Оқу оқып, кәсіп ашты
Қажетті бизнес-идеяны таңдау, бизнес-жоспар әзірлеу, салықтарды түсіну, сатуды жолға қою – мұның бәрі кәсіпті енді қолға алған кәсіпкерге қиын шаруа. Кәсіпкерлікке баулитын «Бастау Бизнес» жобасы бизнес бастауға көмектеседі. Аталмыш жоба кәсібін бастаушы азаматтар үшін бизнес жоспарын іске асыруына жасалып жатқан үлкен мүмкіндік.
Аталмыш жоба негізінде кәсібін бастағандардың бірі тігін шебері - Шынар Сарыбаева. Шымкенттік кәсіпкер қазақи нақыштағы құрақ көрпе-төсек, бесік жабдықтарын жасаумен айналысады.
- Өзіме ұнайтын іспен айналысып, қазақтың ұмыт болған ою-өрнектерін заманауи үлгідегі бұйымдар мен киімдерде нақыштап безендіруге тырасамын. Ең бастысы жұмысым тапсырыс берушілердің көңілінен шығады – дейді Шынар Пернебекқызы.
Шебер өзінің кәсібін дамыту мақсатында 3 айлық қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курсын оқып, куәлік алды. Кейін қайтарымсыз мемлекеттік грантқа құжат өткізген. Нәтижесінде тігін шебері өзінің бизнес жобасын сәтті қорғап, "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде грантқа қол жеткізді. Бүгінде қала тұрғыны өз тігін шеберханасын ашып, тапсырысқа заманауи үлгіде түрлі ою-өрнектелген қыз жасауларын, көрпе-төсек жабдықтарын және т.б. тұрмысқа қажетті заттарды жасауды қолға алған.
Айта кетейік, «Еңбек» мемлекеттік бағдарласы шеңберінде 2017 жылдан бастап кәсіпкерлік негіздеріне оқыту «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен іске асырылады.
Оқуға кімдер қатыса алады:
-жұмыссыздар;
-еңбекке жарамды мүгедектер;
-жастар, соның ішінде NEET санатындағы қыз-жігіттер;
-аз қамтылған және/немесе көпбалалы отбасылардың мүшелері;
-зейнет жасына жетпеген ауылшаруашылық кооперативтерінің мүшелері, шаруа мен фермерлік қожалықтар, оның ішінде якорлық кооператив мүшелері;
-қоныс аударғандар мен қандастар.
Айта кету керек, мемлекеттік қызметкерлер кәсіпкерлік қызметпен айналыса алмайды, сәйкесінше курсқа қатыспайды. Сонымен қатар бала күтімімен демалыста жүрген аналар мен орта арнайы оқу орындары мен ЖОО студенттері де курсқа қатыса алмайды.