Енем маған жиі қол көтеретінді шығарды
08-10-2022
Айналаңа зер салып қарасаң көшеде адамдардың қалай жүретінін байқайсың: біреу иығын салбыратып, енді біреуінің қолы жан-жаққа сермеліп, ана біреуі аяғын сүйретіп, ал бір қыздар сәнбикелер сияқты бөксесін бұғаңдатып дегендей. Әркімнің өзінше ерекше екені белгілі, бірақ сол кісілер өз жүрісін айнадан көріп, жұрттың алдына өздерін қалай ұстайтынын көрсе ғой. Әрине, жүріп-тұрудың стандарт ретінде қолданатын қатаң үлгісі жоқ.
Әркім өзінің ерекшелігін көрсететін жүріске ие, кейде ол сіздің киген киіміңізге де байланысты. Биік өкшелі туфли мен қысқа тар белдемше киген қыз бен аяғына кета киген қыздың жүрісі мүлде бөлек. Адамның жүрісі мүмкіндігінше табиғи болғаны жөн. Көшеде басыңызды жоғары ұстау керек, әрі қолдарыңыздың сермелуі қадамыңыздың ырғағымен үйлесуі керек. Қолыңыз бүкіл денеңіздің бойымен қамшы сияқты салбырап немесе парадтағы марштай белбеуіңіздің тоғасына дейін көтерілмеуі керек.
Денені ұстау
Денені ұстай білу дұрыс жүру сияқты маңызды.
Бүкірейіп, иығы түсіп, басы салбыраған адам қандай қымбат киім киіп алса да мүсәпір адамды елестетеді.
Ал арқасы түзу, иығы тік, басын жоғары ұстаған адам әрдайым өзіне сенімді көрінері сөзсіз.
Денені мінсіз ұстаудың қандай болатынын білесің бе?
Қабырғаға бар да арқаңды оған желкең, жауырының, жамбасың мен өкшең тиетіндей етіп тұр. Денені мінсіз ұстай білу деген осы. Енді қабырғадан кетіп, сол қалпыңда өз бетіңше жүріп көр.
Қиын емес пе?
Денені дұрыс ұстауға үйрену керек. Ал егер ол бұзылса арнайы жаттығулар жасаған дұрыс. Айтпақшы ертеден келе жатқан басыңа кітапты қойып, оны түсіріп алмай жүру – тиімді жаттығулардың бірі. Сонымен қатар денені дұрыс ұстауға үйрету үшін шынтағынан бүгілген қолға арқадан өткен таяқты іліп жүргізген.
Дұрыс отыра білесің бе?
Отыра білу де өнер.
Бұған ертеден –ақ үлкен мән берілген.
Алдымен басыңды сырыққа іліп қойғандай қақайтып немесе оңды-солды бұрғылай берме.
Әрі қарай қолыңды айқастырма, бүйіріңе қыспа, саусағыңмен ойнама, кесені қолыңда бұлғақтатпа, киіміңді немесе шашыңды түзетпе.
Бұдан соң диванға не креслоға отырғанда денеңді тік ұстап, онымен бірігіп кеткендей отыр, шетіне жылжып сырғыма немесе инеде отырғандай безектеме, аяғыңды созып немесе бір-біріне айқастырып отырма.
Қоғамдық ортада аяқ-қолыңды созып отыруға болмайды. Аяғыңды тік қойып немесе сәл ғана қиғаштай ұстасаң жеткілікті.
Үйде өз туыстарыңның ортасында отырудың өзіңе ыңғайлы жағын таңдауыңа болады, бірақ мұнда да әдепті естен шығармау керек. Қазақ қызы аяғын созып, бір-біріне айқастырып немесе ер адамның алдында аяғын көтеріп отырмайды, бұл әдепсіздік болып саналады. Үйде айнаның алдында өзіңнің қалай отыратыныңды бақылап көр.
Ал кресло не диванның жақтауына тек өте жақын достарыңның үйінде ғана отыруға болады.
Дұрыс тұра аласың ба?
Түрегеп тұрып сөйлесу көп адамдар үшін үлкен азап болып саналады. Әсіресе қолында ештеңе болмаса. Қолды қайда жібереміз?
Біреулер бүйірін таянып, енді біреулер қолын айқастырып тұрады. Бірақ бұл күлкілі, әрі жасанды болып көрінеді. Сондықтан тұрып сөйлескенде мүмкіндігінше бүкіреймей тік тұрған жөн, сонымен қатар креслоның, отырғыштың арқалығына қолыңызды қойып тұруға болады.
Бұл ұят болып саналады.
Жұрттың ортасында аузыңды қатты ашып, дауыстап есінеуге болмайды. Егер қатты есінегің келіп бара жатса мұны өзгелерге байқатпай жасағаның дұрыс.
Аузыңды қолыңды жаппай қатты жөтелуге болмайды. Егер жөтел қысып бара жатса, жұрттан теріс айналып, аузыңды қол орамалмен немесе алақаныңмен жауып жөтел.
Қатты сіңбірме. Мұрынды жайлап қол орамалмен сүрткен жөн. Теріс айналу міндетті емес.
Мұрныңды тартқылай беру үлкен әдепсіздік.
Егер сені ықылық мазаласа, аздап су ішу керек.
Қатты түшкіру де әбес. Егер түшкіргің келсе аузыңды қол орамалыңмен жауап түшкір немесе кеңсірігіңді сыртынан жеңіл уқала. Мұның көмектесері сөзсіз.
Қасындағы кісінің түймесін, жеңін немесе киімін қозғай беретін кісі де айналасындағыларға ыңғайсыздық туғызады. Қыздардың сақинасын, алқасын айналдырып отыруы не шашын саусағына орай беруі де сөкеттік саналады.
Қыздар үшін
– әңгімелесіп отырып, иығын қиқаңдату;
– саусағын сыртылдату;
– мұрынның астынан міңгірлеу;
– өзінің әңгімесін қатты күлкімен аяқтау;
– жұрттың көзінше мұрнын шұқу;
– тісін шұқу;
– сөйлесіп отырып қайта-қайта сағатқа қарау;
– бір нәрсені саусағын шошайтып көрсету;
– аузына сағыз салып, жайнаңдап отыру не сөйлеу;
– сөйлесіп отырған кісіге теріс қарау әбестік болып саналады.