Ақтоғай ауданында үш жаңа округ әкімі сайланды

Oinet.kz 21-11-2024 14

Ауыл әкімін сайлау – ең алдымен оның ел алдындағы жауапкершілігін көтереді, сондай-ақ халықтың билікке сенімін арттырады. Қазіргі таңда Қарағанды облысында аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін сайлауы өтуде. 

Screenshot_17.jpg

Соның бірі – 17 қарашада Ақтоғай ауданының Ақтоғай ауылы, Айыртас және Қусақ ауылдық округтерінде әкім сайлауы талапқа сай, заң аясында ұйымшылдықпен өтті. 

Ақтоғай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Батима Абильдинованың айтуынша, Ақтоғай ауылы, Айыртас және Қусақ ауылдық округтеріндегі әкім сайлауы ұйымшылдықпен өткен. «Сайлау қарсаңында, осы жылдың 22 қазанында Ақтоғай аудандық сайлау комиссиясының отырысы өтті. Онда Ақтоғай ауылы, Айыртас және Қусақ ауылдық округтерінің әкімдеріне кандидаттардың ұсыну қорытындылары туралы айтылды. Бұл ауылдық округтерінің әкімдеріне барлығы 9 кандидат ұсынылды. Оның 3-і саяси партиядан болса, 6 үміткер өзін-өзі ұсынған. Ұсынылған үміткерлердің біреуі әйел. Кандидаттардың орташа жасы – 44 жас, ең жас үміткер 30 жаста, үміткерлер арасында ең үлкені 56 жаста. Мамандықтар бойынша айтса, 4-еуі заңгер, 1-еуі мұғалім, 3-еуі қаржы саласы 1-әлеуметтік сала маманы», дейді комиссия төрағасы.

Ауылдық округ әкімдерін сайлау – жалпы өзін-өзі басқару жүйесінің маңызды бөлігінің бірі. Сондықтан, ауылдық округ әкімін сайлаудың нәтижесі аса маңызды. Мәселен, Ақтоғай ауылы бойынша өткен сайлау округінде сайлаушылар тізіміне енген 2195 азаматтың 1366-ы дауыс берген. Ал сайлауға қатысқан кандидаттардың жалпы саны үшеу, оның ішінде Amanat партиясынан ұсынылған бір, өзін-өзі ұсынған екі кандидат бар. Сайлау қорытындысында Керімбай Е.М. сайлаушылардың 1052 дауысын жинаса, Макаева С.М. сайлаушылардың 137, Смағұлов Н.Н. 147 дауысын иеленді. Сайлау қорытындыларымен Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Ақтоғай ауылының әкімі болып 1994 жылы туған, «Ақтоғай СУ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Керімбай Ерден Мәрленұлы сайланды. 

- Әкім сайлау – қазаққа бейтаныс рәсім емес. Бабаларымыз болыс, би, қазыларды да, ханды да сайлаған. Сол үрдіс бүгінгі күні де жалғасып келеді. Атап айтсақ, Айыртас ауылдық округінде өткен әкім сайлауы да сайлау заңының талаптарына сәйкес өтті. Ондағы сайлау округіндегі сайлаушылар тізіміне енген 85 азаматтың 77-ә өз таңдауын жасап, дауыс берді. сайлауға қатысқан кандидаттардың саны үш адам. Бір үміткер Amanat партиясы тарапынан ұсынылса, 2 кандидат өзін-өзі ұсынған. Дауыс бюллетеньдерін санау барысында Боран А.С сайлаушылардың 54, Игібеков Н.Е – 7, ал Түсіпов Қ.А – 10 дауысы жинағаны белгілі болды. Сөйтіп, сайлау қорытындыларымен Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Айыртас ауылдық округінің әкімі болып 1968 жылы туған, «Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрлігі мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті» РММ-нің бас маманы Боран Ардақ Серікұлы сайланды. Осылайша Айыртас ауылдық округінде тұрғындардың 90 пайызы қатысып, өз таңдауларын жасап, өздері ұнатқан әкімді сайлап алды, - дейді Ақтоғай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Батима Абильдинова.

Ал Қусақ ауылдық округі бойынша өткен әкім сайлауына тоқталсақ. Қусақ сайлау округінде сайлаушылар тізіміне 214 азамат енгізілген. Дауыс беруге – 186 сайлаушы қатысты. Кандидаттар саны мұнда да үшеу. Оның екеуі өзін-өзі ұсынса, бір үміткерді Amanat партиясы ұсынған. Сонымен Ақтоғай ауданы Қусақ ауылдық округі әкімі сайлауында Омарбеков Д.Т сайлаушылардың 17, Рахымжанова Н.Ж – 153, ал Тоқтыбаев А.Ш – 11 дауыс жинаған. Сайлау қорытындысымен Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Қусақ ауылдық округінің әкімі болып  1980 жылы туған, «Қусақ ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің бас маманы Рахимжанова Назгул Жаксылыққызы сайланды. 

Құлаайғыр ауылдық округінің әкімі өз орнын сақтап қалды
Бұқар жырау ауданында Amanat партиясы сенім білдірген азаматтар жеңіске жетті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу