Жүктілік дайындық пен жауапкершілікті талап етеді

Oinet.kz 05-06-2026

жктилик.jpg

Түркістан облысының елімізде демографиялық өсім мен туу көрсеткіші бойынша жетекші орындарда екені белгілі. Өңірді республика тұрғындарының 10,7 пайызы мекен етеді. Соған сай аймақта босану үйлеріне де көп көңіл бөлінеді. Перзентханалар заманауи құрал-жабдықтармен, оның ішінде жасанды тыныс алу аппараттарымен, ұрық жағдайын мониторингтеу құралдарымен және реанимациялық үстелдермен жабдықталған. Акушерия және гинекология саласында жоғары білікті мамандар жұмыс істейді. Медициналық қызметкерлердің біліктілігін арттыру үшін тұрақты түрде тренингтер мен семинарлар ұйымдастырылады.

№2 облыстық перинаталдық орталығында жүкті, босанатын және жоғары тәуекел тобына жататын босанған әйелдерге, 500 грамм және одан жоғары салмақтағы шала туған нәрестелерге, сондай-ақ, гинекологиялық науқастарға арнайы медициналық көмек көрсетіледі. Перинаталдық орталықта салмағы төмен шала туған балалар дүниеге келеді, олардың аналары денсаулығына байланысты тиісті мерзімге (9 айға) жете алмайды. Одан бөлек, орталық аудан аймақтарына көмек көрсетеді. Орталықта тек босандыру ғана емес, сонымен қатар әйелдер мен жаңа туған нәрестелердің босанғаннан кейінгі жағдайларын бақылау да жүргізіледі. Мұнда жаңа туған нәрестелерге заманауи реанимациялық көмек көрсетіледі.

Тура бір жыл бұрын, былтыр медицина қызметкерлерінің күні мерекесі қарсаңында дәл осы №2 облыстық перинаталды орталығы Түркістан облысының ең үздік медициналық ұйымы атанған еді. 2 миллионнан астам тұрғыны, 45 мемлекеттік, 756 медициналық ұйымы бар өңірдің ең үздік медициналық орталығы атанған ұжымның расында да ауыз толтырып айтарлық жетістіктері аз емес. Облыстағы «Бір терезе» қағидатымен жұмыс істейтін «Бір күндік клиника» пилоттық жобасының бірінші болып дәл осы №2 облыстық перинаталдық орталығының базасында іске қосылуының өзі біраз нәрседен хабар берсе керек.

кожахметова.jpg

– Біз перзентхананы «пейіштің мекені» деп айтып жатамыз ғой. Мұнда ең асыл, әр отбасының асыға күткен аяулы адамы дүниеге келеді. Денсаулық бойынша көмек көрсететін мекемелер көп, бірақ перзентхана ең әдемі әсер сыйлайтын мекеме деп есептеймін. Өзім де осы №2 облыстық перинаталдық орталықта дүниеге келгенмін. Балаларым да осы орталықта өмір есігін ашты. Сол үшін де бұл перинаталды орталық маған ыстық. Ең алғашқы жұмыс орным да осы жер. Жалпы, осы орталықта жұмыс істеген өзіме қатты ұнайды, – дейді №2 облыстық перинаталдық орталығының басшысы Элмира Қожахметова.

№2 облыстық перинаталдық орталық үшінші деңгейлі аурухана болып саналады. Арыс қаласы мен Жетісай, Мақтарал, Бәйдібек, Сайрам аудандарының әйелдері осында босанады. «Ол аумақтарда да перзентхана бар ғой» деген сұрақ туындауы заңды. Бұл орталықтағы білікті дәрігерлердің көмегіне жүгінетіндер мерзіміне жетпей босанатындар, шала туған балалар немесе денсаулығында ақауы бар әйелдер болып табылады. Экстрименталды патология деген бар. Тууға болмайтын, қан тамыры көтеріліп кеткен жағдайдағы әйелдер осында келіп босанады.

Сондықтан мұнда істейтін дәрігерлердің бәрінің еңбегі орасан. Тәуліктер бойы демалмайтын кездері де болады. Олар үйде жүрсе де гаджеттерден бір сәтке ажырамайды. Жауапкершілік өте үлкен, бір емес екі адамның өміріне жауапты екенін естен шығарған емес. Бұл осы мекеменің әр қызметкерінің ұраны деп айтуға болады.

– Біз бір әулеттің бір емес, екі адамын аман-есен үйіне оралтуға міндеттіміз. Босанған ана мен баланы үйіне шығарған кезде қуанышқа бөлеп, құттықтап, музыка ойнатып келіп тұратын отбасыларды көргенде шын жүректен қуанамыз. Білмейміз ғой, өмірге кім келгенін, мүмкін Президент, депутат, әкім келді ме немесе мықты дәрігер, журналист келді ме екен. Әйтеуір осы Қазақстанның бір азаматы дүниеге келгенін сезініп тұрамыз, – дейді Элмира Ағабекқызы.

жуктилик.jpg

Бұл орталықта жылына 6000-ға жуық нәресте дүниеге келеді. Оның ішінде егіздер мен үшемдер де туылып жатыр. Қазіргі таңда көп балалы әйелдер өте көп. Жетіншісін, сегізіншісін, он, он екіншісін дүниеге әкеліп жатады. Бұл қуанышты жаңалық болғанымен, екінші жағынан әйелдің өзінің денсаулығы мен жаңа туған баланың денсаулығына қауіп төнуі мүмкін.

– Өкінішке орай, өңірімізде әйелдер көбіне денсаулығына, тек жүкті болған кезде ғана назар аударады. Біз әйелдеріміздің өмірге ұрпақ әкеліп жатқанына өте қуаныштымыз. Бірақ, олардың денсаулығы өте өзекті мәселе! Аналар өздерінің жағдайын бақылауы керек екенін атап өткім келеді. Дені сау анадан ғана дені сау бала туылатынын түсінуіміз керек. Ал жүктілік кезеңінде организмді емдеу қиынға соғады. Сондықтан мен барлық әйелдерге жүктілікті жоспарламас бұрын медицинадағы барлық сала мамандарына қаралып, тексеріліп, кардиолог, онколог, эндокринолог және тағы басқа да дәрігерлерден кеңес алғанын қалаймын, дейді №2 облыстық перинаталдық орталығының басшысы.


Үшем туып, көпбалалы ана атанды
Алақандағы өмір...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу