Баласы шешесіне бауырының жартысын, ал екінші ана ұлына бір бүйрегін берді

14 тамыз Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында екі отбасы үшін ерекше күн болды. Дәл осы күні бауыр және бүйрек трансплантациясынан кейінгі емін сәтті аяқтаған екі отбасы жаңа өмірге үмітпен үйлеріне шығарылды.
20 жыл бұрын анасы ұлына өмір сыйласа, сол перзент шешесіне бауырының бір бөлігін беріп, жаңа өмірге мүмкіндік сыйлады.
– Мен анамның бауыр доноры болдым. Маған жарық өмір сыйлаған адамның өмірі қымбат! Осындай мүмкіндік берген, сәтті операция жасаған еліміздің бас трансплантологы Болатбек Бимендіұлы Баймахановқа, Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының басшысы Нұрлан Байбекұлы Мәуленовке, оның орынбасары Мақсат Оңалбайұлына және емдеуші дәрігеріміз Назерке Сәдуақасқа үлкен рақмет! Жанашырлықпен қарап, емдеген, күтінуімізге барлық жағдайды жасаған аурухана ұжымына алғысымыз шексіз, – дейді донор ұл.
Ал екінші отбасында 20 жыл бұрын дүниеге әкелген ұлына анасы донор ретінде бір бүйрегін беріп, баласына екінші рет өмір сыйлады.
– Бір бүйрегімді балама бердім. Операция сәтті өтті. Облыстық аурухананың басшысы Нұрлан Мәуленовке, Ли дәрігерге рақмет! – дейді қуаныштан толқыған ана.
Күрделі бауыр трансплантациясы А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының басқарма төрағасы, профессор, академик Болатбек Баймаханов бастаған жоғары білікті мамандардың қатысуымен сәтті жүзеге асырылды. Бұл – трансплантологияның заманауи мүмкіндіктерінің, дәрігерлердің кәсіби шеберлігінің, сондай-ақ отбасы махаббаты, жанқиярлығы және адам өмірін сақтауға деген ортақ мақсаттың айқын көрінісі. Бұл қуанышты күн – тек донорлар мен олардың жақындары үшін ғана емес, трансплантациялық команданың, хирургтердің, анестезиологтардың, реаниматологтардың, мейіргерлер мен барлық медицина қызметкерлерінің тынымсыз еңбегінің жемісі. Әрбір сәтті трансплантация – бір адамның ғана емес, тұтас бір отбасының тағдырын өзгертетін үлкен жеңіс.
Екі отбасы ауруханадан жаңа өмірге деген сеніммен, зор үмітпен үйлеріне аттанды.


