Айына 2 миллион шұлық өндіреді

Oinet.kz 09-10-2022 232

image.png

Үшінші мегаполисте айына 2 миллионға жуық шұлық өндіретін кәсіпорын қарқынды жұмыс істеп тұр. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан аталмыш тоқыма цехында 240 тігін машинасы жұмыс істейді. Онда әр 3 минутта бір шұлық дайын болады. 

Жалпы, шұлық шығару үшін ең басты шикізат – жіп, мақта. Ал нәски тоқуға кететін жіп те, мақта да үшінші мегаполистен іздемей-ақ табылатын шикізат. Жетпей жатса көрші Өзбекстаннан алынады. Түрлі-түсті нәскилердің алдымен жібі боялады. Ал жіптің сапасына қарай дайын шұлықтың бағасы да әртүрлі. Дегенмен, отандық тауар тұтынушылардың қалтасына аса салмақ салмайды дейді мамандар. Шымкенттен шығатын шұлықтың нарықтағы бағасы 80-300 теңге аралығында. 

Қазір Қазақстан нарығында Түрік және Қытайдан келген шұлықтар көп. Ал қазір өзіміздің өңірден де «Made in KZ» деген белгіде шұлықтарды сатылымға шығару оңай болмағанын айтады. Алайда отандық өндірушілер бәсекеге төтеп берді. Аз уақытта компания «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында шұлық импортын алмастыра алатындай жағдайға жетті. Сауда нүктелеріндегі Қытайдың, Түркияның нәскилерінен сапасы жағынан қалыспайтын, кей тұста жоғары тұратын шымкенттік шұлықтар «Қазақстанда жасалған» таңбасымен айшықталған.

Жылына әр адам 24 жұп шұлық ауыстырады екен. Сонда Қазақстандықтардың шұлыққа деген сұранысы 450 миллионнан асып жығылады. 

Айта кетейік, қарапайым заттар деген бұл – күнделікті қолданатын тауарлар мен қызметтер. Олардың қатарында тоқыма өнімдері мен жиһаз, азық-түлік өндірісі және басқа да тауарлар бар. Аталған бағытты дамытудың қажеттігі туралы Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев «Cындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа арнаған Жолдауында атап өткен болатын. Бұл бағдарламаға шағын және орта бизнес субъектілері де, ірі бизнес өкілдері де қатыса алады. «Қарапайым заттар экономикасы» негізінен 2 бағыттан тұрады. Бірінші – кәсіпкерлік субьектілеріне жеңілдетілген несие бөлу, екіншісі – жоғарыда аталған өнеркәсіп салаларын дамыту. 


«Қой баққан озар...»
Шымкент – жеңіл өнеркәсіптің көшбасшысы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу