Дәрігердің қатесін қай кезде кешіруге болады?

Oinet.kz 17-07-2018 1099

Соңғы үш жылда Қазақстанда «дәрігердің қателігі» бойынша мыңнан астам қылмыстық іс қозғалған. Аз ба? Денсаулық сақтау министірі неге қателескен дәрігерді кешіруге дайын?

Жуырда «Дәрігердің де қателесуге құқы бар» деген Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың аузынан шыққан бірауыз сөз бұқараға жаға қоймады.

Министрдің айтпағы «онсыз да кадр тапшы кезде болмашы қателігі үшін қылмыстық жазаға тарта беретін болсақ, дәрігер болғысы келетіндер азайып кетеді. Сондықтан, дәрігер тарапынан салдыр-салақтық байқалса ғана жауапқа тартайық. Ал медициналық көмек көрсетіп жатқанда, қателік жасаса, кешірім бергеніміз дұрыс» деген ой еді.

Министрдің сөзінің жаны бар. Алайда шыбын жаныңыз мұрныңыздың ұшына келіп, шырылдап барған кезіңізде шарасыз маман ем-домын дұрыс жасамаса, қайтер едіңіз?

VU7MCLX8.jpg

Заңда «дәрігердің қатесі» түсінігі бұрын болмаған

Денсаулық сақтау министрлігі ұсынысты былай түсіндіреді: «Қазақстан Республикасының нормативті құжаттарында «медициналық қате» мен «жайсыз жайттар» деген түсінік жоқ. Жалпы әлемдік тәжірибеде медицина қызметкерлеріне алдын ала кінә тақпау үшін дәрігерлік қателерді «инцидент» немесе «жағымсыз жайттар» деп атайды», – дейді Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметі.

Ал бізде «кәсіби міндетін дұрыс атқармау» деп айтылады. Бірақ, атауын қалай өзгертіп айтсақ та, мәселе бір. Кәсіби міндетін дұрыс атқармау, қателік емей немене?

Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы (БДСҰ) осындай инциденттерді есептеу жүйесін пайдалануға кеңес береді. Олар осы жүйе негізінде қателерді зерттеп, жою не болдырмау үшін нұсқаулықтар беру науқастардың қауіпсіздігін арттырады деп есептейді. Сонымен қатар, әлемде бірауыздан медициналық мекемелерде «қауіпсіздік мәдениетін» енгізуді қолдап отыр. Ол орын алған инциденттерді жазасынан қорықпай айтып отыруға, саралауға мүмкіндік береді делінген министрліктің жауабында.

Яғни, қателік жіберген дәрігерді жазалағаннан гөрі, жасаған қатесін неғұрлым жан-жақты әрі дер кезінде зерттеген тиімдірек. Келесі жолы бұл қателіктің қайталану мүмкіндігі төмендер еді. Осылайша науқастардың қауіпсіздігі артады.

Бүгінде республика бойынша медициналық көмектің сапасын Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті қадағалайды.

Үш жылда мыңнан астам қылмыстық іс қозғалған

«Дәрігер қателігі» Қылмыстық кодекстің 317-бабымен жазаланады. Ол «Медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы» деп аталады. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметіне сай, осы бап бойынша 2015 жылы – 476, 2016 жылы – 421, 2017 жылы – 176, соңғы үш жылда барлығы 1073 қылмыстық іс қозғалған.

Дәрігердің қатесін дәлелдеу қиын

Заңгер Нұра Өтебаева қай саланың қызметкері болсын, өз міндетін дұрыс орындай алмаса, жауапқа тартылуы керек деп есептейді.

– Бізде адамдардың керісінше медицинадан хабары аз болғандықтан, дер кезінде дәрігердің кінәсін дәлелдей алмай жатады. Сондықтан дәрігердің қателігі үшін жазасын күшейту керек, – дейді Нұра Өтебаева.

Заңгердің айтуынша, дерігердің қателігін дәлелдеу өте қиын. Ол үшін бүкіл берілген анықтама мен медициналық карталарды зерттеу керек. Ал олар болса, медициналық мекемеде сақталады. Бұл – бірінші кедергі.

Сонымен қатар дәрігер лазер не физиотерапия тағайындайтын болса, пациент оның не үшін беріліп жатқанын егжей-тегжей сұрап, біле бермейді. Осындай емдеу шараларының салдарынан онкологиялық ауруларға шалдыққан азаматтар да болған.

Ал оны дәлелдеу үшін, көп зерттеу керек. Неге барды? Кімге барды? Жіберген кім? Лазерден өткенін растайтын дәлел керек. Көп жағдайда дәйек жетіспейді. Бұл – екінші кедергі.

Бұл жерде де біз – тұтынушымыз. Өз құқықтарымызды білуіміз керек. Ем-дом алып жатқанда, барлық түбіртек пен нұсқаулықтардың көшірмесін жасап, мұқият сақтап жүруіміз керек. Уақыт тығыз болса, не оған жағдай болмай жатса қазіргі гаджеттердің мүмкіндігін пайдаланып суретке түсіріп алыңыз. Осындай дәлелдеріңіз болса, сотқа жүгіне аласыз.

Дәрігер Қылмыстық кодекстің кез-келген бабымен жазаланады

Нұра Өтебаеваның айтуынша, адам өміріне нұқсан келтірген дәрігер Қылмыстық кодекстің кез-келген бабымен жазалана алады.

– 317 баптан («Дәрігер қателігі») бөлек, нақты медицина қызметкерлері деп айтылмаса да, «Адам өміріне зиян келтірді» деген кез келген бапты алуға болады. Олар тек қарапайым адамдарға ғана емес, медицина қызметкерлеріне де қатысты, – дейді ол.

Жазаға келетін болсақ, егер денсаулыққа тиген зардабы аса ауыр болмаса, дәрігер қоғамдық жұмысқа тартылады. Белгілі бір мерзімге дейін қызметінен шеттетілуі мүмкін. Айыппұл төлейді. Науқас мүгедек болып қалса, дәрігер үш жылға дейін, ал өлімге соқтырса, 5 жылға дейін сотталуы мүмкін.

Емделушінің күдігі расталмаса...

– Егер емделушінің дәрігерге түсірген шағымы негізсіз болса, дәрігер «Жала жабу» бабы бойынша пациенттің үстінен шағым қалдыра алады, – дейді Нұра Өтебаева.

Айтуынша, Әкімшілік құқық бұзу бойынша «Жала жабу», ҚР Азаматтық кодексі бойынша «Моральдық зиянды өндіруді» баптарын қарастыруына болады.

Қатені жіберетін дәрігер ғана емес...

Біріншіден, тек дәрігерді кінәлау дұрыс емес. Қатені медбике де, фельдшер де жібереді. Сондықтан «медицина саласындағы қателік» деп көтеру керек.

Екіншіден, әрбір мамандықта қате болады, сондықтан жәй ғана қателік үшін жауапқа тартуға болмайды. Ал егер дәрігер стандарт бойынша көмек көрсете алмаса, қолынан келе тұра ем-дом жасамаса, өз міндетіне немқұрайлы қараса жауапқа тартылуы керек.

Мысалы, жол апаты болды деп қарастырып көрейік. Оған кінәлі кім деп ойлайсыз? Мүмкін, жол жаман болған шығар? Жүргізушінің кінәсі болар? Тіпті, көлігі жарамсыз болуы, не бағдаршам істемей қалуы ықтимал ғой.

Қандай да бір өлім-жітім болса, не ауруы асқынса болды, дәрігердің кінәсі деп ысырып тастаймыз. Ал олай болмаса ше? Ауру созылып кеткен болар, не өте сирек кездесетін кесел шығар. Кейде науқастар дәрігерге бармай өздері емделіп, жағдайды ушықтырады.

Медициналық істерді қарайтын арнайы сот керек

– Осының барлығын анықтау керек. Дәрігерлік комиссия ашық түрде тексеруі тиіс. Комиссия құрамына тек теорияны білетін ғана емес, өздері науқастарды емдеген, тәжірибелі дәрігерлер кіруі қажет.

Екіншіден, осындай медициналық істерді қарайтын арнайы сот құру. Сонымен қатар, медицинаның стандартын түсінетін нақты осы сала бойынша білікті заңгерлер дайындауымыз керек.

Және медициналық қате түсінігіне ауқымды анықтама берілгені дұрыс. Әйтпесе қит етсе дәрігерді ғана кінәлап, бәрін шатастырып алдық.

Мысалы, бүгінде кейбір ата-ана балаларына жұқпалы ауруларға қарсы арнайы екпе (вакцина) салдырмайды. Ертең бір жұқпалы дертке шалдықса, кім жауапқа тартылады? Ата-ана ма, дәрігер ме? Жауапкершілік медицина қызметкеріне ғана емес, әр адамның өзіне де жүктелу тиіс, – дейді 10 жылдан бері науқастардың құқықтарын қорғаумен айналысып жүрген «Амансаулық» қоғамдық қорының төрайымы Бақыт Түменова.

Сегіз мыңға жуық түлек дәрігер мамандығын таңдады

Дәрігер мамандығын даярлау – оқыту бойынша ең ұзақ мерзімді болып есептеледі. Студенттер тек бакалавр дәрежесін алу үшін бес жыл оқиды. Бұл тек «Жалпы тəжірибелік дəрігер» атану үшін. Одан кейін бағыт-бағдарын анықтап, тағы екі жыл интернатураны оқиды. Ал салалық маман атану үшін тағы екі-үш жылын сарпуы керек. Жалпы айтар болсақ, он-он бір жыл оқуына тура келеді.

Осылайша өмірінің он жылын оқуға арнап, білікті маман атанғаннан кейін басын қатерге тігіп қызметіне кіріседі.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2017-2018 оқу жылында 7885 түлек дәрігер болуды таңдады. Оның ішінде мемлекеттік грант бойынша – 3749, ақылы негізде 4136 түлек оқуға түскен.

Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, жалпы ҰБТ тапсырған 63,2 мың түлектің 32,5 мыңы мемлекеттік грант иегері атанған болатын. Яғни, былтыр ҰБТ тапсырған түлектердің шамамен 12 пайызы дәрігерлік жолды таңдаған.

Ежелгі Римде құл ретінде дәрігерді ұстау сәнде болған
Вирусты гепатиттен қалай сақтануға болады?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу