Экологиялық таза кептірілген жемістер өндірісі инновациялық жобасы қолға алынады
Жидек шаруашылығы ауыл шаруашылығының маңызды саласы болып саналады. Саланы дамытудағы негізгі мақсат – халықты жоғары сапалы дәрумендік өніммен қамтамасыз ету. Шымкентте жидек дақылдарының егістік көлемі 20 гектардан астам жерді алып жатыр. Қазіргі уақытта жидек дақылдары өндірісінің 70-90 пайызы жеке қосалқы шаруашылықтарда шоғырланған. Алайда, оларда заманауи технологиялар қолданылмауына байланысты халықты жидектермен толық қамтамасыз ете алмай отыр.
Жоғарыда аталған жобаны қолға алған агроөнеркәсіптік кешен субъектісінде тамшылатып суаратын құлпынай плантациясы бар. Сонымен қатар, көшеттерді мұздатқышта сақтауға және жылдың кез келген уақытында ашық және жабық топыраққа отырғызуға болатын технологияларды пайдаланады.
Қалада тағы бір ауыл шаруашылығы бойынша инновациялық жоба іске асырылмақ. Ол экологиялық таза кептірілген жемістер (жүзім, өрік, алма, алмұрт) өндірісі.
–Аталмыш технологияның басты ерекшелігі онда жемістерді кептіру процесінде химиялық консерванттар мен реагенттер пайдаланылмайды. Шымкенттегі ауыл шаруашылығы кооперативтері мен жеке қосалқы шаруашылықтарға жаңа технологияны енгізу мен тарату арқылы кептірілген жемістердің кең ассортиментін өндіруге мүмкіндік туады. Және өзара бәсекелестіктің арқасында нарықта сапалы өнімдер пайда болады. «Made in Kazakhstan» маркасымен бренд өнімдер шығару, оларды экспорттау экономикалық өсімге жол ашады. Солардың ішінде кептірілген жемістердің әлеуметтік-экономикалық маңыздылығын да атап өткен жөн. Сондай-ақ, бұл жобаның халықты қосымша жұмыспен қамтамасыз етуге ықпалы зор, - деді Ә.Жанбатыров.