Халық өз таңдауын жасады

Oinet.kz 21-11-2024 14

17 қарашада Алматы облысының бір сайлау округі бойынша Іле ауданындағы Ащыбұлақ пен Байсерке ауылдық округтерінде әкімі сайлауы өтті. Іле аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасы Майгүл Қалдыбаеваның айтуынша, Ащыбұлақ ауылдық округінің әкімін сайлау бойынша мұндағы сайлау округіндегі сайлаушылар тізіміне 31728 азамат енгізілген. Олардың ішінде 11168 адам сайлау учаскесіне келіп, дауыс берген. 

Screenshot_16.jpg

- «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңының 113-5-бабына сәйкес Іле ауданының аумақтық сайлау комиссиясы Ащыбұлақ ауылдық округі әкімі сайлауына 3 кандидатты тіркеген болатын. Оның бірін Amanat партиясы ұсынса, екеуі өзін-өзі ұсынған. Партия ұсынған кандидаттың есімі Қасымбеков Бахтияр Кеңесұлы. 1993 жылы туған ол Ащыбұлақ ауылдық округі әкімінің орынбасары. Өзін-өзі ұсынған кандидаттың бірі – аудан әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің басшысы, 31 жастағы Саттарбай Қуаныш Тапықұлы. Екінші кандидат – аудан әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы, 32 жастағы Сүлейменов Жалғас Мұратұлы. 

Сонымен 17 қарашада Ащыбұлақ сайлау округі бойынша Ащыбұлақ ауылдық округі әкімінің сайлауы өтті. Іле ауданының аумақтық сайлау комиссиясы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 14-бабының 9) тармақшасына, 44-бабының 2-тармағына, 45-бабына,113-10-бабына сәйкес учаскелік сайлау комиссияларының сайлау нәтижелері туралы хаттамаларының негізінде сайлау қорытындыларын жариялады. Ащыбұлақ сайлау округінде сайлаушылар тізіміне енгізілген 31728 азаматтың 11168-і дауыс берді. Дауыс бюллетеньдерін санау барысында 5 бюллетеньнің жарамсыздығы анықталса, «Барлығына қарсы» жолында 670 белгі қалдырған. Дегенмен сайлау қорытындысы бойынша дауыстар үш кандидат арасында төмендегідей бөлінді. Яғни, Қасымбеков Бахтияр Кеңесұлы сайлаушылардың 6892 дауысын жинаса, ал Саттарбай Қуаныш Тапықұлы сайлаушылардың 1923, Сүлейменов Жалғас Мұратұлы 1678 дауысына ие болған. Сөйтіп, Ащыбұлақ ауылдық округінің әкімі болып 1993 жылы туған, Іле ауданы М.Түймебаев ауылының тұрғыны, Ащыбұлақ ауылдық округі әкімінің орынбасары, Amanat партиясымен ұсынылған Бақтияр Кеңесұлы Қасымбеков сайланды.

- Келесі ауылдық округке қарайтын болсақ, кандидат саны 4 үміткерден түзілген. Яғни, ай санап тұрғындар арасында сайлаудың әділ өтетініне деген сенімнің арта түскенін аңғару қиын емес. Сондықтан да ауылдық округ қызыметіне өзін лайық санайтын азаматтардың көбейгені де жақсы. Халықтың нағыз мықтыны таңдауына мүмкіндік туады. Бәсеке бар жерде жұмыс жандана түсетіні белгілі. Әкім орынтағына отырған азаматта өз беделін көтеру үшін жан салып аянбай қызмет етеді деген сенімдемін. Ал 17 қарашада сайлау ұйымдастырылған келесі ауылдық округтің бірі – Байсерке  ауылдық округі. Бұл округ бойынша тіркелген 4 кандидаттың бірі уақытша жұмыссыз болса, өзгесі мемлекеттік қызметкерлер. Олардың барлығы да өзін-өзі ұсынғандар. Атап айтсақ, оның бірі – 1989 жылы туған, «Іле ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің қаржы-шаруашылық және жұмылдыру жұмысы бөлімінің бас маманы, 1989 жылы туған Қадиров Еркебұлан Бидайбекұлы. Екінші үміткер – уақытша жұмыссыз жүрген, 1981 жылы туған Жанадилов Әсет Дүйсенұлы. Үшінші кандидаттың есімі Рақымжан Бақытжан Көкенұлы. 1987 жылы туған ол аудан әкімдігі Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы. Төртінші кандидат – аудан әкімдігі құрылыс бөлімінің бас маманы, 1978 жылы туған Тоғызбаев Мұрат Бақытжанұлы. Сайлау қарсаңында оның бірі өз кандидатурасын сайлау бюллетенінен алдырып, сайлауға қатысудан бас тартты. Сөйтіп сайлау бюллетенінде 3 үміткер қалды. Халық сайлау күні өз таңдауын жасады, - дейді Майгүл Қалдыбаева.

Сонымен Іле ауданының аумақтық сайлау комиссиясы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 14-бабының 9) тармақшасына, 44-бабының 2-тармағына, 45-бабына, 113-10-бабына сәйкес учаскелік сайлау комиссияларының сайлау нәтижелері туралы хаттамаларының негізінде сайлау қорытындыларын жариялады. Атап айтсақ, округтегі сайлаушылар тізіміне енгізілген 19734 азаматтың 2777-сі дауыс берді. Дауыс бюллетеньдерін санау барысында 60 бюллетень жарамсыз деп танылса, «Барлығына қарсы» жолына 45 сайлаушы белгі соққан. Ал дауыс үш кандидат арасында төмендегідей қалыптасты. 

Таратып айтсақ, Жанадилов Әсет Дүйсенұлы сайлаушылардың 632 дауысын жинаса, Қадиров Еркебұлан Бидайбекұлы 168, ал Тоғызбаев Мұрат Бақытжанұлы 1872 дауысқа ие болған. Сөйтіп Байсерке ауылдық округінің әкімі болып 1978 жылы туған, Іле ауданы Байсерке ауылының тұрғыны, Іле ауданының құрылыс бөлімінің бас маманы, өзін-өзі ұсынған Тоғызбаев Мұрат Бахитжанұлы сайланды. 

Қоғалыда жаңа әкім сайланды
Құлаайғыр ауылдық округінің әкімі өз орнын сақтап қалды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу