Кадиовертер жүрек жұмысын жақсартады
26-01-2024
Туберкулездің қауіптілігі соншалық, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оны АИТВ індетімен қатар қояды. Өлім-жітім көрсеткіші жағынан ол жүрек-қан тамыры аурулары мен қатерлі ісіктен кейін үшінші орында тұр.
Туберкулез иммунитеті әлсіз адамдар үшін қауіпті. Ал, иммунитеттің әлсіреуіне шаршап-шалдығу, дұрыс тамақтанбау, күйзеліс, қорғаныс жүйесі жұмысының бұзылуына әкеп соқтыратын басқа да аурулар себеп. АИТВ індетін жұқтырғандар мен ЖИТС-ке шалдыққандарға төнетін қауіп деңгейі де өте жоғары. Сонымен қатар, туберкулез жұқтыру қаупі жоғары саналатын топқа балалар мен қарттар да жатады. Өйткені, олардың иммундық жүйесі әлсіз.
Елімізде ауруханаға түсетіндердің басым бөлігі ауруын әбден асқындырып алғандар. Олардың үлесі 70 пайызға жуықтайды. Отандастарымыздың көбі дәрігерге ауырып, мазасы кеткеннен кейін ғана қаралады. Сондықтан аурудың алдын алу мәселесіне көбірек ден қойғанымыз жөн. Түптеп келгенде, профилактика әр адамның таным-түсінігіне келіп тірелетін мәселе. Соны өзгерткенде ғана азаматтардың өз денсаулығына деген қарым-қатынасын жақсартуға болады. Ең алдымен, әр адам жыл сайын емханаға барып медициналық зерттеулер жиынтығынан өтіп тұруды әдетке айналдыруы тиіс. Мұның бәрі мемлекет тарапынан кепілдік берілген тегін медициналық көмек пакетіне кіреді. Бұл туберкулездің ғана емес, өзге де дерттердің алдын алуға көмектеседі. Сонымен қатар, бүгінгі таңда кепілдендірілген медициналық көмек пакеті шеңберінде тек мемлекеттік емханаларда ғана емес, жеке меншік клиникаларда да тегін емделуге болады. Тек тіркелген емханаңыздағы дәрігерге уақтылы қаралуға дағдыланыңыз. Мұның бәрін үйден шықпай-ақ онлайн режимінде іске асыруға болады. Ол үшін цифрлы қолтаңба алып, мемлекеттік қызметтер порталының көмегіне жүгіну қажет.
Туберкулез белгілері бірден байқала қоймайды. Әдетте, ол ұзақ уақыт бойы ағзада дамып, көбіне өкпе тіндерін зақымдайды. Оның белгілерінің жүре келе пайда болатыны да сондықтан. Бірақ көп ұзамай тоқтаусыз жөтелу, кейде қан аралас қақырық түсу, кеуде қуысының ауыруы, өз-өзін жайсыз сезіну, салмақ жоғалту, қалшылдау сынды белгілер пайда болады. Ең бастысы – туберкулезді емдеп жазуға және оның алдын алуға болады. Жұқтырған күннің өзінде дер кезінде, дұрыс емделсе пациенттің құлан-таза айығып кетуге мүмкіндігі бар.
Реті келіп тұрғанда айту парыз, Қазақстан бүгінгі таңда ТМД мемлекеттері арасында туберкулез науқастарын емдеу көрсеткіші бойынша ем тиімділігі жоғары ел болып табылады. Ал, Түркістан облысы мен Шымкент қаласының тұрғындарын толық қамтитын Түркістан облыстық фтизиопульмонология орталығы мамандарының араласуымен науқастарды дәрімен емдеудің тиімділігі 85 пайыздан кем болмауы тиіс деп белгілеп берген ДДСҰ стандартынан да жоғары, 89,1 пайыз. Дәріге тұрақты туберкулез ауруларының ем тиімділігі 88,7 пайызды құрайды. Тағы да ДДСҰ стандартына сүйенсек, бұл көрсеткіш 75 пайыздан кем болмауы тиіс.
Туберкулездің алдын алу үшін жаңа туған нәрестелерге перзентхана қабырғасынан шықпай жатып БЦЖ деп аталатын екпе егіледі. Міне, туберкулезге қарсы вакцина осы. БЦЖ құрамында (сиырдың) әлсіреген туберкулез таяқшалары болады. Вакцина құрамындағы бактериялар ағзаға түскеннен кейін көбейіп, органдар мен тіндерге орналасады, сол арқылы иммунитет қалыптасады. Перзентханада егілген БЦЖ вакцинасы адамды ұзақ уақыт бойы құрт ауруынан қорғайды. Бірақ, бала бірінші сыныпқа барғанда вакцина тағы салынады. Мұны қайталап егу деп атайды. Қайта егер алдында туберкулезге қарсы сынама жасалады (Манту сынамасы). Манту – вакцина емес, ол адамның құрт аурын жұқтырған-жұқтырмағанын анықтау тәсілі ғана. Сондықтан одан қорқудың қажеті жоқ. Жалпы, бұл балаларға қолданылатын әдіс. Ал, ересектер жыл сайын кеуде қуысына флюорографиялық скрининг (флюорография) жасап тұруы тиіс. Оған қоса, спортпен шұғылдану, зиянды әдеттерден бас тарту, дұрыс тамақтану сынды факторлардың да ұлт саулығын сақтауда маңызы зор.
Бибігүл ТАЙШИЕВА,
Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас фтизатры