Дендросаябақ - қаланың өкпесі
Шымкенттегі белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың есімімен аталатын дендросаябақ бүгінде қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға үлес қосып отырған, шаһардың өкпесіне айналған еліміздегі жалғыз дендрологиялық бақ.
Шымкент дендросаябағының тарихы 1979 жылы 24 наурызда Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы А.Асқаров және өзге де басшылардың 4 түп ағаш отырғызуымен басталады. Сол күні қалалық үйінді аумағында Асанбай Асқаровтың төрағалығымен партия-шаруашылық активі өтіп, онда қала тұрғындары мен өнеркәсіп кәсіпорындары жұмысшыларының демалыс аймағын құру туралы шешім қабылданды. Фабрика, зауыттардың басшыларына 40 мың түп ағаш көшеттерін отырғызу тапсырылды.
Дендросаябақ ұзақ жылдар бойы Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының құрамында болды. «Шымкент мемлекеттік дендропарк» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының жарғысында интродукция, ресурстану, табиғатты қорғау және табиғатты пайдалану саласындағы ғылыми-зерттеу қызметімен айналысу құқығы сақталды. «Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны болып ОҚО әкімдігінің 2009 жылы 24 наурыздағы №83 қаулысымен құрылды. 2018 жылы Шымкент қаласының коммуналдық меншігіне өтті. 28.06.2002 жылғы №244 қаулысымен жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесі берілген.
Дендропаркті құру кезінде тұқымдар мен көшеттер бұрынғы Кеңес Одағының әртүрлі аймақтарынан – Мәскеуден, Ленинградтан, Липецктен, Киевтен, Ташкенттен, Бішкектен, Сухумиден, Душанбеден бұта өсімдіктері алынған.
Дендрологиялық саябақ ағаш-бұта өсімдіктерін Оңтүстік Қазақстан өңіріне интродукциялауды жоспарлы түрде жүргізген алғашқы ғылыми мекеме. Қазіргі таңда, дендросаябақ аумағында гендік қорды сақтап қалу және молайту мақсатында 2021-2022 жылдар аралығында дендрологиялық саябақтың «Самал» қақпасы аумағындағы бос жатқан 6 га аумаққа 2000 түп әртүрлі жеміс-жидек және сәндік ағашта, шыршалар, боз арша, ақ тораңғыл, раушангүл, интродуцент ағаш-бұталар көшеттері егіліп, күтіп бапталуда және әртүрлі ағаш-бұталардан қаламшалар дайындалып, оның ішінде 20 000 дана бирючинадан лабиринт, 10 000 дана шынар, терек, вавилондық тал тұқымбаққа егіліп өсірілуде.