«Smart School» – ем мен білімнің тоғысқан кеңістігі

Oinet.kz 29-05-2026

смартс.jpg

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында облыстық балалар ауруханасының базасында онкологиялық ауруға шалдыққан балаларға арналған «Smart School» аурухана мектебі ашылды. Салтанатты шараға облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері, аурухана ұжымы, ем қабылдап жатқан балалар мен олардың ата-аналары, сондай-ақ демеушілер мен еріктілер қатысты.

«Smart School» – ұзақ уақыт ем қабылдайтын балалардың білім алу процесін үзбеуге бағытталған арнайы оқу және дамыту орталығы. Мұнда балалар робототехника, LEGO құрастыру, шахмат, шашка, сурет салу, қолөнер және арт-терапия секілді түрлі бағыттармен айналысады. Сонымен қатар психологиялық қолдау көрсетуге арналған арнайы бағдарламалар қарастырылған. Жоба аясында балалардың көңіл күйін көтеріп, олардың емдеу кезеңін жеңілдетуге бағытталған клоундық терапия элементтері де енгізілген.

смартскул.jpg

Жобаның негізгі мақсаты – емделіп жатқан балалардың білім алуын жалғастыруына мүмкіндік беру, психологиялық қолдау көрсету және ауруханадан шыққаннан кейін мектеп пен қоғамға бейімделуін жеңілдету. Ұзақ уақыт емханада жатқан балалардың әлеуметтік ортадан оқшауланып қалмауы үшін мұндай орталықтардың маңызы ерекше.

Осылайша Түркістан облыстық балалар ауруханасы балалардың денсаулығын қорғаумен қатар, олардың білім алуына, тұлғалық дамуына және психологиялық тұрақтылығына да кешенді түрде қолдау көрсетіп отыр. Бұл бастама медициналық қызмет пен әлеуметтік қолдауды ұштастырған жаңа үлгідегі жүйенің бір бөлігіне айналуда.

Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында ауруханада «Ашық есік күні» ұйымдастырылып, тұрғындарға тегін медициналық кеңес берілді. Шара барысында жоғары білікті балалар педиатры, кардиохирург, травматолог-ортопед, уролог, хирург, нейрохирург, онколог, офтальмолог, кардиолог, онкогематолог, ревматолог, аллерголог, пульмонолог, невролог және эндокринолог секілді жетекші мамандар 250-ге жуық балаға кеңес берді. Сонымен қатар қосымша диагностикалық тексерулер жүргізіліп, 4 балаға жүрек ультрадыбыстық зерттеуі, 13 балаға нейросонография жасалды.

Түркістан облыстық балалар ауруханасы – облыс аудандарынан жолданған 18 жасқа дейінгі балаларға шұғыл әрі жоспарлы медициналық көмек көрсететін үшінші деңгейлі көпбейінді заманауи орталық. Мұнда балалар кардиохирургиясы, ангиохирургия, неонатальды хирургия, нейрохирургия, жарақат және ортопедия, офтальмология, онкогематология, күйік және басқа да бағыттар бойынша жоғары мамандандырылған медициналық қызмет көрсетіледі. Соңғы жылдары жүргізілген жаңғырту жұмыстары өңірдегі балалар медицинасының сапасын айтарлықтай жаңа деңгейге көтерді.

Аурухана жетістіктері жүйелі басқару мен кәсіби ұжым еңбегінің нәтижесі. Соның нәтижесінде 2024 жылы Түркістан облыстық балалар ауруханасы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Беделді балалар ауруханасы» атағына ие болып, кәсіби деңгейін дәлелдеді. Ал 2025 жылы медициналық ұйым ұлттық сапа стандарттарына сәйкестігін растап, жоғары санатқа ие болды.

Аурухана басшысы алдағы уақытта мекемені төртінші деңгейлі медициналық орталыққа көтеру жоспарланып отырғанын, бұл үшін кадрлық әлеуетті арттыру, мамандардың біліктілігін жетілдіру және жоғары технологиялық медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.

– Түркістан облыстық балалар ауруханасы – кәмелет жасына толмаған пациенттерге көрсетілетін мамандандырылған медициналық көмектің барлық түрлері шоғырланған ірі көпсалалы стационар. Мұнда жоғары мамандандырылған жедел және жоспарлы түрде хирургиялық, педиатариялық және реанимациялық көмек көрсетіледі. Аурухана құрамында клиникалық-диагностикалық емхана жұмыс істейді.  Ал, ауруханамызда жатып емделетін пациенттеріміздің 60 ауыл тұрғындары, 40 пайызын Шымкент қаласының кішкентай тұрғындары құрайды. Олардың басым бөлігі бір жасқа дейінгі сәбилер болса, қалғандары 18 жасқа толмаған жасөспірімдер. Ббіздің дәрігерлер пациенттеріне консультациялар беріп, компьютерлі томография және магнитті-резонанстық томография зерттеулерін жүргізеді, рентгенге түсіреді, ультрадыбыстық зерттеулер жасайды, – дейді Түркістан облыстық балалар ауруханасының басшысы Алтын Досанова.

Бүгінде аурухананың материалдық-техникалық базасы қарқынды дамып келеді. Мамандандырылған көмекті ұйымдастырудың жаңа тәсілдері енгізіліп, заманауи медициналық технологиялар кеңінен қолданылуда. Аурухананың жалпы төсек қоры 422 орынды құрайды. Оның ішінде 224 хирургиялық, 162 педиатриялық және 36 оңалту төсегі бар. Сонымен қатар 50 орындық күндізгі стационар жұмыс істейді. Медициналық қызмет 14 клиникалық бөлімше арқылы жүзеге асырылады.


Үшем үйлеріне оралды
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу