Жақсылық көрсең өзіңнен
Әпсана
Баяғыда бір әйел күнде таңертең ерте тұрып екі таба нан пісіреді екен. Бірін өз отбасы турап жесе, екіншісін көшедегі жай жүргіншіге үлестіреді екен. Екінші нанды ылғи терезенің алдына қоя салады. Көзі түскен кез келген адам алып кете береді. Сол нанды терезенің алдына қойған сайын әйел жақсы өмір іздеп сапарға шыққан ұлы үшін дұға жасайды. Бірнеше ай бойы баласынан хабар жоқ, соның аман-есен үйге оралуын тілейді.
Бірде ол бір бүкір адамның күнде келіп нанын жеп жүргенін байқайды. Бірақ алғыс айтудың орнына әлгі бүкір: «Сен жасаған жамандық сенде қалады. Сен жасаған жақсылық өзіңе қайтады!» дейді екен. Осылай көп күн қайталанады. Алғыс сөз естімеген әйел өзін алданып жүргендей сезіне бастайды. Содан шыдамай, бір күні осы не істеп жүрмін мен деп ойланады. «Неде болса, әлгі түрі ұсқынсыз бүкірден құтылайын» деп ойлайды да, екінші таба нанға у қосып пісіреді. Піскен нанды терезе алдына қояйын дегенде қолы дірілдеп, мен не істедім деп қорқып кетеді де, нанды отқа тастай салады. Қайтадан басқа нан пісіріп, терезе алдына соны қояды. Бүкір күнде қайталайтын сөзі айтып, нанды әкетеді. Әйел іштен тынады. Сол күні кешкісін есікті біреу қағады. Есікті ашқан әйел өз ұлын көріп, қуанып кетеді. Баласының түрі адам шошырлық. Аш, жалаңаш, жүдеп-жадаған, үстінде жыртық киім.
- Апатай, үйге жеткеніме шүкір. Қалаға жете берер жерде аштықтан көзім тұманытып, құлап қаппын. Бір бүкір кісі қолындағы нанымен бөлісіп, аман қалдым. Ол болмағанда өліп кетер ем, - дейді. - Бүкірдің күні бойы талғажау ететіні бір нан екен. Соның өзін маған қиды, - дегенді естігенде әйел көзіне жас алады. Басы айналып, құлап қалмау үшін есіктен ұстанады. Есіне таңертең у қосып пісірген нан түсті. Сол нанды отқа тастамағанда өз баласын өз қолымен өлтірген болар еді-ау... Әйел бүкірдің күнде қайталайтын: «Сен жасаған жамандық сенде қалады. Сен жасаған жақсылық өзіңе қайтады!» дегенін оосы сәтте жан-жүрегімен анық түсінеді.
Мораль: Ешкім бағаламаса да жақсылық жасауды доғарма.
Аударған Шынар Әбілдә