Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
17 қараша күні Қарағанды облысының Осакаров ауданы Осакаровка кенті және Шідерті ауылдық округтерінде әкім сайлауы өтті. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Айгерім Сүлейменованың айтуынша, мұндағы қос ауылдық округте әкімінің сайлауы тартысты өткен.
Яғни екі округте бір-бір орынға үш кандидаттан таласқа түсті. Барлығы да округ әкімі болуға лайық азаматтар. Білімдері жоғары, мемлекеттік қызметте тиісті еңбек өтілдері бар, жинаған тәжірибелері де мол.
- Жоғарыда айтқанымыздай, Осакаров кенті және Шідерті ауылдық округтері бойынша барлығы 6 кандидат тіркелді. Олардың 4-уі әйел. Екі үміткерді Amanat партиясы ұсынса, төртеуі өзін-өзі ұсынғандар. Партия атынан ұсынылған кандидаттың есімі Акижанов Серик Танжарыкович. 1977 жылы туған ол Осакаров кентінің әкімі. Екінші мүмкіндігін пайдаланып, сайлауға қайта түсіп отыр. Ал осы округ бойынша өзін-өзі ұсынған кандидаттың бірі – аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы, 49 жастағы Дулатов Бауыржан Тиштыбаевич. Екіншісі – аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы, 46 жастағы Омирзакова Шинар Омирзаковна.
Ал Шідерті ауылдық округі бойынша тіркелген кандидаттардың екеуі өзін-өзі ұсынса, бірі саяси партиядан ұсынылған. Өзін-өзі ұсынған кандидаттың бірі – Қаратомар ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы, 39 жастағы Абилова Зарина Бактыбековна. Екіншісі – «Осакаров ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау, ақпараттық қауіпсіздік және технологияларды дамыту бөлімінің басшысы, 41 жастағы Жапарова Анар Кажымуратовна. Amanat партиясы ұсынған кандидат – Шідерті ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Алдаркина Анастасия Александровна.
Барлығы да сайдың тасындай, білімді азаматтар. Осы елдің тумалары. Ауыл халқы өз таңдауын дұрыс жасау үшін сайлау күні таң ертеңнен сайлау учаскесіне тайлы-тұяғы қалмай келіп дауыс берді. Сайлау күні сайлау учаскесінде ешқандай айқай шу, наразылы немесе келіспеушіліктер орын алған жоқ. Сайлау әділ, кандидаттар арасында тартысты өткенінің куәсі болдық, - дейді аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Айгерім Сүлейменова.
Осакаров аудандық сайлау комиссиясы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 14-бабының 9) тармақшасына, 44-бабының 3-тармағына, 45-бабына,113-10-бабына сәйкес Осакаров ауданының кенті және ауылдық округі әкімдерін сайлау нәтижелері туралы учаскелік сайлау комиссияларының хаттамалары негізінде сайлау қорытындыларын жариялады. Осакаровка сайлау округі бойынша сайлаушылар тізімінде енгізілген 6070 азаматтың 4128-і өз таңдауын жасап, дауыс берді. Сайлау қорытындысында Акижанов Серик Танжарыкович сайлаушылардың 3286 дауысын жинаса, Дулатов Бауыржан Тиштыбаевич сайлаушылардың 493, ал Омирзакова Шинар Омирзаковна 329 дауысын иеленді. Сөйтіп, Осакаров кентінің әкімі болып 1977 жылы туған Акиманов Серик Танжарыкович сайланып, өз орнын сақтап қалды.
Ал Шідерті ауылдық округінің әкімін сайлауы да тартысты өтті. Шідерті сайлау округі бойынша сайлаушылар тізіміне енгізілген 94 азаматтың барлығы сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді. Сайлау қорытындысында Абилова Зарина Бактыбековна сайлаушылардың 7, Алдаркина Анастасия Александровна 77, ал Жапарова Анар Кажымуратовна 9 дауысына ие болды. Сөйтіп Шідерті ауылдық округінің әкімі болып Алдаркина Анастасия Александровна сайланды.
- «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының басты ұстанымы – сайлаудың әділ өтуі. Жалпы ауыл әкімдерін сайлау – «Жаңа Қазақстанды» құруға үлкен мүмкіндік деген тоқтамға келуге болады. Дегенмен халық тұрмысын жақсарту үшін қандай да бір өзгеріс қажет болса, сайлаудың әділ өтуі маңызды. Ол халыққа да байланысты. Руласын, туысын тағайындамай, елге шын жаны ашитын азаматты таңдау қажет. Ол үшін сайлауға түсетін кандидатқа туысым, бауырым да қарамау керек. Міне, 17 қараша күні Осакаров ауданы Осакаровка кенті және Шідерті ауылдық округтерінде өткен әкім сайлауы осы үдеден шықты, - дейді аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Айгерім Сүлейменова.