
Тақуалық – әр ісі мен сөзінде Алладан, айналасындағы адамнан ұялатындай дүниенің болмауы;
Тақуалық – Алланы жиі еске алу, парыздарды орындау, шынайы құлшылық жасау;
Тақуалық – жан баласына зиянын тигізбеу. Тіпті жан-жануарға қысастық жасаудан қорқу;
Тақуалық – ата-анаға, туыс-туғанға, бала-шағаға қайырымды болу;
Тақуалық – әр істе, кез-келген жерде, қай уақытта болмасын Алладан қорқып жүру;
Тақуалық – басқа түскен әр іске сабыр қылу;
Тақуалық – бұл әр сынақтың, әр істің Алладан екеніне сену, Аллаға ғана үміт етіп, Алладан ғана сұрау және т.б.
Жердегі құндылық – байлық болса, ақыреттегі құндылық – тақуалық.
Тақуалыққа қол жеткізген мұсылманның - бақытқа қол жеткізгені, Алласын танығаны, Пайғамбарын тапқаны, Жаратушының қорғауына енгені, нағыз табысқа жеткені, жамандықтан құтқарылғаны.
Дереккөз: Ihsan.kz