Молекулярлы медицина орталығы ашылды

Oinet.kz 25-01-2024 2251

Түркістанда Молекулярлы медицина орталығы іске қосылды. Ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев пен Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев қатысты.

Screenshot_5.jpg

Аталған орталық Түркістандағы №3 перинаталдық орталығына құрамында Түркістан, Кентау қалалары мен Созақ, Отырар, Сауран аудандарының жүкті әйелдері мен жаңа туған нәрестелеріне қызмет көрсетпек. Мақсат – ана мен бала денсаулығын жақсартып, қайғылы жағдайлардың алдын алу. Қазіргі таңда екі қала үш ауданда 4213 әйел жүктілікпен тіркеуде тұр, жылына 15 мыңға жуық нәресте дүниеге келеді. 

Орталық пациенттерге медициналық-генетикалық кеңес беру, жаңа туған нәрестелерді фенилкетонурияға және туа біткен гипотериозға неонаталдық скрининг жүргізу, орфандық ауруларды диагностикалау қызметін көрсетеді. Сонымен бірге жүктіліктің бірінші триместріндегі пренатальды биохимиялық скринингті қоса алғанда медициналық генетика саласындағы қызметтердің кең спектрін жүргізеді.

Жалпы саны 225 төсек орынға арналған №3 облыстық перинаталдық орталығы 2007 жылдан бері халық игілігі үшін жұмыс істеп келеді. Облыстың орталығы болып халық саны артқан тұста перзентханада орын тапшылығын болдырмау мақсатында қосымша жаңа ғимарат салынып пайдалануға берілді. Емдеу мекемесінің басшысы Ардақ Аязбековтің айтуынша, мұнда бір дәрігерге 400-470 босанушыдан келеді. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ өзге мекемелерде бір дәрігерге шамамен 240-270 босанушыдан келеді. Бірақ, бұл орталықта маман тапшы деген сөз емес, босанушылардың көптігінің көрсеткіші. Бір қуантарлығы перинаталды орталықта ана мен бала денсаулығын сақтауда инновациялық емдеу тәсілдері қолданысқа енгілуде.

Нысанның заманауи техникалық жабдықталуы жоғары деңгейде. Мұндағы терапевттік гипотермияға арналған кешенді – TecoTerm Neo және электроэнцефалография аппараттары орталық жүйке жүйесінің зақымдануымен туылған сәбилерге өмірлерінің алғашқы сәттерінде емдік шара көрсетеді. Ол мұқият және өте дәл мөлшерлемемен баланың дене қызуын төмендете алады. Қан айналымын жақсартып, сәбилердің бас миы жасушаларының немесе зақымданған бөліктерінің қалпына келуін бақылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ұрықтың жағдайын тексеретін кардиотокография, доплер, жасанды тыныс алу, сандық флюорография, фототерапия, шалабайларға арналған кювез аппараттары, реанимация үстелі жаңа туылған сәбилерге қызмет көрсетеді. Орталық құрамында қосымша клиникалық-диагностикалық блок, амбулаторлы қызметтер, функционалды диагностикалық және УДЗ кабинеттері бар.

Орталықта бактериологиялық лаборатория, жатыр мойны обырын скринингтік тексеру бойынша зертхана да іске қосылған.

Инновациялық тәсілдерді практикада қолдана білген №3 облыстық перинаталды орталығы еліміздің демографиясына үлес қоса отырып, дәрігерлердің біліктілігін арттыруға септігін тигізіп жүр. Көпке үлгі болып отырған ұжым мамандарды оқыту базасы ретінде де қалыптасып келеді. Облыс орталығында алдағы уақытта бірқатар медицина мекемелері бой көтергелі жатыр. Жаңа нысандарға білікті мамандар қажет-ақ. Сол мамандар қазіргі таңда осы орталықта оқып, тәжірибе жинап жүр.

Мектеп жасына дейінгі балалардың дамуына нейрожаттығулардың әсері
Еңбектерің жансын, ақ халатты абзал жандар!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу