Қытайға өнімін экспорттайтын зауыт
Үшінші мегаполистегі «Оңтүстік» индустриалды аймағында өндірісі қызған кәсіпорынның бірі, құрылыс саласына қатысты – «Шымкент Темір» ЖШС. Зауыт - болат блюм шығаратын қазақстандық кəсіпорын. Мұнда жартылай дайын өнімдер 40 тонналық индукциялық пештерде, болатты пештен тыс өңдеу құрылғысында жəне үш ағынды үздіксіз құю машиналарында құйылады. Жоба Қазақстан Республикасының 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылған.
Жобаға 5,94 миллиард теңге инвестиция тартылған. Кəсіпорынның жобалық қуаты – жылына 300 мың тонна құйма түріндегі болат блюм шығару.
Кәсіпорынның аумағы 21 гектар. Өндіріс ошағы 2017 жылы 15 ақпанда іске қосылған. Небәрі 5 жыл өтсе де, зауыт алдыңғы қатарлы кәсіпорындардың біріне айналды. Өнімнің сапасы жоғары болғандықтан соңғы уақытта шет мемлекеттерден сұраныс көлемі артқан. Оның ішінде Өзбекстан мен Қытай елі бар. Және Қазақстанның барлық аумағын қамтып отыр.
Мұнда қазірдің өзінде 450 адам жұмыс істейді, өндіріс кеңейген соң жаңа 150 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Айта кетейік, «Shymkent Temir» ЖШС-де қызметкерлердің біліктілігін арттыру мақсатында зауыт басшысы шетелден тəжірибелі мамандарды тұрақты түрде шақырып тұрады. Олардан түрлі дәріс алып, соңғы үлгідегі озық технологиялармен танысуға мүмкіндік алады.
Осылайша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған экономиканы әртараптандыру, өндірілетін тауарлардың түрін көбейтіп, экспорт географиясын кеңейту жөнінде нақты тапсырмалар Шымкентте жүйелі түрде жүзеге асуда. Кәсіпкерлерге және инвесторларға «бір терезе» қағидатымен консультациялар жүргізу, сүйемелдеу, мемлекеттік және өзге де қызметтер көрсету, сонымен қатар, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және инвесторларға қызмет көрсету барысында жолығатын шектеулер мен бөгеттерді жою және сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында «Бизнеске арналған үкімет - Shymkent Invest» фронт-кеңсесі жұмыс атқаруда. Бүгінде қаланың жалпыөңірлік ішкі өнімінің 25 пайызын өнеркәсіп, 20 пайызын сауда және 17 пайызын құрылыс саласы құрайды.