Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Мемлекет басшысының тапсырмасымен аудан, қала мен ауылдық округ әкімдерін сайлау үш жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Мұндай сайлау Қарағанды облысының Шет ауданында да бұған дейін бірнеше рет ұйымдастырылып, өткізілген.
Соңғы сайлау 17 қараша күні Шет ауданының Дәрия кенті және Көктіңкөлі ауылдық округтерінде өткізіліп отыр.
- Қазіргі таңда сайлау жүйесі, оның талаптарында өзгерістер бар. Бір жағы учаскелік сайлау құрамы үнемі өзгеріп, жаңарып отырады. Сол үшін де олардың сауаттылығы мен біліктілігін арттырып отыру маңызды. Олардың біліктілігін арттыру үшін түрлі семинарлар мен кездесулер ұйымдастырып тұрады. Онда учаскелік сайлау комиссиясы мүшелеріне көп ақпарат беріледі. Міне, Дәрия кенті және Көктіңкөлі ауылдық округінің учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері үшін де алдын ала ұйымдастырылып өткізілген оқу-семинардың 17 қараша күнгі әкім сайлауында көп септігі тиді. Округ әкімінің сайлауында сайлау учаскесінің мүшелері сайлауға қойылып отырған талаптарды сақтай отырып, оның талапқа сай өтуіне зор үлес қосты, - дейді Шет аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Берікбол Амангельдинов.
Шет ауданының Дәрия кенті мен Көктіңкөлі ауылдық округі әкімдерінің сайлауы қарсаңында қос ауылдық округі әкіміне 8 кандидат ұсынылып, оның 7-і тіркелгенген болатын. Тіркелген үміткерлердің 6-ы ер, 1-і әйел адам. Мамандықтар бойынша 1-еуі қаржыгер, 3-і заңгер, 2-і инженер және басқа сала маманы. Тіркелген кандидаттардың 6-ы мемлекеттік қызметші, 1-і жеке кәсіпкер.
- Шет аудандық сайлау комиссиясы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңның 14-бабының 9-тармақшасына, 44-бабының 2-тармағына, 45-бабына,113-10-бабына сәйкес, әкімдерді сайлау нәтижесі туралы учаскелік сайлау комиссияларының хаттамалары негізінде сайлау қорытындыларын жариялады. Сайлау округтері бойынша сайлаушылар тізіміне енгізілген 770 азаматтың 490-ы, яғни округ тұрғындарының 66,64 пайызы өз таңдауын жасап, дауыс беруге қатысты. Әкім болуға үмітті кандидат саны - 6 адам, оның ішінде Amanat партиясынан 2 кандидат, өзін-өзі ұсыну арқылы 4 кандидат түсті.
Сайлауға кандидаттардың 9 сенімді тұлғасы және Amanat партиясы мен аккредиттелген қоғамдық бірлестіктердің 4 байқаушысы қатысты. Сайлау заң талаптарын сақтай отырып, заңбұзушылықсыз өтті. Прокуратура органдарына шағымдар мен арыздар түскен жоқ, соттарға талап-арыздар енгізілген жоқ. 2 сайлау округінде әкімдер сайланды, - дейді Берікбол Амангельдинов.
Сонымен 17 қараша күні Дәрия кенті бойынша өткен сайлау тартысты өтті. Дәрия кенті сайлау округі бойынша сайлаушылар тізіміне енген 219 азаматтың 156-і, яғни ауыл халқының 71,23 пайызы дауыс берді. сайлау қорытындысында Ардақұлы Қуаныш сайлаушылардың 11, Махметов Темірлан Төкенұлы 14, Мұстафин Сержан Шайхыұлы 122 дауысын жинаған. Сөйтіп Дәрия кентінің әкімі болып 1978 жылы туған, уақытша жұмыссызжүрген, Amanat партиясының ұсынуымен сайлауға түскен Мұстафин Сержан Шайхыұлы сайланды.
- Ал Көктіңкөлі ауылдық округі бойынша сайлаушылар тізіміне енген 551 азаматтың 334-і, яғни округ тұрғындарының 60,6 пайызы дауыс берді. Сайлау қорытындысында Жакенов Абзал Төлеуұлы сайлаушылардың 17, Жумагулова Алия Балтабаевна – 18, ал Қоршабеков Қуаныш Тегісұлы 282 дауысын иеленді. Сонымен Көктіңкөлі ауылдық округінің әкімі болып 1975 жылы туған, округінің әкімі, Amanat партиясының ұсынуымен сайлауға түскен Қоршабеков Қуаныш Тегісұлы сайланып, өз орнын сақтап қалды, - дейді Шет аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Берікбол Амангельдинов.