Шымкентте сүт өндірісі дамуда
«Қазақстан-2050» стратегиясында ұлттық экономиканың жетекші күші саналатын кәсіпкерлікті жан-жақты қолдауға баса мән берілді. Бизнестің тынысын тарылтып тұрған әкімшілік кедергілер тағы да азайтылады, кәсіпорындардың өсіп-өркендеуіне жасанды бөгет жасайтын мемлекеттік қызметтерді жазалау механизмі қатаңдатылады. Осындай қамқорлықтың арқасында, шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 2030 жылға қарай, аз дегенде екі есе өсуі тиіс. Тәуелсіздік алған жылдары басталған экономикалық модернизация бүгінде қолтығы сөгілген жабағыдай жұлқынып тұр. Дүркін-дүркін бағдарламалар қабылданды. Қадау-қадау жоспар, жобалар жүзеге асты. Соның нәтижесінде, экономиканың екпіні артты, бойға қуат бітті.
Қазақ халқына жақын кәсіптің бірі ата кәсіп – мал шаруашылығы. Бүгінде Шымкент қаласында кәсіпкерлігін осы салада дамытып отырған бизнес өкілдері жетерлік.
Сүт өнімдерің денсаулыққа пайдасы орасан зор. Табиғи таза өнімді әсіресе балалар көп пайдаланады. Сүт құрамында бала ағзасына қажетті көптеген дәрумендер бар. Бұл баланың өсуіне оң ықпал етеді. Сондықтан да сүт өнімдеріне әрқашан сұраныс азаймайды. Осы орайда Шымкентте сүт өнімдерін өңдейтін фермалар көптеп салынды. Оның біразы қарқын түрде жұмыс істеп тұр. Осындай инвестициялық жобалардың бірі - «Корно-1» сүт өнімдерін өңдейтін фермасы. Аталған ферма өткен жылдың басында отандық сементал яғни асыл тұқымды сүтті-етті бағыттағы 50 бас ірі қара мал сатып алған. Шаруашылықта өндірілген сүт қала аумағындағы қайта өңдеу цехтарына өткізілуде. Шаруашылықта 10-нан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ферманың қорасы 100 басқа арналып салынған. Алдағы уақытта, шаруашылық қуаттылығын кеңейтіп, қосымша қора жай құрылысын жүргізіп, мал басын көбейтуді жоспарлауда. Шаруашылыққа сатып алынған асыл тұқымды ірі қара малдың аналық басына «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау» бағдарламасына сәйкес, 2021 жылдың сәуір айында мемлекет таранынан 9,8 миллион теңге қолдау көрсетілген.