«Синтетикалық есірткі» сананы улайды

Oinet.kz 26-09-2023 633

Синтетикалық есірткі дейтін адам ағзасына тікелей зиянды әсер ететін, жасанды, бірнеше химиялық заттардың қоспасынан тұратын, сананың қайтымсыз улануына, соның салдарынан жазылуы қыйын дертке алып келетін есірткі түрі шықты.

Screenshot_2.jpg

Бұл кеселдің адам психологиясына санаулы секундта өте қатты әсер ететінін неврология ғылымы баяғыда-ақ дәлелдеп берген. Ал сарапшылар әлем бойынша аптасына синтетикалық есірткінің 10 жаңа түрі шығарылатынын алға тартып, жасырын зертханалардың «көрігін қыздырып» жүрген психикалық белсенді заттардың таралу жолдарын іздеп бас қатыруда.

Елімізде «синтетикалық есірткі» дейтін ұғым осыдан он жыл бұрын пайда болды. Алғашында Қазақстанға темекі қоспалары бар есірткінің синтетикалық түрі келді келді, уақыт өте түтіні жоқ темекі қоспалары саудаға шыға бастады, кейіннен есірткі әлемін түрлі атау жамылған синтетикалық заттар тұздар жаулап алды. Ең сорақысы – бұл дерттің тырнағына ең бірінші болып жаны жаңалыққа құмар жастар ілігіп жатыр.

Бүгінде синтетикалық есірткінің тез таралуы бүкіл әлемнің ең үлкен қаупіне айналып отырғаны да түсінікті. Себебі бұл есірткі түрінің еркін саудасы, жаңа түрлерінің тез пайда болуы, интернеттегі мәліметтердің ашықтығы, «синтетиканың» жарнамасы жалт-жұлт еткен сан түрлі сайттарға бақылаудың жоқтығы – осының барлығы онсыз да күрделі мәселені ушықтырып келеді.

Есірткі саудагерлері оны таратудың заманауи әдістерін жетік меңгеріп алған. Олар интернет технологиясының барлық амал-тәсілдерін пайдаланады. Әсіресе, есірткіні түрлі сайттарда жарнамалауға ерекше назар аударады. Сол себепті де бізге оң-солын бағамдап үлгермеген балалар мен әр жаңашылдыққа ынтызар болып жүретін жеткіншектер арасында есірткіге қарсы сенімді иммунитетті қалыптастыру өте маңызды.

Кәдімгі шегетін немесе егетін «дәстүрлі» есірткімен салыстырғанда «синтетиканың» тартқызар зардабы ауыр. «Не исі, не дәмі біліне бермейтін синтетикалық заттар ақылдан айырып, ағзаны тіпті ірітіп жібереді». Соңғы 2-3 жылда синтетикалық есірткілік заттардың саны күрт көбейіп олардан төнген қауіп пен кесел де азаймай отыр.

«Синтетиканың» қазіргі таңда ең көп таралған әрі жастар арасында «тренд» болып жүрген «тұз» дейтін түрі бар. «Тұзға» мықтап отырған адамның бойынан, психикасынан бұзушылықтардың нақты тізімін жасау әлі де мүмкін емес. Алайда кейбір жалпы проблемаларды оқшаулауға болады. Бұл «синтетиканың» салдарына психикалық бұзылулар, ішкі ағзалардың патологиялары мен әлеуметтік проблемаларды жатқызуға болады. «Тұзды» қолданған кезде адам бірте-бірте апатия мен депрессияға ұшырайды, бұрынғы хоббилерге, оқуға, жұмысқа деген қызығушылығын жоғалтады. Керісінше адамда ұйқысыздық, өз-өзінен дүрбелең туғызу, паранойя, есту галлюцинациясы және делирий, дисфория пайда бола бастайды.

Әдетте «синтетика» тұтынған адамның жанары шарасынан шығып кетеді, көзқарасы да «жабайы» болады. Мас адамның жүрек қағысы жиілеп, жай жүрсе де ентігіп қала береді. Бұлшық еттері қақсап ауырып, тістері ыстық пен суыққа қатты сезімтал болып кетеді. Музыка мен жарыққа сезімталдығы жоғарылап, ұйқысы мен тәбетті бұзылады.

Соңғы уақытта, әсіресе, 16-дан 30 жасқа дейінгілердің арасында синтетикалық есірткі түрлері үлкен сұранысқа ие болып отыр. Синтетикалық есірткіні тұтынушылардың дені – өздерін жалғыз сезінетіндер. Махаббатта жолы болмағандар. Өздерін өте төмен бағалайтын, өмірге құлшынысы жоқ жандардың қатарынан табылатындар. 

Синтетикалық есірткіге тәуелділік алғаш тұтынғаннан-ақ пайда болатынын айтады. Адам ағзасы бұрын-соңды бұндай уды татып көрмеген. Сондықтан да оны шексе де, ексе де, иіскесе де әйтеуір бір жолмен ішке түскен жұлынқұрт уақыт өте ағзаны ірітіп, жеп тауыспай қоймайды. Өлімге тәуелділік пен азаптың пайда болуы осыдан басталады. Ал ең сорақысы – жас ағзаның бір тәуелділіктен кейін одан бас тартуы өте қиын. Сол себепті бұл тажалдың тырнағына ілінген жасты тез арада арашалап алып қалу керек.

Түркістан облыстық Денсаулық сақтау басқармасына қарасты облыстық психикалық денсаулық орталығында нашақорларды емдеу үшін әр пациентпен жеке жұмыс атқарылады. Мекемеде алғашқы стационарлық емінен кейін науқастардың мінез құлқы эмоционалды тұрғыда тұрақсыз болуына байланысты бастапқыда психолог мамаңдарымыз рационалды психотерапия өткізеді. Психотерапевт, психолог мамандар жоғары санатты медициналық көмек көрсетеді. Әр пациентпен жеке жұмыс жасалады.  Сонымен қатар, әлеуметтік жұмыскер де қызмет көрсетеді. Статустарын бағалап, сауалнама жүргізеді. Бізден емделіп шыққан адамдарды жұмысқа орналастыруға да жолдар қарастырылуда. Бұл науқастардың әлеуметтенуіне, қоғамнан өз орнын табуға мүмкіндік береді.

Нашақорлықтан емделушіге дәрігерлер мамандардың көмегінен бөлек, жақындарының қолдауы мен сенімі ауадай қажет. Яғни, осындай жайтты естіген туыстары, қоғам одан теріс айналмай, керісінше, көмек қолын созса, науқастың өз-өзіне деген сенімі пайда болып, дертті жеңіп шығуға жігері пайда болады.

Қабілет АБЕНОВ,

Түркістан облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бас штаттан тыс наркологы

29 қыркүйек – Дүниежүзілік жүрек күні
Отбасының жылулығы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу