Тарауих намазын үйде қалай оқимыз?
Тарауих – өткен күнәлардың кешірілуіне жол ашатын, Алла Тағала үшін ең сүйікті намаз. Бұл ғибадат жайында Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): "Кімде кім Рамазанда сауабын үміт ете отырып, Алла разылығы үшін Тарауих намазын оқыса, оның өткен күнәлары кешіріледі», - деген. (Муслим)
⠀
Тарауих намазын мешітте жамағатпен оқу – сүннет. Алайда қазір еліміздегі төтенше жағдайға байланысты ҚМДБ ғұламалары шешімімен мешіттерде уақытша намаз оқылмайды. Осыған орай, тарауих намазын әркім өз шаңырағында отбасы мүшелерімен бірге оқығаны дұрыс.
Тарауих намазының оқылуы:
Тарауих намазы – құптан намазынан соң оқылатын жиырма рәкағаттан тұратын құлшылық.
Оны 2 рәкағатта немесе 4 рәкағатта бір сәлем беріп оқуға болады.
Егер сіз бұрыннан намаз оқып жүрген адам болсаңыз, таң намазының 2 рәкағат парызы сияқты ер адам имам болып, қалғандары оған ұйып оқи алады.
Ал намазды үйренгіңіз келсе, 2 рәкағат намаз оқу үлгісіне зер салыңыз.
Оқылу реті:
Алдымен Алла разылығы үшін тарауих намазын өтеуге ниет етесіз.
1 - рәкағат:
«Субханакә Аллаһумма уа бихамдик, уа тәбаракәс-мука, уә тағала жаддука, уә лә иләһә ғайрук» дегеннен соң,
«Әғузу билләһиминаш шайтанирражим. Бисмиллаһир рахманир рахим» деп «Фатиха» сүресін және қосымша сүре оқисыз. Кейін рукуғқа барып, рүкуғтан бас көтергенен соң, екі рет сәжде жасалады.
2 - рәкағат:
Одан кейін қиямға тұрып (тік тұру) бисмилләны айтып «Фатиха» сүресін және қосымша сүрені оқисыз. Бірінші рәкағаттағы рет бойынша, рүкуғтан соң екі сәжде жасап тәшәһһуд отырысына отырасыз. Тәшәһһуд отырысында «әттахияту» дұғасы мен «Салауат», «Раббәнә әтинә» оқылады. Кейін «әссәләмуғалейкум уә рахматуллаһ» деп оң жағыңызға, сосын «әссәләмуғалейкум уә рахматуллаһ» деп сол жағыңызға сәлем бересіз. Келесі екі рәкағатты да осы рет бойынша оқисыз.
Осылайша 20 рәкағат тарауих намазын өтеп болған соң, 3 рәкағат үтір намазын оқисыз.
Дереккөз: asylarna.kz