Үшем үйлеріне оралды

Oinet.kz 27-05-2026

ушеми.jpg

Түркістан облысында тағы үшем дүниеге келді. Оларға атасы, әжесі және әкесі Сафия, Самия, Садия деген есімдер берген. 22 тәулік №2 облыстық перинаталдық орталық мамандарының бақылауында болған үшем анасымен бірге аман сау үйлеріне шығарылды.

Сайрам ауданындағы Қарамұрт ауылының тұрғыны Тұрсынай Орынбаева бұл орталыққа 4 мамыр күні жедел медициналық жәрдем көлігімен жеткізілген. Шұғыл әрекетке көшкен мамандар кесарь тілігі операциясын жасап босандыруға мәжбүр болған.

– Жүктілігімнің 32-інші аптасында суымның кетуіне байланысты осы перзентханаға әкелді. Үшем болған соң тездетіп операция жасап босандырды. Үш қыз, есімдерін атасы, әжесі, әкесі қойды. Екі-үш күн жансақтау бөлімшесінде жатты. Сосын палатаға шықтық, дәрігерлердің бақылауында болдық. Қазір жағдайымыз жақсы, салмақтары 2 келіден асты. Босандырған дәрігерлерден бастап, ақ халатты мамандардың бәрі жанашырлықпен көмектесіп, тіпті үшеуіне қалай қарауым, үлгеруім керектігіне дейін үйретті. Орталықтың ұжымына алғысым шексіз, – дейді Тұрсынай.

Үшем – 38 жастағы Тұрсынайдың төртінші құрсақ көтеруі. Бұған дейін екі қыз, бір баланың анасы атанған. Енді ол көпбалалы ана, көпбалалы отбасы! Үшем туралы жүктіліктің 14 аптасында біліпті. Оны да осы №2 облыстық перинаталдық орталыққа генетикалық тексерілуге келгенде анықтапты. Ана мен баланы қорғау бөлімінде ультрадыбыстық зерттеу кезінде дәрігерлер үшем екенін айтқан. Бастапқыда сене қоймапты. Сосын қуанумен қатар қобалжып қорыққанын да жасырмайды.

№2 облыстық перинаталдық орталығының басшысы Элмира Қожахметованың айтуынша, мұнда жыл басынан бері 1808 бала дүниеге келген. Оның 35-і егіз. Бұл үш қыз осы орталықта өмір есігін ашқан алғашқы үшем. Шыр етіп іңгәлаған сәтте салмақтары 2 келіге де жетпепті: 1770, 1850 және 1990 грамм. Интенсивті терапия, күтіп бөлімшелерінде жатып емделіп, салмақ қосып, 2008, 2015, 2030 грамм болып оңалған нәрестелерді перзентхана басшылығы сый-сияпат, құрметпен қанағатттарлық жағдайда шаңырақтарына шығарып салды.

– Алғашқыда үшем дегенге сенбедім. Бұл да бізге берген Алланың аманаты ғой. Дәрігерлерге, осындағы барлық қызметкерлерге алғысым шексіз. Еліміз дами берсін. Осы үшем, үш қызымыз Қазақстанымыздың қарыштап дамуына үлес қосатын, қызмет ететін азаматтар бола берсін, – дейді әкесі Мамыржан.

Мамыржан Орынбаев мектепте істейді, еңбек пәнінің мұғалімі. Ал Тұрсынайдың мамандығы – дефектолог-логопед.

Мемлекетіміздің ең үлкен байлығы халқымыз болса, болашағы балаларымыз екені айдан анық. Сондықтан біздің саналы ұрпағымыздың мықты, дені сау болып туылып, мейірім мен қамқорлықта тәрбиеленуі маңызды. Бұл ретте Түркістан облысының елімізде демографиялық өсім мен туу көрсеткіші бойынша жетекші орындарда екені белгілі. Өңірді республика тұрғындарының 10,7 пайызы мекен етеді. Соған сай аймақта босану үйлеріне де көп көңіл бөлінеді. Перзентханалар заманауи құрал-жабдықтармен, оның ішінде жасанды тыныс алу аппараттарымен, ұрық жағдайын мониторингтеу құралдарымен және реанимациялық үстелдермен жабдықталған. Акушерия және гинекология саласында жоғары білікті мамандар жұмыс істейді. Медициналық қызметкерлердің біліктілігін арттыру үшін тұрақты түрде тренингтер мен семинарлар ұйымдастырылады.

Түркістан облысының билігі босандыру қызметін жетілдіріп дамытуға, сондай-ақ ана мен бала денсаулығын қорғауға инвестиция салуды жалғастыруда. Акушерия және гинекология саласындағы жетекші технологияларды енгізу, босану үйлері мен перинаталдық орталықтар құрылысын жоспарлау қолға алынып отыр.

№2 облыстық перинаталдық орталығында жүкті, босанатын және жоғары тәуекел тобына жататын босанған әйелдерге, 500 грамм және одан жоғары салмақтағы шала туған нәрестелерге, сондай-ақ, гинекологиялық науқастарға арнайы медициналық көмек көрсетіледі. Перинаталдық орталықта салмағы төмен шала туған балалар дүниеге келеді, олардың аналары денсаулығына байланысты тиісті мерзімге (9 айға) жете алмайды. Одан бөлек, орталық аудан аймақтарына көмек көрсетеді. Орталықта тек босандыру ғана емес, сонымен қатар әйелдер мен жаңа туған нәрестелердің босанғаннан кейінгі жағдайларын бақылау да жүргізіледі. Мұнда жаңа туған нәрестелерге заманауи реанимациялық көмек көрсетіледі.

№2 облыстық перинаталдық орталық үшінші деңгейлі аурухана болып саналады. Арыс қаласы мен Жетісай, Мақтарал, Бәйдібек, Сайрам аудандарының әйелдері осында босанады. Бұл орталықтағы білікті дәрігерлердің көмегіне жүгінетіндер мерзіміне жетпей босанатындар, шала туған балалар немесе денсаулығында ақауы бар әйелдер болып табылады. Экстрименталды патология деген бар. Тууға болмайтын, қан тамыры көтеріліп кеткен жағдайдағы әйелдер осында келіп босанады.

Сезім МЕРГЕНБАЙ

 


Сау ұрпақ сау анадан туады
«Smart School» – ем мен білімнің тоғысқан кеңістігі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу